Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Рухани жаңғыру мектептен басталады

Рухани жаңғыру мектептен басталады

Ақтөбелік ғалымдар мектеп оқушылары арасындағы компьютерге, ұялы телефонға тәуелділік мәселесіне байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр.

«Ұялы телефонның кесірінен ұрпағымыз мәңгүртке айналып кетпей ме? Бұл — үлкен қауіп. Ата-ана, мектеп, бүкіл қоғам болып осы қауіптің бетін қайтару жолын бүгін іздемесек, ертең кеш болуы мүмкін», — деді С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Ғалым Мүсіров «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыстық сараптама кеңесінің мәжілісінде.

Жиында «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстар мен 2018 жылға арналған жоспар талқыланды. Кеңес мүшелері алдында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Руслан Бегімбетов баяндама жасады.

«Тәрбие және білім» — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қабылданған төрт кіші бағдарламаның бірі. Ол үш бағыт бойынша жүзеге асырылады: «Өлкетану»; «Саналы азамат» және «Отаным — тағдырым». Баяндамашы аталған бағыттар бойынша бірнеше жоба, сондай-ақ, ауқымды іс-шаралардың қолға алынғанын айтты. Өлкетану бойынша, ішкі туризм саласына оқушыларды тартып, «Ырғыз-Торғай» табиғи қорығы, Қарғалы, Қобда, Ойыл аудандарындағы тарихи жерлерге саяхаттар ұйымдастыру ісі бастау алды. Сонымен бірге, түрлі ғылыми жобалар, пәндік олимпиадалар жеңімпаздары, 60-тан астам оқушы облыстан тысқары саяхаттап, еліміздің киелі жерлерінде болып қайтты. 2022 жылға дейін, өлкетану жобасы аясындағы саяхаттар, экспедициялар, т.б. мектеп оқушыларының 40 пайызын тарту көзделген. Сондай-ақ, қазір біздің өңір бойынша «Өлкетану» оқулығы да әзірленіп жатыр. «Саналы азамат» жобасы аясында, республикалық пәндік олимпиадалар жеңімпаздары болып табылатын 25 оқушының суреті қала көшелеріне ілініпті.

Руслан Бегімбетовтің айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас ұрпаққа ата-бабалар дүниетанымын насихаттау мақсатында ұстаздар тарапынан да ұсыныстар бар. Мысалы, Ақтөбенің әр мектебінде, қай пән болса да, әр сабақты қазақтың бір мақал-мәтелінен бастау жөнінде ұсыныс түскен, т.б.

Сараптама кеңесі мүшелері облыстық басқарма басшысының орынбасарына оқушылар арасындағы қылмыстық көрсеткіштер, тәрбие мәселесінде отбасылық жағдайларды ескеру, т.б. төңірегінде сауалдар қойды.

Қ. Жұбанов атындағы АӨМУ-дің профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы отбасылық құндылықтарды насихаттау мәселесін ерекше назарда ұстау керектігіне тоқталды. Жуырда ғана Ресейде болғанын айта келіп ол:

— Астрахан жағынан біздегідей жаппай мектеп, балабақша салу жұмыстарын көрмедім. Біздің мектептердің жаңа ғимараттары патша сарайы секілді… Енді сол мектептердегі мұғалім мәртебесі, тәрбие мәселесіне оң өзгерістер қажет, — деді.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын жүзеге асыруда тек республикалық жобаларға үн қатып қана қоймай, жергілікті бастамалардың көбірек болуы керектігін атап өтті. Жиын соңында осы бағдарлама бойынша алдағы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

источник