Ақтөбе облысының, қаласының, Шалқар, Темір және Қобда аудандарының құрметті азаматы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ардагері, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Байдосов Зәкіраддин Байдосұлы.
Зәкіратдин Байдосұлы Байдосов 1933 жылдың 24 маусымда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, бұрынғы «Қорғантұз» ауылында дүниеге келді. 1951 жылы Шалқар қазақ орта мектебін, 1955 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін тәмәмдап, 1955-1957 жж. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған орта мектебінде оқытушы, 1958-1964 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ, Ақтөбе облысының Шалқар аудандық партия комитеттерінің, Батыс Қазақстан өлкелік комитеттерінің бірінші хатшысы, 1965-1969 жылдары Ойыл аудандық партиялық-мемлекеттік бақылау комитетінің төрағасы, Ақтөбе облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, 1970-1985 жылдары Ақтөбе аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Қобда аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы Темір, Исатай аудандық комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Аталған қызмет жылдарында Зәкіратдин Байдосұлы сол аудандардың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірлерінің жетіле түсу жолында барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін жұмсап, аянбай еңбек етті.
Зәкіратдин Байдосұлы 1985 жылдың қараша айынан бастап, 2012 жылға дейін Қ.Жұбанов атындағы университетінде оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, тарих факультетінің деканы қызметтерін атқарды. З.Байдосовтың «Ту ұстап, тарлан мінген тархан», «Қазан жүрек Қайдауыл», «Үш ғасыр перзенттері», «Ақтөбе мұнайы: өткені мен бүгінгісі», «Алды кең, арты майса Дербісәлі», «Қаражігіт» және басқа да көптеген еңбектері ғалымның университет қабырғасында тынбастан жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының жемісі.
Сонымен қатар ол 2005 жылдың басынан «Ақтөбе мешіті» қоғамдық қорының директоры ретінде Ақтөбе қаласындағы «Нұр ғасыр» мешітінің құрылысын ұйымдастырушылардың бірі болды.
Зәкіратдин Байдосұлына 1996 жылы «Шалқар ауданының құрметті азаматы», 1998 жылы «Ақтөбе облысының Жыл Адамы-98», 2002 жылы «Темір ауданының құрметті азаматы», «Ақтөбе қаласының құрметті Азаматы» (2005 ж.), «Ақтөбе облысына еңбегі сіңген қайраткер» (2008 ж.), «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» (2008 ж.) деген атақтар беріліп, 2007 жылы ҚР Президентінің жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті тарих факультетінің ұжымы «Тарих және дінтану» кафедрасының профессоры, белгілі ғалым, еңбек ардагері Зәкіратдин Байдосұлының өмірден өтуіне байланысты отбасына, тума-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Артына өшпес із қалдырған, ғұмырын ұстаздыққа арнаған ұлы тұлға — мәңгі есімізде сақталады!