Айдын ӘБДЕНОВ,
тарих ғылымының кандидаты,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жоғары колледжінің директоры.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» тақырыбымен жарияланған мақаласында бүгінгі күннің өзекті мәселелері қозғалғандығы бірден көңілімізді аударды.
Дамудың қандай сатысында да біздің тарихи тұтастығымыз, өткеніміз бен бүгініміздің сабақтастығы буын ажыратып қалмауы маңызды екені байқалып тұрады. Нақ осы тұрғыдан келгенде Президентіміз көпшілікті толғандырып, жұртшылықты мазалап жүрген бірқатар сауалдарға байланысты салиқалы ой қозғап, сабақты пікірлер туындатады.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, дамудың жаңа тарихи кезеңінде Орталық Азия елдері көптеген сынақ пен қиындықты бастан өткергені тілге тиек етіледі. Бұл ақиқатты ашып көрсете отырып, Орталық Азия республикалары «қалыптаспаған мемлекеттердің» қатарына немесе failed states деп аталатын топқа қосылады деген пессимистік болжамдардың да расталмағанын батыл айтады. Бұл ретте«Аймақтағы елдер өздерінің қалыптасқан дербес мемлекет екенін дәлелдеп, халықаралық қауымдастықтағы лайықты орнын алды» деп тұжырым жасайды.
Президенттің бұл ойына біз де қосыламыз. Өйткені өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін КСРО атты бір отаудың аясына бірігіп келген республикалар өз алдына егемендігін алып, тәуелсіздік туын көтергенде олардың болашағына күмән тудырушылар аз болған жоқ. Алайда олай болған жоқ. Бүгінде осы тақырып аясына алынып отырған аймақтағы елдер өркендеп, даму үстінде. Солардың қатарында Қазақстанның да мәртебесі биіктеп, халықаралық деңгейде беделі едәуір көтерілді.
Мұның түп-тамыры, басты негізі, Президент атап көрсеткендей, «Орталық Азия аймағы сан ғасырдан бері біртұтас геосаяси және рухани кеңістік ретінде белгілі. Бұл — табиғи ресурсы мен адам капиталы мол, мәдени-тарихи мұрасы бай өңір» екендігінде.
Аталған мақалада: «Халықтарымыз ежелден түрлі өркениетпен тіл табысып, қарым-қатынас орната білді. Соның арқасында бұл аймақ өзінің этномәдени және рухани ерекшелігін сақтай отырып, Ұлы Жібек жолының және тұтастай алғанда үлкен Еуразияның тарихында шешуші рөл атқарды» деп көрсетілген.
Ендігі біздің бір міндетіміз — осындай тарихты жас буынның санасына терең сіңіріп, оның терең сырларын түбегейлі ұғындыру.
Тарихымызды тұтастықта түсіне білген ұрпақ қана өткеніміздің өнегесін қабылдай алады. Мемлекет басшысының «Тарихи жадымыз — халықтарымыздың ұлттық сана-сезімінің мызғымас тұғыры. Біз ата-бабаларымыздың жетістіктерін және бай мәдениетімізді мақтан тұтамыз» деуі ұлттық құндылықтарымыз бен озық дәстүрлеріміздің орнықтылығын, қай кезеңде де өз мәнін жоймайтындығын білдіреді.
//aqtobegazeti.kz/