Воскресенье, Сентябрь 15, 2024
Басты > Білім > Біліктілігімді  әрі қарай шыңдап, магистратураға түспек ниетім бар

Біліктілігімді  әрі қарай шыңдап, магистратураға түспек ниетім бар

Данияр Төрегелдиев
Zhubanov University
«Қазақ тілі мен әдебиеті» БББ түлегі

-Данияр, жоғары оқу орнын сәтті бітіруіңізбен құттықтаймын! Еңбек жолыңызға табыс тілеймін! Әлде басқа жоспарыңыз бар ма?

-Зор алғыс сізге! Иә, бұйыртса мамандық бойынша елге еңбек етіп, ұлтқа қызмет қыламын. Қай саладан айтсам да алға қойған жоспар өте көп. Мамандығым бойынша жоспарым,  біліктілігімді әрі қарай шыңдап, магистратураға түспек ниетім бар, ғылыми салада қазақ тілін дамытуға арналған жобалар жасауды ойға алып жүрмін.

-«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын игерудегі ең басты артықшылық не деп ойлайсыз?

-“Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығын игерудегі басты артықшылық, ол, әрине — өз елімнің, туған жерімнің, ана тілін, тарих-әдебиетін зерттеуім. Бұл мамандықты игеру кез келген тәлімгерге ата-бабамыздан қалған тілімізді, әдебиетімізбен келе жатқан тәлім-тәрбиемізді, ділімізді, салт-дәстүрімізді қастерлеуге баулиды.

-Университетте оқу кезінде өзіңізді өнер жағынан жетілдіргеніңізді байқадық. Есте сақталар сәттер болар.

-Иә, студент болуым менің тек білімнің ғана емес, шығармашылық қарым-қабілетімнің де өсуіне зор ықпалын тигізді. 1-курсқа түсе сала университетіміздің “Жұбанов жастары” театралдық ұйымына қосылдым, 3-курсымның 1-жартыжылдығында сол театрға төраға ретінде сайландым. Студенттік шағымның қайталанбас кезеңі деп осы театрмен өткізген уақыттарымды айта аламын. Театр арқасында университет сахнасында бірнеше рет өнер көрсеттім, тіпті республикалық жарыстарға қатысып, жүлде иеленген сәттерім де болды. Осы орайда театрға төраға болған кезімде маған көп көмек көрсеткен университет қызметкерлері мен студенттеріне зор алғысымды білдіремін! Оның ішінде, Айбат Сидағытоллаұлына, Әділбек Ерденбекұлына, комендант Айгүл апайға ерекше құрмет!

Студенттік жылдар жалпы жарқын жетістіктерге толы болды. «Үміт» 2-республикалық студенттік театр фестивалі Қазылар алқасының арнайы жүлдесінің иегері, Ақтөбе облысы әкімінің «Алғыс хаты», «Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығы» басшысының «Алғыс хаты»,
«Самға» мәдени-шығармашылық жоба байқауында алған 3-дәрежелі дипломым, вокалдық ән бойынша «Үздік өнерпаз» номинациясы бойынша жүлдем,»Самға» мәдени-шығармашылық жоба байқауындағы 2-дәрежелі дипломым, «Үздік оратор» номинациясы бойынша, осы табыстарым мені келесі белестерді бағындыруға баспалдақ болмақ.

-Мұғалім ер адамдар қатары көбейе бастаған сыңайлы. Осы мамандыққа көңілі түсіп отырған талапкерлерге, оның ішінде ер балаларға қандай маңызды ақпарат айтар едіңіз?

— “Қазақ тілі мен әдебиеті” пәнінің мұғалімі десе бірден ойымызға “Апай” деген сөз келетін шығар, бірақ мамандыққа оқыту жыныс талғамайды, тек қызығушылық талап етеді. Ер жігіттер бұл мамандықты игеру арқылы ұлтты оқытамыз, ұлт ұстазы болу әрқашан да қиын, ешқашан берілмеңіздер, жұрт сөзіне ермеңіздер, мақсат қойып, тақымды қысып, бәйгеден оза шабыңыздар!

-Студенттік жауапты да қызық жылдар артта қалып барады. Қимас жандарға қоштасарда не дегіңіз келеді?

-Студенттік шақ пайым-парасатымның артуына зор үлесін қосты. Осы орайда сол үшін студент Даниярға, оған тәлім берген оқытушыларға, оның қасында болған барша жандарға айтарым тек алғыс! Менің қазіргі кейпімнің айнасы — сіздерсіздер! Жүрегімнің түкпірінде сақтаймын, көзден кетсеңіздер де, естен кетпейсіздер! Баршаңызды жақсы көремін!

Сұқбат алған Гүлнара Қараша
Zhubanov University облыстық газеті, №6(498), 2024 жыл.