Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбелік студенттер тәртіпті қадағалайтын болады

Ақтөбелік студенттер тәртіпті қадағалайтын болады

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбындағы ІІД өкілдерімен профилактикалық кездесу өтті.

— Біз оқу орындарымен бірлесіп, студенттер жасағын құрамыз. Жас-тар арасындағы қылмыстың өсу себебіне байланысты оның алдын алу мақсатында осындай жұмысты қолға алып отырмыз. Университет ректорымен өзара бірлесе жұмыс жасау жөніндегі меморандумға қол қойылды. Жергілікті полиция қызметкерлеріне көмектесетін студенттер үшін арнайы киім тігіледі. Белсенді студенттер қоғамдық орындардағы түрлі шараларға тартылатын болады. Жастар жасағы «Сақшы» деп аталады, — деді Ақтөбе облысы бойынша ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Қаныбек Жақсығалиев.

Университет ректоры жасаққа енетін әр студентке 23 000-24 000 теңге көлемінде шәкіртақы берілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар олар бассейнге тегін жолдамамен қамтамасыз етіледі екен.
Меморандумға қол қойылғаннан кейін Студенттер сарайында жастармен кездескен заң қызметкерлері оларды жаңа жұмыс мазмұнымен таныстырып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Жасақта заң факультетінің студенттеріне басымдық берілетіні құлаққағыс етілді. Себебі қосымша жұмыс олардың теориялық білімімен қатар тәжірибелерін де жетілдіреді.

Ақтөбе облысы бойынша ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Жанна Макаревичтің мәлімдеуінше, қылмыстың 44%-ын 17-29 жас аралығындағылар жасаған. Өткен жылмен салыстырғанда, бұзақылық, ұрлық, тонау, қоқан-лоққы секілді қылмыс түрлерінің барлығы бойынша өсу көрсеткіші байқалған.

Аталған шара облыс әкімінің «жоғарғы оқу орындары мекемелермен байланыса жұмыс жасамайды» деген сынынан кейін қолға алынған сыңайлы.