Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Оқырман конференциясы Жыл кітабы – «Қамар сұлу» романына арналды

Оқырман конференциясы Жыл кітабы – «Қамар сұлу» романына арналды

Елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде «Бір ел-бір кітап» республикалық акциясы аясында жалпыхалықтық оқуға жыл кітабын таңдау өткізіліп келеді. «Жыл кітабы-2017» таңдауы Алашорда мемлекетінің 100 жылдығына орай Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әйел теңсіздігіне арналған «Қамар сұлу» романына түсті.

Осыған орай филология факультетінің кітапхана қызметкерлері топ кураторы Сақыпжамал Тәшімбаеваның жетекшілігімен «Қазақ филологиясы» мамандығының 2 курс студенттеріне Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы бойынша оқырман конференциясын өткізді.

Конференцияны кіріспе сөзбен филология факультетінің деканы Күлзат Садирова сөз сөйлеп ашып, жазушы романында сол кездегі солақай саясатты астарлап жеткізе білгендігін сөз ете отырып, шебер туындының тарихи маңыздылына тоқталды. Бас кітапханашы Динаш Құлмағамбетова С.Торайғыровтың өмір жолын сараптай келе, «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» шығармасы жастарды асқақ қиял, зор талапқа бастайтын туынды. Бұл туынды жазушыны қазақ әдебиетіндегі демократиялық әдебиеттің өкілі етті» деп атап өтті. Конференция барысында жиналғандар тарапынан романның қазақ әдебиетіндегі алатын орны сөз етіліп, студенттер менің қиялымдағы «Қамар» бейнесі тақырыбында ойларымен бөлісті.

Жиын барысында студенттер жазушы романынан үзінді көріністер келтіріп, роман құндылығын, терең мазмұндылығын жеткізе білді.

Филология факультеті кітапханасының бөлім меңгерушісі Гүлнар Уналбаеваның айтуынша, ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге деген ықыласын көтеру, жастардың зияткерлік-рухани дамуына ықпал жасау мақсатында ұйымдастырылған оқырман конференциясы өз нәтижесіне жетті.

Сонымен қатар, конференция барысында кітап қорында бар жазушының барлық шығармалары мен кітаптарынан ұйымдастырылған кітап көрмесіне жастар үлкен қызығушылық танытты.