Суббота, Июль 13, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Құдайберген Жұбановтың көп қыры

Құдайберген Жұбановтың көп қыры

Қазақ тілі ғылымының негізін салушы Құдайберген Жұбановтың жарқын есімі 1937 жылдың күзінен 1957 жылдың күзіне дейін, яғни жиырма жыл бойы нақақтан қаралану құрсауынан шыға алмады. Бірақ алтын кездіктің қын түбінде жатпайтыны секілді, әбден зарықтырып барып оның да жарыққа шығар күні туды. 

Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов пен тілші-ғалым Ісмет Кеңесбаевтың «Қазақ лингвистикасының негізін салушы» атты мақаласы ұлы тұлғаны елінің құшағына қайта оралтудың алғашқы қарылғашы іспетті болды.

Осыдан кейін ғұлама ғалымды қайта тану ісі кеңінен жалғаса түсті. Академик Мұхаметжан Қаратаев бастап, белгілі ғалымдар Ахмеди Ысқақов, Ғайнетдин Мұсабаев, Мәулен Балақаев, Рабиға Сыздық, Әбдуәли Қайдар және басқалары ұлы ұстаз еңбегін жан-жақты көрсетуге күш салды.

Бастапқыда Құдайберген Жұбановтың қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі екендігі алға тартылды. Одан кейін сол ғылымның теориялық негізін салған бірегей оқымысты екені нақтыланды. Бірте-бірте зерттеу аясы кеңейіп, оның ана тіліміздің тарихын тереңдету арқылы түркология әлеміне жол салғаны, онымен де тоқтап қалмай, әлемдік тіл біліміне құлаш ұрғаны зерделенді.

Біз бүгінгі мақаламызда көрнекті ғалымның бойына біткен сан қырлы таланты, ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекешеліктері туралы сөз қозғамақпыз. Оның ішінде биыл 100 жылдығы аталып отырған облыстық «Ақтөбе» газетінің алғашқы бастауы болған «Кедей» басылымындағы мақалалары туралы айтпақшымыз.    

Жазушы Ғалым Ахмедовтің жазбаларынан 

Белгілі әдебиетші, аудармашы, өткеніміздің шежіресінің білгірі Ғалым Ахмедовтің 1986 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Ескі достар» атты жинағында «Арманын орындаған адам» деген әдемі бір естелігі бар. Осы еңбектің негізгі кейіпкері Ахмет Жұбанов болғанымен, оның ағасы Құдайберген туралы да аз айтылмайды. Біз де сол үзік-үзік деректерге көз жүгірте отырып, кейбір жайларды бүгінгі оқырман қауым назарына ұсынғанды жөн көрдік.

«…Темір елінің балалары көбінесе Ақтөбе, Орынбор гимназиясында немесе басқа оқу орындарында оқитын. Мысалы, Ахметтің ағасы, белгілі қазақ лингвисі, профессор Құдайберген Жұбанов Орынбордағы «Хұсайния» медресесінде оқыған.

Ол жылдары Құдайберген Ақтөбе губерниялық оқу бөлімінде инспектор болып істейді. Мен уездік оқу бөлімінде инспектор едім» деп бастайды ол әңгіме желісін.

Одан әрі Құдайбергеннің өздерінен алты-жеті жас үлкендігін, қатарлары аға тұтып, сыйлайтындығын алға тартады. «Өзі де сыйлауға тұратын, келісті, келбетті, білімді, жайдары мінезді адам» деп және бір сипаттайды.

Осы мақалада Құдайберген Жұбановтың көпшілік біле бермейтін жаңа қырлары ашыла түседі. Мәселен, «Бұрынғы «Триумф» кинотеатрының үйінде жетім балалардың пайдасына қазақша ойын-сауық өткізіп, пьесалар қоямыз. Ол ойындардың басқарушысы әрі режиссері Құдайберген және басты рөлдердің бәрін әрқашан өзі ойнайды, концерт бөлімінде дикломация айтады» дейді автор.

Бір күні фисгармония деген музыкалық аспап сатып әкеледі де, оны өнерге бейім болып жүрген Ахмет інісіне алғанын айтады. Кейін бауырының музыкалық кәсіби білім алуы үшін Ленинградқа жіберген де Құдайберген ағасы екен.

Енді жазушы жазбасындағы мына бір деректі де келтіре кетелік:

«Құдайберген ағай да, Ахмет те сөзге шешен, айтайын деген ойларын өткір жеткізе айтушы еді. Білетіндер екеуін де нағашыларына тартқан десетін. Нағашы аталары Шалқар уезі жағындағы Жанғылыш деген рудан шыққан Тағыберген заманында белгілі би болыпты. Ол адамгершілігімен, шешендігімен аты шыққан, елге сыйлы би болса керек…».

…Сөз соңында Ғалым Ахмедов туралы аздап түсінік бергеніміз жөн болар.

Ол 1906 жылы Алға ауданының 1-мамыр ауылында дүниеге келген.

1925 жылы Орынбордағы Халық ағарту институтын бітірген. 1926-1932 жылы Ақтөбе, Жамбыл облыстарында кәсіподақ, шаруашылық қызметтерінде болады. Қазақстан Комунистік партиясы Округтік кеңесінің нұсқаушысы, Жамбыл қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарады. 1944 жылы Қазақ мемлекеттік біріккен баспасының Бас редакторы, 1950 жылы көркем әдебиет (кейін «Жазушы») баспасының директоры болып тағайындалып, әдебиетімізді өркендетуге белсене атсалысады.

Ел өміріне, ұлт тарихына байланысты зерделі еңбектер жазды. Тарихи тақырыпқа арналған «Жорық жылдары», «Жем бойында» романдарының, бірқатар публицистикалық еңбектердің авторы. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 2002 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті.

«Кедей» газеті және Құдайберген

Құдайберген Жұбановтың бір қыры — журналистикамен байланысты.

Бұған оның жас кезінен белгілі қалам иесі Жиенғали Тілепбергеновпен достығы да біршама әсер еткен сыңайлы. Жиенғали өзінен жасы кіші Құдайбергенді бір жағы інісіндей көріп, жанына жақын тартады. Ол өзінің «Таңбалылар» повесінен кейінгі сүйекті туындысы — «Сүйіскендер» пьесасының бас кейіпкерінің прототипі етіп Құдайберген Жұбановты алады.

Жас Құдайбергеннің қаламының қуаты Қазан төңкерісінен бұрын-ақ байқалады. Сол кездің өзінде оның мақалалары «Шекті», «Қараша бала» лақап аттарымен жарияланып тұрады.

Әуелі Күйікқалада «Тез», одан кейін Темірде «Ай» атты қолжазба журнал ұйымдастырып, сол кезеңде М.Горькийдің «Сұңқар туралы жыр», «Дауылпаз туралы жыр», «Хан мен ұлы» сияқты туындыларын қазақ тіліне аударуы, одан кейін «Мақпал-Сегіз» дастанын негізге ала отырып, Жиенғали ағасымен бірігіп пьеса жазуы, арасында өлең жазуға да бой ұруы жас талаптың жарқын қырларын аша түседі. «Ай» деген өлеңі арқылы халықтың көзін ашып, көңілін ояту сияқты адал ниетін байқатады.

Осындай ізденіс-талаптарымен көзге түсіп, айнала жұртшылыққа таныла бастаған кезінде ол 1924 жылы жарыққа шыққан «Кедей» газетін қуана қарсы алады және оның жұмысына белсене қатысады.

«Кедей» газетінің 1927 жылғы 7 қарашадағы №45 санына қосымша шыққан тұңғыш кітапшада «Таңжарықтың қуанышы» атты туындысының жарық көруі оның әдебиеттегі айқын үнін білдіруі іспетті болды.

Одан кейін «Кедейдің» 1928 жылғы 4 қазандағы №31 санында «Төрт қызық, мың бейнет, жарық өмір» атты памфлет жанрындағы мақаласы жарияланады.

