Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбелік студенттер полицейлерге көмектеседі

Ақтөбелік студенттер полицейлерге көмектеседі

Ақтөбеде қоғамдық тәртіпті қадағалайтын студенттік жасақтар қайта құрылады.

Жергілікті полиция қызметі мен Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеті арнайы меморандумға қол қойып, бірлесе жұмыс істейтін болды. Одан бөлек қаладағы 10 колледждің студенттері полицияға көмекші болуға дайын. Студенттік жасақ мүшелері өздері білім алатын оқу орнындағы тәртіпті қадағалап, заңбұзушылықтармен күреседі. Жасақ командирі тағайындалып, жұмыс жоспары жасалады. Оларға арнайы киім мен куәлік беріледі. Одан бөлек, ақылы бөлімде оқитын студенттерге оқу ақысын төлеуде жеңілдік жасалып, шәкіртақы тағайындалады. Белсенді студенттер бассейнге тегін абонемент алады. Жасаққа тәртібі мен оқу үлгерімі жақсы, жауапкершілігі жоғары студенттер қабылданады. Тәртіп сақшылары жұмыстарының жеңілдейтінін айтып отыр. Себебі өңірде тіркелген қылмыстың тең жартысын жастар жасайды екен.

Жанна Макаревич, облыстық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары:

— Оқу орындарында түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылған кезде, полиция қызметкерлеріне студенттік жасақтардың көмегі қажет болады. Олар жалдамалы пәтерлерді, жатақханаларды тексеріп, тәртіпті қадағалап отырады. Полиция көмекшілері біраз жұмысты жеңілдетеді деп ойлаймыз. Бұл тәжірибе бұрын да болған. Біз соны қайта жаңғыртып отырмыз. Нәтижелі боларына сенеміз.