Понедельник, Июнь 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Смартхоум үлгісіндегі жатақхана ашылды

Смартхоум үлгісіндегі жатақхана ашылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің смартхоум типіндегі заманауи «Жастар үйі» ашылды. Ғимараттың ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова және Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Салтанатты шарада облыс әкімі жиналғандарды құттықтады.

—  Қазіргі күні университет студенттерінің  жатақханамен қамтылуы елу алты пайыз болса, енді сексен пайыз болады. Гришин көшесіндегі жатақхана жөндеуден өтіп жатыр. Ол іске қосылғанда  студенттер толық жатақханамен қамтылады. Бұл — мемлекеттің жастарға жасап жатқан қамқорлығы. Сондықтан сіздер,  студенттер,  уақытты бос өткізбей, тиімді пайдалануларың керек. Ғылымды, жаңа технологияны меңгерулерің керек, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев «Жастар үйіне» жолдама алған, үлгерімі үздік, Атырау облысынан келіп оқып жатқан университеттің «Экология» мамандығының 1-курс магистранты Әйгерім Сембаева мен Қызылорда облысынан келіп «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан физика-математика факультетінің 4-курс студенті Досбол Яхияға кілтті салтанатты түрде табыс етті.

Лента кесу рәсімінен соң қонақтар жаңа ғимаратты аралап, қарады.

Тоғыз қабатты ғимаратта 500 студент тұрады. Жатақхананың іші заманауи талаптарға сай, әр бөлмеде жастардың білім алуы үшін барлық мүмкіндік бар.

Медициналық кабинет жұмыс істейді. Оқу залы, демалыс бөлмелері де жастар үшін қолайлы етіп жасалған. Магистранттар мен шетелден келетін оқытушылар да осы жерде тұрады.

Бұл жатақхананың ерекшелігі — смортхоум үлгісінде жасалуы. Алдағы уақытта барлығы цифрлық жүйе арқылы жұмыс істейтін болады. Мәселен, бұрын студенттер қолдарына кілт ұстап жүрсе, енді арнайы карточка арқылы кіреді. Облыс әкімі бастаған жергілікті билік өкілдері смарт-оқырман кабинетіне кіріп, «Цифрлық технологиялар» орталығының директоры Талғат Жүнісқалиев жасаған презентацияны тыңдады. Презентацияда «Жастар үйінде» жолға қойылған жаңа инновациялық технологиялар мен болашақта жүзеге асырылатын инновациялық жобалар таныстырылды. Жалпы жатақхананың құрылысына бюджеттен тыс 1 миллиард теңге қаражат бөлінген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

источник