Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қос төбеттің мүсіні

Қос төбеттің мүсіні

Жаңа жыл мерекесінде Шалқар қаласындағы «Бойна» аталып кеткен ауданда бір топ жас қардан қазақы ит — төбеттің мүсінін жасап, көпшілікті таңғалдырды.   

Аталған аудандағы Жұбанов көшесінде орналасқан қос төбеттің мүсіні әлеуметтік желілер арқылы тарап, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Идея авторы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бейнелеу өнері және сызу мамандығының 4-курс студенті Абылайхан Аманжолдың айтуынша, мүсін жастардың қиялынан туған.

  • Біз жыл сайын осы ауданның жастары болып Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қардан әртүрлі мүсіндер жасаймыз. Өткен жылы тауықтың мүсінін жасасақ, биыл ит жылында қазақы ит — төбеттің мүсінін жасап отырмыз. Бір-бірімізбен ойласа келіп, бұл жолы екі иттің бірін тұрған, екіншісін жатқан күйінде бейнеледік. Мүсінді жасау кезінде оны қатыру үшін су, сондай-ақ иттің түсін келтіру үшін аэрозоль бояуын қолдандық. Бұл мүсінді жасау үшін екі күн уақыт кетті, — дейді Абылайхан.

Оның айтуынша, мүсінді жасауға Бойна ауданындағы мектептің биылғы түлектері мен сол ауданның тұрғыны Аслан Төретаев үлес қосқан.

— Қардан жасалған мүсіннің биіктігі 4 метрге жетеді. Көшеде мүсінді көрген тұрғындар, сондай-ақ әлеуметтік желіде көргендердің барлығы біздің жасаған мүсінімізге сүйсініп, өздерінің жақсы пікірлерін айтып жатыр. Еңбегімізді бағалап, шын көңілден тілектерін білдіріп жатқан адамдарға айтар алғысымыз шексіз.

Ит — жеті қазынаның бірі, адамның досы. Сондықтан биылғы ит жылынан жағымды жаңалықтар күтеміз. Елімізге, халқымызға құт-береке әкелетін жыл болады деп сенеміз. Біз, Шалқар қаласының жастары, барлық қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймыз, — дейді Абылайхан.

Данагүл ҚАЗИХАН

источник