Суббота, Июль 13, 2024
Басты > Білім > Мұқағали Қаламбай: Қазақстандық студенттерге тәнтімін

Мұқағали Қаламбай: Қазақстандық студенттерге тәнтімін

Белсенді галактикалық ядролар мен жұлдыз шоғырларымен байланысты үлкен деректерді талдау және модельдеуге маманданған астрофизик. Физика және астрономия саласындағы тәжірибелі зерттеуші, PhD доктор, Heriot-Watt университетінің халықаралық филиалының оқытушысы Мұқағали Қаламбай қазақ жастарын өз Отанында шетелдік білім алуға шақырады.

Әңгімелескен журналист Гүлнара Қараша.

Мамандығыңыз ерекше екен, қатты түсінбесем де өте қызығып отырмын, астрофизиктің бір күні қалай өтеді, айтып берсеңіз.

-Астрофизиктің бір күні әдеттегідей, барлық адамдардың күніндей басталады ғой әрине, алайда күннің өту барысы өзгеше болуы мүмкін… Таңертеңгі сабақтан соң ойымды ғылымға бөлемін. Сабақтан кейін ғылымға кірісіп кету оңайлыққа соқпайды. Бұл бір қалыптан екінші қалыпқа ауысу секілді ғой. Кішкене ой шоғырын жинақтау керек болады, энергия кеткеннен соң оны түскі аспен орнын толтырамын, әріптестеріммен кейде ғылымды талқылаймын дегендей. Сосын астрофизиканың өзекті тақырыптары: жұлдыздар, жұлдызды шоғырлар, галактикалар сынды дүниелердің физикасымен айналысамын деп уақытты бақылаудан тыс қаламын. Кей кездері тым кешке дейін жұмыста отырып қалатыным бар. Сондай кезде, негізі барлық кезде, үйге қайту барысында келесі күннің жоспарын егжей-тегжей ойластырып шығамын. Ал үйде астрофизика кідіре тұрады, отбасым мен үй шаруаларына назарымды бұруым керек.

-Кәсібіңіздің жаңа белесінен өткен тәріздісіз биылғы оқу жылында, бұл оқытушылық бірінші тәжірибеңіз бе?

-Жоға, сабақ беру тәжірибем 2014-тен басталған, әрине ол кезде студентпін, мектеп оқушыларына физика мен астрономияны түсіндіретінмін. Ал ЖОО-да ресми түрде сабақ беруді 2017 жылдан бастадым. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да физика-техникалық факультеттің оқытушысы, кейіннен аға оқытушысы болып қызмет еткенмін. Дегенмен, қазақстандық емес ЖОО-да оқытушы ретінде қызметімді алғаш рет осы Heriot-Watt университетінің халықаралық филиалында бастағаным рас.

-Мұқағали дегенде бірден поэзия жолдары тілге оралады. Есіміңізге қарай айтып жатқаным ғой. Сыры бар болар?

-Маған өте жиі қойылатын сұрақтардың бірі… Есімімді әкем қойған, жас күнінде Мұқағалидың өлеңдерін оқығанды жақсы көрген екен. Дегенмен поэзия әлемінде Мұқағалидың есімі қақ жарып тұр емес пе?! Ол жақта екінші Мұқағали артық болар… Алайда «Менің есімім ғылым әлемінде қақ жарса қанекей» деп еңбектенудемін. Ал ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін өзім де сүйіп оқимын.
Мынадай бір жайт есіме түсіп отыр, ҚазҰУ-да бакалавриатта оқып жүрген кезімде, «Теориялық физика» кафедрасында 1955 жылдан еңбек етіп келе жатқан Мурзагалиев Гинаят деген профессор ағамыз болды.
Сол кісі жас күнінде Мақатаевпен жолдас болған екен. Кейін маған сабақ берген кезінде үйіміз бір жақта болып,  бірге жаяу қайтатынбыз. Сонда профессор айтатын: «Екеуің кішкене ұқсайсыңдар, ол да сен де сөз тапқырсыңдар, адамдармен тіл табыса аласыңдар. Сенің барар жерің әлі алда, осы жолыңнан тайма» деп. Ол кісінің әңгімесін тыңдау маған ылғи қызық еді.

-Бірнеше шетелдің жоғары білім беру жүйесімен таныс екенсіз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде шетелдік рейтингті ЖОО-лар филиалдары ашылып жатыр. Соның бірі — шотландиялық Heriot-Watt филиалында сабақ бересіз. Бұл филиалдардың болашағы жайлы қандай ойдасыз?

-Негізі, осы ашылған Heriot-Watt филиалының болашағына кәміл сенемін. Шетелдік университеттердің оқыту үрдісі жылдан жылға ұшталып, қайралып, әбден өткір болып тұр ғой. Ал осы білім ағынына қорықпай кіріп, тез іліп алып, үйреніп жатқаны үшін біздің қазақстандық студенттерге   тәнтімін. Сондықтан да барша қазақ жастарын елден алыс кетпей-ақ, осында білімдерін жетілдіруге шақырамын.

-Әлі жассыз, сондықтан алда қазіргіден де биік мақсаттарыңыз бар болар. Негізі мақсатқа жету жолында адам бойында болуы керек басты, үш қасиетті атайсыз ба, кейінгілерге үлгі болсын.

-Иә, өте орынды сұрақ, алайда менің ойым да, қасиеттерге деген көз қарасым да уақыт өте келе өзгеріп отыратын секілді. Дегенмен, қазіргі кезде, ең басты адами қасиеттерімізден бөлек, келесі қасиеттерді тізбектеп айта алатын сияқтымын:

— Білімге деген құштарлық. Кез-келген затқа басқаша қырмен қарап, ғылыми тұрғыдан бағалау керек. Сол жайлы қосымша іздену де керек.

— Сұрақ қоюдан ұялмау. Мені «Білімсіз екен» деп ойлап қалады дегенді ұмыту керек. Барлығымыз солай ойлап жүреміз, жоқ, керісінше сұрақ қою арқылы алған ақпаратымызды толықтыра аламыз. Сұрақты да жүйелі және орынды қоя білу керек. Сонда артық ақпаратты немесе тың, қызықты мәліметтерді кездестіре аламыз.

— Кішіпейілділік. «Мен білемін» деп шалқаймау керек, себебі әр адам өзінше индивид және мен білетін ақпаратты басқа біреу білмеуі мүмкін, ал басқалар білетін ақпаратты мен білмеуім мүмкін дегендей ғой. Ал білім алмасу кішіпейілділіктен шығады. Өзің білетін білімді басқалармен бөлісіп, және керісінше жасау үшін де кішіпейіл болу керек.
Соңында айтарым, өзім де соны қолдануға тырысамын, ол «Ертеңгі Мұқағали бүгінгі Мұқағалидан бір сатыға биік болуы керек» (өзім туралы), сонда ғана прогресс болады, ал егер апталар бойы бір білімің артпаса онда бір орында тапталып қалғаның дегенді білдіреді.

-Тамаша!

Zhubanov University облыстық газеті, №5 (497), 2024 ж.