Понедельник, Июль 22, 2024
Басты > Жаңалықтар > Болашақ заңгерлердің тәжірибе алаңы: Жұбанов университетінде криминалистикалық полигон ашылды

Болашақ заңгерлердің тәжірибе алаңы: Жұбанов университетінде криминалистикалық полигон ашылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті экономика және құқық факультеті базасында мамандандырылған криминалистикалық полигон ашылды.

Университет ректоры Лаура Қарабасова бұл баламасы жоқ болашақ заңгерлерді даярлайтын батыс өңіріндегі алғашқы орталықтардың бірі екенін атап өтті.

«Студенттеріміздің кәсіби деңгейде білім алуына кезең-кезеңімен жағдай жасап, материалдық-техникалық базамызды күшейтуді жалғастыра береміз. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқу орнының шаруашылық бөлімінің мамандары ауданы 200 шаршы метр аудиторияға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл орталық оқу орнымыз даярлайтын болашақ заңгерлердің жоғары деңгейдегі маман болуына үлкен септігін тигізетіне сенімім мол», — деді оқу орнының басшысы.

Криминалистикалық полигонда студенттер шындыққа жақын жағдайларда криминалистика дағдыларын, оқиға орын алған кездегі мінез-құлық ережелерін, қылмыстардың жекелеген түрлерін тергеу тактикасы мен әдістемесін және нақты өмірлік жағдайларды неғұрлым егжей-тегжейлі модельдеуді тәжірибе жүзінде қолдана алады.

Онда «Құқықтану», «Құқық және құқық қорғау қызметі», «Құқық және бизнес» білім беру бағдарламалары студенттерінің теориялық білімдерін жетілдіру, біліктілігі мен дағдыларын қалыптастыру мақсатында оқу-имитациялық модельдер жасақталған. Атап айтсақ, түрлі қылмыстық оқиғаларға қатысты, кісі өлтіру, суицид, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы, сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар және «Фоторобот», «Оқиға орнын тексеру» криминалистикалық бағдарламаларымен жабдықталған.