Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тиімді тәсілдің бірі – әдістемелік базаны дамыту

Тиімді тәсілдің бірі – әдістемелік базаны дамыту

Ақтөбе аймағында латын графикасына көшу мәселелерінің таяудағы тактикасы мен серпінді стратегиясын белгілеуге арналған келелі басқосу өткізілді.

«Бұл – біз үшін кезекті іс-шараның бірі емес, үлкен тарихи міндет. Сондықтан да қазақ тілін латын графикасына ауыстыру ісінің арқалайтын жүгі салмақты, жауапкершілігі мол. Рас, жаңа алфавитті бір демде, бір сәтте енгізе салудың ешқандай қиындығы жоқ. Алайда гәп басқада. Мұның өзі оның тиімді жолдары мен тұтқаларын табу болып табылады. Біз бүгін сол үшін де жиналып отырмыз», деді жиынға төрағалық еткен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бұдан кейінгі кезекте қазақ тілі әліпбиін латын графикасына ауыстыру қажеттілігін атап көрсеткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін өңірде құрылған ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметі әлі күнге дейін жалғасып келе жатқаны айтылды. Тек ендігі кезекте оның соны сипаты мен уақыт ерекшелігіне сай жаңа тұжырымдарға басымдық берілмек.

Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаеваның айтуынша, аймақта латын графикасына көшуге байланысты халықтың ой-пікірін айқындау жөнінде тиісті іс-шаралар кешені белгіленіп, жүзеге асқан. Әлеуметтік сауалнама қорытындылары облыс тұрғындарының түгелге дерлік бөлігі аталған реформаны қолдағанын көрсеткен. Ал қазіргі кезде мұнда жаңа қазақ әліпбиінің нақты қандай нұсқада көрініс табатыны жөнінде кең ауқымды пікірталастар өрістеп келеді.

Басқосу кезінде жаңа алфавитті енгізу жұмыстары кезең-кезең бойынша қолға алынуына байланысты бірінші кезекте мұғалімдердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлінуі қажеттігі аталып өтті. Сонымен бірге латын графикасын енгізудің тағы бір тиімді тетігінің бірі әдістемелік базаны дамыту болмақ. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы Гүлзат Садирова өз ойын осы тұрғыдан өрбітті. Жиын барысында ортаға тасталған тағы бір маңызды мәселенің бірі – мемлекеттік тіл төңірегіндегі реформаларды БАҚ арқылы көрсету мен жариялауға қатысты туындады. Бұл орайда «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС басшысы Раукен Отыншин және «Қазақстан РТРК» АҚ филиалының директоры Ернұр Бурахан осы бағытта қолға алынған жұмыстар туралы баяндап берді. Атап айтқанда, Р.Отыншин Президенттің бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейінгі алғашқы күндерден бастап-ақ түсіндіру жұмыстары серіктестікке қарасты барлық ақпараттық ресурста кеңінен жүргізіле бастағанын баяндап, бұл шара қазіргі күні де жалғасып келе жатқанын айтып берсе, Е.Бурахан жаңа телемаусымда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеясын негізге алған сегіз телебағдарлама жарыққа шыққанын жеткізді. Жалпы алғанда Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы «Ақтөбе» телеарнасының барлық жаңа жобаларында көрініс таба бастады деді ол.

Кездесу қорытындысында қазақ тілінің латын жазуына ауысуы халықаралық стандарттар талаптарына сай жүргізіліп отырғаны жөнінде түйін жасалды. Өз кезегінде жоғарыда айтылған тиісті талаптарға сай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да одан әрі жалғаса бермек.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

источник