Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері Әуе қорғанысы күштері әскери институтында салтанатты түрде ант қабылдады.
Бұл Жұбанов университетімен бірлескен Әуе қорғанысы күштері әскери институтының алғашқы сержант түлектері. Іріктеу техникалық және физика-математика факультеттерінің студенттері арасында жүргізілді.
Университет студенттері 2024 жылдың 5-27 шілде аралығында «Запастағы сержант» бағдарламасы бойынша оқу-жаттығу жиынынан өтті. Оқу барысында студенттер Су-27 тренажер ұшағында тәжірибелік дәрістерден өтіп, «Әуе кемелері мен қозғалтқыш жүйелерін пайдалану және жөндеу», «Ұшақтар мен тікұшақтардың электр жабдықтарын пайдалану және жөндеу», сонымен қатар «Хлебодаровка» аэродромында атыс қаруынан оқу-жаттығуларын орындады.
Айта кетейік, оқу-жаттығу жиындары қос оқу орнының серіктестігі аясында жүзеге асты. Өткен жылы қараша айында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Ж. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері Әскери институты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойған болатын.