Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте жаңа орталықтар мен кабинеттер студенттер игілігіне берілді

Университетте жаңа орталықтар мен кабинеттер студенттер игілігіне берілді

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бас ғимаратында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Зерде» оқу-әдістемелік кабинеті, Этнопсихология кабинеті, Шешендік өнер кабинеті, «Сана» психологиялық кеңес беру кабинеті, Тұлға психологиясы кабинеттерінің тұсаукесері болып өтті.

Тұсаукесер рәсіміне университеттің факультет декандары, кафедра меңгерушілері, бөлім басшылары келді.

Университет ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы бастаған топ алдымен «Зерде» оқу-әдістемелік кабинетімен танысты. Аталмыш кабинеттің лентасын Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Ағыбайұлы мен педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Светлана Ермекбайқызы қиды.

 

Кабинеттермен орталықтардың ашылу салтанатында жиналған жұртшылықты университет ректоры Бауыржан Ердембеков құттықтап, сөз сөйледі. Ол: «Қазіргі кезде университетте сын көтермейтін кабинеттерге көңіл бөліп жатырмыз. Студенттер білім алатын кабинеттер ашық түсті, әрі жарық болуы керек.

Педагогикалық мамандықтарына сұраныс көбеюде, әр түрлі мамандық иелерін дайындайтын мұғалім екені баршамызға аян. «Ел боламын десең бесігіңді түзе», — деп Мұхтар Әуезов айтқандай, бесіктен басталатын тәрбиеден кейін ұстаздың алатын орны ерекше. Сондықтан студенттерді кәсіби біліктілікке тәрбиелеу үшін білім алатын орны, кабинеті талапқа сай болуы керек. Ашылып отырған кабинеттер мен орталықтар университет студенттерінің ұлттық интеллектуалды потенциалын дамытуға, психология туралы білімдерін кеңейтуге көмек беріп, оларға болашақта жеке ғылыми мектепті ашуына және әлемдік деңгейде ұсынуға мүмкіндік береді», — деп, факультет деканы мен кафедра меңгерушілеріне алғысын жеткізді.

Тұсаукесер барысында «Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі Джамилия Бақытжанқызы мен «Мектепке дейінгі және арнаулы білім» кафедрасының меңгерушісі Клара Жаманбайқызы орталықтар мен кабинеттердің ашылу мақсаты мен бағыттарына тоқталды.