Четверг, Июнь 13, 2024
Басты > Жастар саясаты > Алдағы мақсатым — алтын жүлде

Алдағы мақсатым — алтын жүлде

ММА жауынгерлік жекпе-жектен Қазақстанның үш дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Динара Аяпова Zhubanov University «Спорт және дене шынықтыру» мамандығының 4 курс студенті. Динара үшін студенттік шақтың соңғы оқу жылы аяқталып қалды. Жұлдыз студенттің алдағы жоспарын білмекке жолығып, сұқбаттасқан болатынбыз.

-Динара, МММ жақсы спорт қой негізі, тәртіпке, жігерлі болуға тәрбиелейтін, физикалық жағынан күш беретін. Дегенмен, ережесіз жекпе-жек, қорқыныш болады ма?

-Қорқыныш дейсіз бе. Негізі жарысқа шыққанда әрбір спортшыда өзіндік мандраж болады деп ойлаймын. Өз басым мандраж ұстамауға тырысамын. Өйткені маған сенім артып отырған қаншама адамдар барын ойлаймын. Бапкерімнің маған жұмсаған уақытын , үмітін ақтауға деген жауапкершілік маған өзімді игеріп, қалыпты ұстауға күш береді.

-Бұл спорт түрінен қазақстандық қыздар құрамасының техникасы мықты дегенді естіп едім. Солай ма? Қай спортшы үлгі?

— Қазақ қыздарының бәрі өз салмағында мықты. Бәрі үлгі.
ММА –  әлем бойынша жоғары сұранысқа ие спорт түрі ғой. Сондықтан ережесіз жекпе-жек  ересектермен қатар жасөспірімдер арасында да танымал. Бұл спортпен кәсіби түрде айналысатын қыздардың қатары да көп.

-Әлем чемпионатында испан спортшысын 19 секундта нокаутқа түсірдіңіз, тамаша өнер көрсету, соған қарағанда техникадан шебер болып тұрсыз ғой.

-Ия, өткен жылы Белград қаласында аралас жекпе-жектен өткен әлем чемпионатында 56,7 келі салмақ дәрежесінде испаниялық София Альварес Вакасты қылғындыру әдісі арқылы 19 секундта жеңдім. Сосын финалдық айқаста өзіміздің оралдық Карина Сисеновамен белдесіп, қола жүлдегер атандым. Менің жеңістерімде Айбек Шоқпытов, Азамат Мархабаев секілді жаттықтырушыларымыздың еңбегі зор, алғыс айтамын. Олар мені әрдайым қолдайды, жеңіске құлшындырады.
Бұл менің ММА бойынша жастар арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысуым еді.
Сербия астанасында болған аралас жекпе-жектен (ММА) бұл әлем чемпионаты 18-20 жас аралығындағы жастар мен 21 жастан асқан ересектер арасында өтті. Жүлделі орындар үшін 66 елден 628 спортшы бақтарын сынады.
Жастар арасындағы әлем чемпионатында біздің қазақстандық спортшылар 3 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Турнир нәтижесінде Қазақстан жастар арасындағы әлем чемпионатында алғаш рет командалық есепте бірінші орынды иеленді.
Осы сәуір айында келесі жеңіске қол жеткіздім. Панкратионнан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионы атандым, жүлделі 1-орынға ие болдым.

— Бәрекелді, құтты болсын! Дегенмен дәл осы спорт түрін таңдауыңызға жақындарыңыз қалай қарады? Қалай рұқсат берді? Ауыр спорт қой.

-Бұл спорт түріне мен 2018 жылы келдім. Ол кезде жасым 15-те, мектеп оқушысы едім. Басында анам қарсы болған. Кейін жетістіктерімді көріп, сенім артып, рұқсатын берді. Ал әкем мені әр кезде қолдап отырады. Қазіргі таңда әр түрлі жарақаттар алған кезде, әйтсе де анам қатты уайымдап, осы спортыңды қой деп айтады.
Мен соңғы үш жылда «Еркін күш» кәсіби жауынгерлік клубында жаттығамын. Спортта табандылық қажет. Алдағы мақсатым — осы жылы өтетін Азия және Әлем чемпионаттарында алтын жүлде алу. ММА-ның Отаны — Америка.
Пайда болғанына 60 жылға жуықтады.

  -Биыл студенттік кезеңнің соңғы жылы. Диплом алғаннан кейін жоспарлар қандай? Білім алуды әрі қарай жалғастырасыз ба, әлде басқа мақсат бар ма?

-Дипломымды алғасын әрі қарай білім алуымды жалғастырып,  мамандығым бойынша магистратураға түскім келеді. Бұл жоспарым жүзеге аспаса спорт саласында еңбек жолымды бастаймын.

Гүлнара Дауылбайқызы

Zhubanov University газеті, № 4(496), 2024 ж.