Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа жылдық құттықтаулар

Жаңа жылдық құттықтаулар

 

Құрметті ағайын, қадірлі университет ұжымы мен білім іздеуші жас өрен!

Сағаттың тырсылымен, жүректің дүрсілімен сынаптай сырғып аққан уақыттың жетегімен тағы да бір жылмен аман-есен қауышып отырмыз. Қазақ халқы — «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» дейтін, паң даланың пайымы қағылез, парасаты биік, жетесі заңғар әлеуметі әлімсақтан жаңа күн мен жылдан, үрдіс пен жаңалықтан жақсылық тосатын текті әлеумет. Әуелі баршаларыңызды Жана жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Қас пен көзді қаққанша тағы бір жылмен қоштасып, мінекей тағы бір жылды қарсы алып отырмыз. «Уақыт — әділ төреші» демекші, өткен жылға көз салып, өтіп кеткен күндерімізге зер салсақ, еске біршама іргелі істер, байрақты бастамалар, берекелі бетбұрыстар мен қайырлы қадамдар түседі. Бүгінгінің жеңісі өткен өмірдің жемісі екені сіз бен бізге аян.

2017 жылды табысты жыл болды деп сеніммен айта аламыз. Себебі, 2017 жылы көптеген табыстарға қол жеткіздік.

Басқа табыстарды айтпай тұра тұрғанда еліміздің ең еңселі осы жыл аясындағы әлемді таңқалдырған ЭКСПО мен тарих сахнасында тағы бір өшпес естелік қалдырдық деп санаймын. Бұл қазақ елінің мақтанышы қазақ елінің жетістігі.

Одан өзге өз облысымызда да көптеген көңіл шаттанарлық амалдардың іске асқанына жұртшылық назары куә. «Құтты мекен — Ақтөбе» форумы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген көпке үлгі боларлық, жерлестерімізге мақтаныш сезімін ұялататын жарқын бастама болды!

Университетіміздің де еңсерген табысты жақтары аз емес. Кеше ғана университетіміздің жастарына арналған жаңа үлгідегі «Жастар үйінің» тұсаукесер рәсімі өтті.

Оқу ордасының аясында ел тарихында өлшеусіз үлесі бар Абай, Құдайберген Жұбанов, Дербісәлі Беркімбаев сынды тарихи тұлғалардың арнайы орталықтары ашылып, ғылыми орта үшін өз қызметін гуманитарлық, дидактикалық тұрғыда жүргізіп келеді.

Саналы адам баласы алдына үйдей үміт артып, келешегіне кемел мақсат қойып, зор тілек етеді. 2018 жылға да ауқымды ірі-ірі табыстар сыйласын!

Жаңа жылда сіздерге тілерім:

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Отанымыз ғұмырлы болсын!

Елімізге жаналықтар серік болсын!

Бақ береке көрік болсын!

Босағамыз берік болсын!

Бар жақсылық шаңырағымызға келіп қонсын!

Сонымен қатар әр шанырақты амандықтан айырмасын!

Жаңа жыл жана табыстар сыйласын!

Тек қана жақсылықтарда жолығайық.

Басымыз аман болсын! Берекелі заман болсын!

Тұлпарларымыз сайын далада еркін шауып, қырандарымыз аспанымызда еркін қалықтасын!

Көк туымыз көгімізде желбіресін!

Патшамыздан тақ, Елімізден бақ кетпесін!

Ит жылы ырысты болсын! Бақ, береке кірісті болсын! Тіршілігіміз тынышты болсын, ағайын!

 

БАУЫРЖАН ЕРДЕМБЕКОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің ректоры

 

 

 

Құрметті университет ұжымы!

 

Сіздерді Жаңа — 2018 жылмен шын жүректен құттықтаймыз!

Өткен жылы телеарна мен университет арасындағы бұрынғы әріптестік байланыс одан әрі нығая түсті. Біздер бірлескен жобаларды жүзеге асыра бастадық. Соның бір дәлелі ретінде «Аqto’be» телеарнасымен Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ арасында әріптестік меморандумға қол қойылып, бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.

Алдағы уақытта да оқытушылық құрамның кәсіби шеберліктері мен жасампаз еңбектері еліміздің мүддесіне, өңірдің жан-жақты дамуына қызмет ете беруіне тілектеспін.

Жаңа жыл сіздерді тек оң өзгерістерімен, ұмытылмас сәттермен, қызықты кездесулермен қуантсын. Басылым ұжымына шығармашылық табыс, тың ізденіс, биік жетістік және мықты денсаулық тілеймін.

Халқымыз игілікке, еліміз молшылыққа, әр шаңырақ береке, бақыт пен шаттыққа кенеле берсін!

ЕРНҰР БУРАХАН,

«Aqto’be» облыстық телеарнасының директоры

 

 

 

 

Құрметті Бауыржан Аманкелдіұлы және университет ұжымы!

Сіздерді жаңа — 2018 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Еліміздің болашағы — жас буынды тәрбиелеп, оларға жоғары білім беру жолындағы игі істің бастауында жүрген қызметіңізге жетістіктер тілеймін! Бізді берік байланыстыратын Университет пен облыстық газеттер арасындағы әріптестік алдағы уақытта да жақсы жалғасын тауып, ел игілігіне қызмет ете берсін!

Жаңа жыл Сізге және жақын-жуықтарыңызға баянды бақыт, шырайлы шаттық, мол береке әкелсін!

Өзіңізге мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, еңбегіңізге табыс тілеймін!

РАУКЕН ОТЫНШИН,

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры