Суббота, Июль 13, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Саммит өзара түсіністікке жол ашады

Саммит өзара түсіністікке жол ашады

Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,

тарих ғылымының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетініңпрофессоры

Адамзат тарихында, соның ішінде құрылғанына көп бола қоймаған жас мемлекеттер үшін өзара түсіністіктің, өзара ықпалдастықтың, халықаралық қатынастардағы өзекті мәселелердің шешімін уақтылы табудың маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде, Астанада өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне біз зор маңыз бере қараймыз. Өйткені қазіргі күні әлем, бір жағынан, көпполярлы, көп қырлы болса, екінші жағынан, бұл екі фактор халықаралық қарым-қатынас үшін әрдайым қолайлы бола бермейді.

Мұндай жағдайда түрлі мемлекеттердің басқарушы органдарының өзара түсіністігі, халықтар арасындағы достық пен бейбітшілікті сақтауға деген ұмтылысы бірінші орынға шығады. Қазақстан өзінің жаңа, яғни қазіргі кезеңдегі тарихында әрдайым ізгі бастамалардың қозғаушы күші болып келе жатыр. Мысалы, Астанада Сирия мәселесіне арналған келіссөздер өткізілді, мұның өзі қатысушы жақтардың оны бейтарап және қауіпсіз аймақ ретінде сеніп, қабылдағанын көрсетеді.

Біздің мемлекеттің географиялық орны да қолайлы. Ол Еуразияның орталығында орналасқан, сонымен қатар көптеген елдермен шектеседі, бізге көрші елдердің арасында Ресей мен Қытай да бар. Бұл Қазақстанды диалогтар мен өзара қарым-қатынастар үшін стратегиялық маңызды алаңға айналдырып отыр.

Біздің елімізде түрлі мәдениеттер мен діндер арасындағы сыйластықтың бар екені барша әлемға аян. Бұл көптеген халықтармен, елдермен әріптестік қатынасқа, тіл табысуға жол ашады.

Қазір бұрынғы посткеңестік кеңістікте өте көкейтесті мәселелер бар, ал олардың оң шешім табуы қазақстандықтар үшін маңызды. Бұл — экологиялық, әскери-саяси, көлік инфрақұрылымы, т.б. салалардағы проблемалар. Біздің ел аумағында өтіп жатқан ШЫҰ саммитінің құндылығын осы мәселелердің шешімін табу тұрғысынан бағалау керек.

Бейбітшілік пен өзара тату көршілік бастамаларын біреулер қолдайды, ал екіншілер оны қабылдай алмайды. Алайда Құранда, Інжілде, басқа халықтардың қасиетті кітаптарында да: «Адамдар бірін-бірі түсініп, қандай қиын мәселе болса да, оның шешімін табуы керек» деген өсиет барын ұмытпау керек.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларының кеңесі әлем халықтары мен мемлекеттердің, олардың басшыларының өзара түсіністігіне жол ашады деп үміттенемін.

//aqtobegazeti.kz/