Суббота, Июль 13, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жан құрбым — жақсы педагог

Жан құрбым — жақсы педагог

Жер-ананың көк майсамен көмкерілер ең әдемі шағы  – мамыр айының аяғында, дәлірек айтсақ жиырма бесінші жұлдызында, яғни білім кемесінің кезекті жағалауына аялдайтын күні менің жан құрбым Айгүл Айтбенбетова мынау жарық дүниенің есігін ашыпты. Осы жасына дейін талай жақсы істің басы-қасынан табылып, тұлғалық қыры қалыптасып үлгерген әріптес құрбым туралы дәл осы мерейтой тұсында біраз толғансам…

Айтбенбетова Айгүл Қадыржанқызы – филология ғылымдарының кандидаты, бүгінгі таңда батыс аймағындағы білім мен ғылымның қара шаңырағы саналатын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті филология факультетінің «Теориялық және қолданбалы тіл білімі» кафедрасының доценті. Сондай-ақ отбасында асыл жар, қара шаңырақтың көрегенді келіні, үш бала тәрбиелеп өсірген аяулы ана, жақында ғана көптен күткен жиені өмірге келіп, асыл әже атанды.

Айгүл Қадыржанқызы Ақтөбе облысындағы ел қорғаған батырлар мен сөз түлеткен ақындар ең көп шыққан тарихи мекен – Шалқар өңірінің тумасы, соның ішінде Бершүгір станциясында ұстаздар отбасында өмірге келген. Әкесі Қадыржан Мұсаұлы – бар саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған жан, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, өзі өсіп-өнген Бершүгір ауылында ұзақ жылдар мектеп директоры болған, еліне сыйлы азамат атанған. Анасы Мақыш та мұғалімдік мамандықтың тұтқасын ұстаған ұлағатты жандар қатарынан. Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ оқушы Айгүл білімге ерекше ден қойып, қатарластарынан оқ бойы озық көрінеді. Әсіресе, гуманитарлық пәндерге деген сүйіспеншілігі балауса қыздың бойында зерттеушілік, табандылық сынды сапалы қасиеттердің қалыптасуына тікелей түрткі бола бастайды. Алтын ұясынан абыройлы білім алған Айгүл Ақтөбе қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, ардақты анасының жолын қуып, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын таңдайды. Студенттік жылдарда ізденіспен, болашақ кәсіптің қыр-сырын игеруге деген құлшынысымен ерекшеленді. Сонымен қатар дәл осы кезеңде өзінің өмірлік жары Шыңғыс Геннадийұлын жолықтырып, Байғанин ауданындағы аса беделді Айтбенбетовтер әулетіне келін болып түседі. Анасынан алған діңгегі мықты тәрбиенің арқасында Айгүлге сол жылдарда студенттік, келіндік міндеттерді қатар атқаруда ештеңе кедергі болмады. Жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмәмдап, дипломмен бірге Әйгерім есімді қызғалдақтың анасы да болып үлгерді. Әрі қарай қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызметтік баспалдақтар басталып кетті.

Айгүл Қадыржанқызы 1996-2002 жылдар аралығында Ақтөбе қаласындағы құлағы мүкіс балалар білім алатын мектепте мұғалім болып қызмет етті. Ерекше оқушылардың сауатын ашудан басталған еңбек жолы оны еліміздің оқу-ағарту саласының көптеген қазанында қайнатты, талай жолдардан өткізіп, биік белестерге аяқ бастырды. Атап айтсақ, 2002 жылы отбасымен ару қала – Алматыға қоныс аударып, әрі қарайғы қызмет жолы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогика институтының «Қазақ тілі» кафедрасында оқытушылықпен жалғасты. Жоғары оқу орнындағы оқытушылық міндет табиғатынан тыңғылықты Айгүлді ұлттық тіліміздің тынысын зерттеуге бағытталған лингвистика ғылымына алып келді. Ұлы Абайдың «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген тәмсілін терең ұғынған Айгүл Қадыржанқызы көп ұзатпай зерттеушілік ізденісінің игі нәтижесін де көрсетіп үлгерді. 2007 жылы «Ауызекі және көркем шығарма мәтініндегі диалог: лексикалық, синтаксистік және стилистикалық сипаттама» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Ғылыми дәреже Айгүлге өзі қызмет атқарып жүрген оқу ордасында аса салмақты, жауапкершілігі мол қызметтердің бел ортасында жүруіне септігін тигізді. Атап айтсақ, бірнеше жыл Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогика институтының Ғалым хатшысы лауазымында абыройлы еңбек етті. 2009 жылы Айтбенбетовтер отбасы атамекен – Ақтөбеге қоныс аударуына байланысты Айгүл Қадыржанқызы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі» кафедрасына доцент болып жұмысқа қабылданды. Міне, содан бері Айгүл осы білім шаңырағында қазақ филологиясы бойынша жоғары кәсіби білікті маман даярлау ісінің алдыңғы шебінде аянбай еңбек етіп жүрген жандар қатарында деп ауыз толтырып айта аламыз.

