Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Облыстық «Aqto’be» телеарнасында Медиа-музей ашылды

Облыстық «Aqto’be» телеарнасында Медиа-музей ашылды

Бүгін Жұбанов университетінің серіктесі «Aqto’be» телеарнасында Медиа-музей ашылды. 60-шы жылдардан тарихы бастау алатын телеарнаның жұмысынан, тыныс-тіршілігінен сыр шертетін музейде көне жәдігерлер: бейнекамералар, дыбыс жазу құралдары, кино ленталар, машинкалар, тарихи суреттер қойылған. Сондай-ақ, Ақтөбе облысындағы бұқаралық ақпарат құралдары, газеттер, радио, телеарналардың естеліктері бар. Бұдан бөлек музейде кітапхана жасақталған. Онда журналистика тарихы, техникасы мен әдістері жайында жазылған кітаптарды кездестіруге болады.

Медиа-музейдің ашылуында телеарна директоры Ернұр Бурахан сөз сөйлеп ашып, жиналған журналист-ардагерлердің тарихты қалыптастырудағы еңбектерінің маңызды екендігіне, олар салған сара жол әркез кейінгі жас мамандарға үлгі-өнеге болатындығына тоқталып өтті. Музей лентасы салтанатты рәсіммен кесілгеннен соң жиналғандар музейді аралап қарады. Олар өздерінің толқыныстарын, қолтаңбалары қалған заттардың көздеріне ыстық көрінетіндігін айтып жатты.

Медиа-музей жәдігерлерін жинақтау «Aqto’be» телеарнасының бас редакторы Әлия Таласованың айтуынша оңайға соқпапты. «Бұл ерекше музейге «Тандем» радиосы тыңдармандарына хабар тарата бастаған бірінші радио басқару пультін, «Эврика» апталық басылымы 1994 жылдың 20 мамырында шыққан тұңғыш нөмірін, «Керек Info» мен «Актобе Таймс» басылымдары ғарыш кемесінде болған газеттерінің бір данасын, «Диапазон» естелік кітабын, фотоаппараттарын, «Рика» телеарнасының лейбл, мерейтойлық белгілері қойылды. Ленинградтық техниктердің қолынан шыққан «Кинор» камерасы музейдің ерекше экспонаты. Оны облыстық телеарна өткен ғасырдың 60-шы жылдары сатып алған. 30 жылда «Кинор» камерасымен 25 мыңға жуық сюжет түсірілген», — деп ол қызықты ақпарат беріп өтті.

Ардагер-журналистерді сөзге тартып, олардан музей жайындағы ой-пікірлерін білдік.

Телеарнада 1970 жылдардан бастап 20 жылдай қызмет атқарған ардагер-журналист Қаршыға Айтқұлов: — Жалпы мемлекеттік мекемелердің өз тарихы болуы керек. Адам баласының есінде қалатыны ол — мұражай. Мен 1970 жылы оқуымды бітіріп, арнайы жолдамамен осы Батыс Қазақстандағы ең ірі мекеме саналған телеарнаға жұмысқа келдім. Режиссер, кейін бас режиссер болып қызмет жасадым. Мен жұмысқа келгенде телеарнаға небәрі 10 жыл болған. Бұл шынымен де үлкен тарих, зор тәрбие деп есептеймін. Ештеңе де бір қалыпта тұрмайды. Мұражай деген мәңгілік қалатын мұра. «Мәңгілік елге» толық аяқ басып, кешегіміз мен бүгініміз жанданып, ертеңіміз өркендей түссін!-деген ізгі тілегін жеткізді.

— Бұл шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына тұспа-тұс келіп отыр. Өткенді білмей, болашақ болмайды. Сондықтан қай саланың болмасын тарихы сақталғаны керемет. Мен Ақтөбе телеарнасында 1972 жылдан бастап диктор болып жұмыс жасадым. Телеарна жұмысы қайнаған қызу жұмыс болатын. Арасында режиссер де, редактор да, оператор да өзіңіз болатын кездер кездесетін. Менің жұмыс жасаған кезімдегі техникамен қазіргі құрал-жабдықтардың арасы жер мен көктей. Дегенмен, сол кездегі техникалар өзімізге заманауи техникалар болған еді. Әр жаңалыққа қуанатын едік, — деп есіне алды ардагер-режиссер Бақыт Ешбаева жұмыс жасаған кездерін.

Айта кету керек, ел өңірлеріндегі аймақтық арналарда өз тарихын танытатын мұражайлар болғанымен, бір облыстың бұқаралық ақпарат құралдарына ортақ Медиа-музей тұңғыш рет ашылып отыр.

Жадыра АРЕН