Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Дін және ұлттық тарих»

«Дін және ұлттық тарих»

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың қатысуымен «Дін және ұлттық тарих» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Тарихшы-ғалым Жаңабек Жақсы­ғалиев жүргізген жиынға қатысқан БҚО әкімі Алтай Көлгінов атап өткендей, қоғамда діни ұйымдардың толыққанды қызмет жасауы үшін барлық жағдай бар. Әлеуметтік зерттеулер қорытындысына сәйкес, өңір тұрғындарының 86 пайызы діни ахуалдан хабардар. 200-ден аса адам­ды біріктірген 14 ақпараттық-түсін­діру тобы белсенді әрекет етуде. «Тұрақ­ты­лық кепілі – қауіпсіздік» жобасы ая­сында 15 мыңнан аса адамды қамтыған 302 шара жүзеге асырылды. Қазіргі таңда «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесінен бөлек, дін саласында 12 үкіметтік емес ұйым жұмыс жасайды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» бағдарламалық мақала­сына сәйкес дін саласында да дәстүрлі құндылықтарға басымдық беріліп, кез келген жат ағымға батыл тосқауыл қойыл­уы тиіс.

Конференцияда сөз алған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев дәстүрлі дүниетаным­ның маңыздылығын, ал сәләфилік пен уахаббилік секілді ағымдардың Қазақ­с­тан­дағы исламтану үлгісіне мүлдем қиыспайтынын атап көрсетті.

Конференцияда, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, бас мүфтидің бірінші орын­басары Серікбай Ораз «Қазақ руханиятын жаңғыртудың жаңа кезеңі», Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік универ­си­тетінің профессоры, философия ғылым­дарының докторы Амангелді Айталы «Дін және діндарлық: кеше және бүгін», Қожа Ахмет Иассауи атындағы халықара­лық қазақ-түрік университеті «Иассауи­тану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кен­жетай «Дін және мәдениет қатына­сын­дағы болмыстық тұжырымдар» тақырыбында баяндама жасады. Басқа да ғалымдар мен мамандар өз ой-толғам­дарымен бөлісті.

Нұрлан Ермекбаев өңірге жұмыс сапа­ры барысында сондай-ақ БҚО әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынты­мақтастық жөніндегі кеңес отырысына қатысып, оқушы-жастар, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.