Мерейтой иесі Айгүл Қадыржанқызы қай істі қолға алса да соңына дейін жеткізуді мақсат тұтады, бастаған шаруасына жүрдім-бардым қарау – оған жат қылық, сондықтан болар ол кіріскен жұмыстың соңы оң қорытындымен аяқталып, мол өнім беріп жатады. Мәселен, Айгүл бірнеше жыл қатарынан «Қазақ филологиясы» мамандығы студенттерін республикалық олимпиадаға дайындауға жетекші ретінде кешенді түрде кірісті, нәтижесінде ол бастаған  команда  2014, 2015, 2016 жылдары еліміз бойынша студенттердің білім бәйгесінде бірнеше рет қатарынан бас жүлдені иеленгенін мақтанышпен жеткіземіз. Бүгінде сол команданың мүшесі Мұстафа Шоқай Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде докторантурада білім алып жүрсе, Жаңылхан Әбуталипова, Назерке Аймахановалар өздері де шәкірт тәрбиелеп, аймағымыздың білікті ұстаздар қауымын толықтырып отыр.
Сондай-ақ Айгүл Қадыржанқызы 2018-2020 жылдар аралығында «Теориялық және қолданбалы тіл білімі» кафедрасының меңгерушісі қызметін асқан жауапкершілікпен атқарды. Сол жылдары «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ филологиясы» білім бағдарламалары АРТА, «Атамекен» ұлттық рейтингілерінде көш бастады, студенттердің халықаралық, ұлттық академиялық ұтқырлық бағдарламаларға қатысу деңгейі көтерілді, қосдипломдық бағдарламалар жүзеге асты, 8D02304-Филология білім бағдарламасы бойынша докторантура ашылды. Кафедраның ғылыми-әдістемелік, тәрбиелік бағыттағы жұмыстарында да көптеген игі нәтижелер бой көрсетті, соның ішінде профессор Р. Сыздық пен доцент С. Бермағанбет атындағы оқу кабинеттерінің жасақталуын ерекше атап өтуге болады. Кафедра ұжымымен ұйыса атқарылған осындай қыруар шаруалардың басында байсалды қалпымен, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытудан бір танбаған Айгүл Қадыржанқызы жүрді.

Айгүл Қадыржанқызы болашақ филологтарға «Стилистика», «Қазіргі қазақ тілінің синтаксисі», «Қазақ тілін оқытудағы ІТ технологиялар» сияқты іргелі пәндерден дәріс оқиды. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қызметте жүрген оның шәкірттері ұстаздарына үнемі хабарласып, жылы лебіз-тілектерін білдіріп тұрады.

Халқымызда «Арық айтып, семіз шық» деген дұрыс сөз бар, сол айтпақшы бүгінгі мерейтой иесі Айгүл Қадыржанқызы – қашан да болмасын көп сөзден гөрі, маңдай термен жүзеге асатын мол істің адамы, біртоға, сарабдал жан. Тек қызметте ғана емес, отбасылық өмірде де оның бойынан көрегенділікті, даналықты байқаймыз. Жолдасы Шыңғыс Геннадийұлы екеуі тәрбиелеп өсірген балалары бүгінде ата-ана үмітін ақтауға тырысып жүр: тұңғышы Әйгерім – Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеттің түлегі, журналист, үлкен ұлы Асылан Назарбаев университетін тәмамдаған, IT саласының маманы, ал кенжесі Темірлан – мектеп оқушысы.

Айгүл Қадыржанқызының өнегелі өмір жолына жасалған кішкене ғана шолудан шығатын қорытынды: кейіпкеріміздің кісілік келбеті, парасат-пайымы, ісі мен сөзінің әрдайым сәйкес келуі көпке үлгі боларлықтай екен!

Менің жан құрбым — жақсы педагог!
Құрметті Айгүл құрбымды 50-жасқа толған мерейтойымен құттықтаймын және оны  әрдайым абырой биігінен көргім келеді.

  Зухра Мирамбекқызы
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті «Теориялық және қолданбалы тіл білімі» кафедрасының аға оқытушысы

Zhubanov University облыстық газеті, №5(497), 2024 ж.