Құдайберген Жұбанов Ақтөбе губерниялық оқу бөлімінде қызмет істей жүріп, білім беру, ағартушылық ауқымындағы мақалаларын жергілікті баспасөзде жиі жариялап тұрады. Ол «Сауатсыздықты жоятын нұсқаушы мектеп», «Халық ағарту ағысындағы төңкеріс толқыны», «Мұғалімдер, зер сал. Губатком, жәрдем ет!», «Коммуна мектебі 7 жылдық болсын!», «Оқу жайындағы мұңды осы бастан айту керек», «Жаңа әліппе сабақтары», «Аулақтан оқыту», «Еңбек мектебінің онжылдығы» деп аталатын мақалаларында ауылдардағы мектептердің жағдайы, мұғалімдерге ғылыми-әдістемелік көмек, оқулықтар мен көрнекі құралдардың тапшылығы туралы мәселелер көтереді.

Сол қатарда губерниялық «Кедей» газетінің 1925 жылғы №62 санында жарияланған «Ойыл коммуне мектебі кімге тиіс?» атты мақаласында уақыт талабына сай проблемалық жайды қозғайды.

Құдайберген Жұбановтың «Кедей» басылымындағы жарияланымдары туралы белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты Әмір Оралбай кезінде өзінің зерттеу мақаласын жазды.

Есет ағаның елге оралуы

Өмірде бір үйлесімді сәйкестіктер болып тұрады.

1990 жылы Ақтөбе педагогикалық институтына Құдайберген Жұбановтың есімі берілді. Сол кездегі ректор, профессор Мұхтар Арыновтың бастамасымен көрнекті ғалымның ғылыми мұраларын кеңінен зерттеу және зерделеу мақсаты алға қойылды. Оны жүзеге асыру үшін түрколог-ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Тіл білімі институтында аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарып жүрген Есет Құдайбергенұлы Жұбанов Ақтөбеге қызметке шақырылды.

Есет аға бастапқыда жаңадан құрылған қазақ тіл білімі кафедрасына жетекшілік етті. Одан кейін 1992 жылы «Жұбановтану» зертханасы ашылып, өмірінің ендігі қалған бөлігін әке аманатын орындауға арнады.

Есет Жұбановтың елге оралуымен жоғары оқу орнында жаңаша ғылыми орта қалыптасты, филология факультетінде болашақ мамандарға білім берудің заманауи сипаты өрнек құрды.

Ең бастысы, Жұбановтану тақырыбы өзекті мәселеге айналды. Факультет ғалымдары, студенттер Құдайберген Жұбановтың лингвистикалық, мәдениеттанымдық, әдебиеттанушылық, қоғамдық-тарихи ғылыми мұраларын қарастыруға зор ынтамен кірісті. Осы қатарда Жанна Тектіғұл «Құдайберген Жұбанов және қазақ тілі тарихи грамматикасының проблемалары», Мұхтар Миров «Профессор Құдайберген Жұбановтың ұлттық ғылым тілін жасаудағы рөлі», Нұрбол Сәдуақас «Профессор Құдайберген Жұбанов және қазақ тілінің фонетикасы», Әмір Оралбай «Құдайберген Жұбановтың публицистикасы» тақырыптарында кандидаттық диссертацияларын қорғады.

Құдайберген Жұбанов облыстық басылымның алғашқы аталуы — «Кедей» газетінің жұмысына белсене қатысса, оның баласы Есет Жұбанов «Ақтөбенің» белсенді авторларының біріне айналды.

«… жарқын құбылыс!» деп бағаланған…

Ұлы ғалым Құдайберген Жұбанов туралы қаншама бағалы пікірлер айтылды, соның бәрі оның баласы Есет аға үшін жүрекке ыстық тиетін, көңілін жылытатын. Солардың кейбіреуін бүгінгі күні келтіре кетсек, артықтығы болмас.

Жазушы Мұхтар Әуезов: «Құдайберген стилі жатық, тілі орамды, мейлінше шебер жазатын адам еді», — деп айтқан екен кезінде.

