Воскресенье, Сентябрь 15, 2024
Басты > Білім > Мені математикаға терең баулыған — әжем

Мені математикаға терең баулыған — әжем

Бексұлтан Көбесов
Zhubanov University «Математика» БББ түлегі

-Математика ғылымының бірнеше түрлері бар. Қайсысына қабілетіңіз сәйкес?

-Әдетте математика -ғылымдардың патшасы деп жатады, математика ол — ойды жетілдіретін ғылым, математика ол — жаратылыстық ғылым. Жаратылыстық ғылым болғанда да басқа ғылымдардың негізі. Математика бізде жоғарғы сыныптарда алгебра және геометрия деп бөлінеді ғой, өз басым сол 2 бағыттан алгебраға қабілетім сәйкес келеді дейінші. Менің ойымша кез келген математикаға қатысы бар жандар осы геометрия жағынан біраз қиындарға тап болған шығар.

-Есепке жүйрік баланы «Математик» деп мақтайды. Қызығып, құрметпен қарайды. Сіз де математикаға ерте жақын болған боларсыз.

-Негізі бала математикамен мектепке оқуға келгенде танысады ғой. Бірақ бәрі математик болып кетпейді. Мені математикаға терең баулыған — әжем. Әлі есімде кешкі ас ішіп болғаннан кейін, үйімізде «Салқын бөлме» дейтін бөлмеміз болатын, соған әжем екеуміз кіріп алып, математика оқитынбыз. Бастапқыда қосу, азайту, ал 5-сыныпқа келгенімде, бөлу, көбейту үйреткен әжем еді. Әжем үлкен саудагер болған, ел аралап, саудамен айналысып, кіріс- шығыстарды есептеу үшін математикаға өзі де жақын болған шығар, сол кісінің арқасында қызықтық қой математикаға.  5 сыныптан бастап математикадан беретін Қабыл ағайымыз мектепте сыныпаралық жарыстарда осы математикадан есеп шығартып жарыстыратын. Сондай сәттер бәлкім математиканы жанымызға жақындата түсірген болуы керек. Мектептен күнде алатын 5-ім математика пәнінен еді, 10 есеп шығарып, 5 алып қайтатынмын.

-Математиктер, тарихтан белгілі, философияға жақын. Әйгілі математиктер, мысалы,  Пифагор, Исаак Ньютон философ болған. Ал сіз юморға, КВН ойындарына қызығады екенсіз.

-Иә КВН ойындарына қызығатыным рас, өз басым КВН-да бір философия бар деп білемін, бірақ ол әркімге әрқалай әсер береді ғой. КВН ойнауды сонау 7-сынып кезімізден бастадық, «Назар аудар», «Арал-Ас», «Ұлттық құрама» сынды командалардың әзілдерін көріп алып, мектепте іс- шараларда ойнап беретінбіз, 7-сыныпта көзге түсіп мектептің, жалпы ауылдың атын үлкен облыстық деңгейде қорғап жүрген «Басқұдық» дейтін командаға алындым. 2015 жылы  алғаш Маңғыстау облысының жоғарғы лигасында финалға дейін барып, бірақ «Боранқұл» командасынан есе жіберіп, ұтылып қалғанбыз.  Премьер лигада да ойнап 3-орынды алып қайтқанбыз. Сөйтіп мектеп бітіріп, Ақтөбе қаласына арман қуып келгенімнің бірден бір себебі осы КВН ойыны десек те болады. Себебі бұл жақта Университет КВН лигасы (факультетаралық) және Ақтөбе қаласының Жайдарман ойындары да жақсы дамыған, сапалы әрі ойындар жоғарғы деңгейде. Сөйтіп, оқумен қатар Квн ойындарында қатар алып жүрдік, алғашқы жылы университет КВН лигасында факультет намысын қорғап, 3-інші орынды алып, одан кейін сол жылы Жайдарманға деген махаббатымды байқады ма «БорнТех» деген команда өз қатарларына қосып, сол жылы Ақтөбе облысының чемпионы атандық. Одан кейінгі жылы сол лиганың Вице-чемпиондары деген атақ алдық,  Астанада өтетін Маусымашарға Университет ректоры Қарабасова Лаура Чапайқызының қолдауымен 3 жыл қатарынан Астанаға барып, ойындарға қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қазіргі таңда сол командамен университет намысын қорғап, республикалық сайыстарда топ жарып жүрген жайымыз бар.

-Жоғары білімді «Математика пәні мұғалімі» квалификациясын дәлелдейтін үздік диплом қолыңызда. Әрі қарай орта білім саласында қызмет етуге дайын боларсыз деп ойлаймын.

-Иә, құттықтап қойсаңыздар болады, диплом қолда, енді  мұғалім деген киелі атқа лайық елге, туған жерге адал қызмет етемін. Мамандық таңдар кезде қатты ойландым, кім боламын, немен айналысамын, еліме пайдамды қалай тигізе аламын дейтін ойлар 16 жасар мені қатты толғандырды. Ойлана келе мұғалім боламын деп шештім, бірақ қай пәннен, шешімге келу керек болды, ақырында, әрине жаныма ең жақыны, өзімің сүйікті математикамды таңдадым.  Математикадан бір ұлы шәкірт тәрбиелеу үшін мұғалімнің ұлы болуы шарт емес. Мұғалім дұрыс бағыт-бағдар бере алса болғаны, балаға өмірдің түзу жолын көрсетсе жеткілікті. Мұғалімнің алдынан  барлық мамандық иесі өтеді, 1 мұғалімнің алдынан өзінің 20 жылдық қызметінде мыңдаған оқушы өтеді, сол мыңдаған оқушының кемінде 100-іне мұғалімдік істі сүйдіре алса, ол 100-інің алдынан жүз, мыңдаған оқушы өтетін болады, көрдіңіз бе, мұғалім болудың басты миссиясы осы. Елге қызмет ету деген осы. Болашақта  қазақтың алтын ұрпағы саналатын  Алаш зиялылары сияқты ұрпақ тәрбиелеу  біздің, мұғалімдердің қолында.

-Киелі Ақтау жерінен келіп оқыған екенсіз. Арайлы Ақтөбе де жүрегіңіздің төрінде қалады ғой енді.

-Арайлы Ақтөбе әрине әрқашан ыстық. Өзінің еш нәрсеге айырбастай алмайтын естеліктері бар. Қай қалада жүргенің емес, сол қаланы кімдермен өткіздің, сол маңызды. Үлкен қалада дұрыс орта таба білу өте үлкен рөл атқарады екен. Дұрыс орта болмаса өмірде ортаңғы қалыпты ұстап қалу өте қиын, я адамдықтың ең төменіне кетесің, я ел сыйлайтын, ата-анаң мақтанатын адам болып қалыптасасың. Шүкір, ортамыз оңынан болып, ел сыйлайтын азамат болып жүрміз. Ақтөбеде 4 жыл студенттік шақты өткіздік, ешқандай өкініш жоқ. Барын салып, білімді, тәрбиелі адам болсын деп ат салысқан жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ, әсіресе университеттегі ұстаздарымызға алғыс!

Сұқбат алған Гүлнара Қараша
Zhubanov University облыстық газеті, №6(498), 2024 жыл.