Аселя Турарова
Zhubanov University «Химия» БББ түлегі
-Аселя, тұлғалық дамуыңызға студенттік жылдар ерекше қарқын берген екен. Негізгі оқиғаларды қысқаша еске алып өтсек..
-Айтып кететін оқиғалар негізі көп, бірақ менің есімде қалғаны және үлкен тәжірибе берген бұл — менің Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Алматыға оқуға барғаным. Сол кезде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде “Жұбанов университетінен келіпсің ғой, біліміңді тексерейік” деп сынай қарады. Мен барлық пән оқытушыларына дәлелдеп, жақсы оқып, біздің университеттің білім беру дәрежесін көрсеттім. Содан маған сеніммен қарап, университет ішінде өткен жарыстарға қатыстырып, белсенді студент екеніме қызығып, сонда қалуға шақырғаны менің мақтаныш сезімімді тудырғаны есімде. Жақсы естелік болып қалды.
-Игеріп шыққан Ғылыми химия бағыты туралы толығырақ айтып өтсеңіз. Химияның өзі тәжірибелік зерттеулерімен қызық пән ғой.
-Ия, мамандығым өте қызықты және де қиын мамандықтардың бірі болып табылады. Ғылыми химияның педагогикалық бағыттан айырмашылығы түп тамырына дейін зейінмен оқуды талап етеді. Қызықты тұсы зерттеулерді көп жасайтынымыз және неше түрлі нәрсенің құрамын зерттейтініміз. Осы мамандықта оқып жүріп, өзім әтір дайындап, ғылыми жоба қорғадым яғни, сол кезде эфир майымен табиғи түрде дайындалған әтір мен өзіміз қолданып жүрген парфюмдермен салыстырған болатынмын.
-Атаңыз бен әжеңіз дәрігер болған екен. Мамандық таңдауда сол кісілердің ықпалы болды деп ойлаймын.
-Негізі, ата-әженің қызымын, басында медицина саласына барамын деп ойлағанмын, бірақ уақыт өте келе биологияға емес, химияға жақын екенімді сездім. Бірақ мамандық таңдауда әкем көмектесті, мені тұлға ретінде көріп, өзі мұғалім, маған дұрыс бағыт беру үшін психологтың кеңесіне жүгінді, сол маманның менің білімім мен дағдыма қарай айтқан осы мамандық маған бірден ұнады, өйткені олимпиадаларда тәжірибе жасайтын кездері қатты ұнайтын, өзімнің жетекшілерім, мұғалімдерім де «бұл — сенің мамандығың» деп қолдаған болатын.
-Бойдағы бала кезден қалыптасқан лидерлік қасиет университетте жатсынбай қайнаған қоғам жұмысына белсене араласуға мүмкіндік беріпті. Қандай жақсы! Енді жаңа ұжымда жұмыс бастау қиын болмайтын шығар.
-Негізі жаңа ортада маған бастапқыда қиын болды. 1 курсқа келгенде ұялшақ едім, кейін жайлап-жайлап ашылдым. Осылайша белсенді студентке айналуым апайым Данагүл Қожағалиқызының көмегі. Мені әрқашан алға тартып, көшбасшылыққа баулып, сайлап, көп нәрсе үйретті, бойға сіңдірді. Ал қазір, бұйырса, алдағы жұмыста маған ешқандай қиындық тумайды деп үміттенемін, өйткені осы 4 жыл бойы факультет басшылығының қолдауымен көптеген тренинг, семинарларға қатысып, шыңдалдым. Өзімді жан- жақты қырлардан нық көрсете алдым.
-Бүгінде арман қуған адамға мүмкіндік шексіз. Алдыңызға жаңа мақсаттар қойып отырған боларсыз.
-Алдағы жылдарға мақсаттарым өте көп, табиғатымнан арманшыл, мақсатшыл адаммын. Бір орында отыру маған ұнамайды. Ылғи жаңашылдыққа қызығып, дамығым келіп тұрады. Сондықтан алар асуым мен шығар биігім сөзсіз боларына сенемін.
Сұқбат алған Гүлнара Қараша
Zhubanov University облыстық газеті, №6(498), 2024 жыл.