Көрнекті ғалым Мәулен Балақаев: «Құдайберген Жұбанов еңбектері арқылы қазіргі қазақ тіл білімінің іргетасы қалана бастады. Сондықтан оны біз қазақ тілін ғылыми жолмен зерттеу жұмысының негізін қалаушы деп танимыз», — деп өз тұжырымын жасады.

Құдайберген Жұбановтың қазақ ғылымы мен мәдениеті тарихындағы орны туралы белгілі ғалым Әнуар Дербісалин былай дейді: «…Құдайберген Қуанұлы Жұбанов — халқымыздың мәдениет,  ғылым, өнер тарихындағы аса бір жарқын құбылыс».

Профессор Әбдуали Қайдар: «Қазақ жерінің перзенті, тамаша лингвист-ғалым, профессор Құдайберген Жұбанов — біздің мақтанышымыз. Өйткені ол — Қазақстан лингвистикасының аспанынан нұрын шашқан шұғылалы шоғырдың ішіндегі жарық жұлдыздарының бірі» деп жазғаны бар.

Белгілі ғалым Төлеутай Ақшолақов «Ірі педагог, методист ғалым» деген мақаласында былай депті: «…бес аспап дарын иелерінің бірі — профессор Құдайберген Жұбанов. Тіл ғылымының білімдары, түркі төркіндес халықтардың ғана емес, Еуропа мен Азияның басқа халықтарының тілдерін бойына дарытқан полиглот болумен

қатар, ол музыка зерттеушісі де, психолог та, педагог та, социолог та, халық

ағарту ісінің ұйымдастырушысы да».

Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдары Құдайберген Жұбанов қазақ әліпбиін латынға көшіру ісіне белсене қатысады. Қазақ әліпбиінің болашағы латын тілінде деп түсінген ол бұл істің жедел жүзеге асқанын қалайды.

Қызғалдақ Есетқызы кейінгі бір естелігінде: «Әзірбайжанда бүкіл түркі тілдес халықтардың жиыны болған. Ондағы мамандар әкеміздің жазған әліпбиін өте қолдапты. Кейіннен мәскеулік ғалымдар «Репрессияланған түркітану» атты кітап жазды. Онда Байтұрсынов, Бөкейханов, Шонанов, біздің де әкеміздің аты аталады», — дейді.

Құдайберген Жұбановтың көп тіл білетіндігі туралы әдетте көп айтылады. Ол балаң кезінде Оспан ишанның мешітінен дәріс алып, араб тілін үйреніп шығады. 1918 жылы Електегі екі кластық орыс-қазақ училищесін бітіріп, орысшасын түзей түседі.

1920 жылы Орынбор қаласындағы Құсаиния медресесін бітіреді. Осы тұста араб, парсы, орыс, латын, түрік, жапон, француз, ағылшын, неміс тілдерін меңгереді.

Оның ерекше публицистік таланты туралы да талай жерде айтылып жүр. Мәселен, «Күй» деген еңбегі алған тақырыбын игеру, нақтылы деректерінің молдығы, көркемдік сипаты, баяндалуы тұрғысынан озық дүние ретінде бағаланады.

Құдайберген Жұбановтың көп қыры дегенде, оның қазақтың ағартушысы

Шоқан Уәлиханов үлгісімен сурет өнеріне құштарлығын да айтпай кетуге болмайды. Ол қарындашпен де, майлы бояумен де суреттер салумен әуестенген. Орынборда, Күйікқалада, Ақтөбеде жүргенде кәсіби суретшілердің кеңесіне құлақ түріп, ою жұмыстарына да көңіл қойған. Темір, Жұрын аудандарында оның қолынан шыққан құлпытастар көп кездесетіндігі туралы деректер бар.

«Құдайберген сурет өнеріне өте шебер болды. Ол майлы бояумен, қарындашпен, тіпті көмірмен де әдемі суреттер сала беретін. Суретпен қатар, ою өнерімен де айналысатын. Ағашқа, тасқа небір тамаша оюлар салатын», — деп байырғы ұстаз Абдолла Беркінов еске алыпты естеліктерінің бірінде.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

//aqtobegazeti.kz/