Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Астана вальсі

Астана вальсі

Елордамыз — Астана қаласына арналып талай тамаша ән-жыр жазылды. Солардың арасында ел-жұрт өте жылы қабылдаған туындылардың бірі — Астананың 10 жылдығына тарту — «Астана вальсі» әні. Астанаға деген үлкен құрметтің көрінісі іспетті осы әннің сөзін жазған — белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев. Әнін жазған — белгілі әнші, композитор Қанат Айтбаев.

Көпшілік ықыласпен көретін ән клипін 2009 жылы «Димаш-Әли» шығармашылық студиясы түсірген болатын. «Астана вальсін» Марат Әйтімов, Досымжан Таңатаров, Қанат және Света Айтбаевтар, Жадыра  Арыстановалар орындайтыны белгілі. Сондай-ақ, «Аққу» би ансамблінің биші қыздарының өнері де клипке ерекше көрік береді. Бейнеклип режиссурасы — Қанат Айтбаевтікі, ал қоюшы операторы — Раду Драган.

Мереке қарсаңында біз «Астана вальсі» әнінің шығу тарихын білмек ниетпен авторларына хабарласқан едік. Сонымен…

Ертай АШЫҚБАЕВ, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:

Дәл қай күн екені есімде жоқ, әйтеуір, Астананың 10 жылдығы тойланар қарсаңда жұмыс соңына таман кабинетіме Қанат інім келді. Шаруасы шұғыл екен. Астанаға арналған жаңа әннің музыкасын жазыпты, енді соған мәтін керек. Керек болғанда да, тым асығыс, ертеңге дейін жазып беруімді мықтап өтінді. Түсіндім, уәде де беріп тастадым. Дегенмен күдігім де жоқ емес. Расы керек, мен өлеңді шапшаң жаза алмайтындардың сортынанмын. Жазамын, түзеймін, өзгертемін, өшіремін, қайта бастаймын, әйтеуір, өз жазғаныма өзімнің көңілім тола қоятын кезі сирек. Ал мына өтініштің жөні басқа. Тәуекел деуге тура келді. Сол бойда ешқайда бұрылмай, бірден үйге тарттым. Жолшыбай да, үйге келіп әдетімше шай ішіп отырғанымда да Астана туралы болашақ әннің болашақ сөзі ойымнан шықпай қойды. Себебі кәдімгі өлең мен әннің мәтіні екі басқа дүние ғой. Сөйтіп, бір кезде қалам мен қағазды қолға алдым. Бір ғажабы, бұл жолы қаламым жорғалап қоя берсін. Үш шумақ бірінен соң бірі тізіліп шыға келді. Ал қайырмасын жазу тіпті қиынға соқпады. Осылайша ән мәтіні шамамен бір-екі сағаттың о жақ, бұ жағында дайын болды-ау деймін. Кейін Қанат інім де, Света қарындасым да ризашылықтарын білдірді. Ал мен тамаша әуенге мәтін жазудың рахатын бастан кештім.

ӘН ӘУЕНІ:

ӘУЕН ҚАЛАЙ ШЫҚҚАН ЕДІ?

Қанат АЙТБАЕВ, белгілі әнші, композитор:

Бұл ән — Астанамыздың 10 жылдығы қарсаңында туындаған дүние.

…Отбасымыздағы қалыптасқан дәстүр бойынша балаларымызға кең-байтақ еліміздің әсем де көрікті жерлерін, тарихтан сыр шертетін мәдени мұраларын таныстыру мақсатында сапарларға шығамыз. Сол жолы Елордамызға жол түсті. Әлемдегі ең жас астана саналатын Астана қаласының жарқын келбеті, салтанатты сәулеті ерекше көз тартады. Мұнда еңсе тіктеген көптеген ғимараттардың, расында, сәулет өнерінің бірін-бірі қайталамайтын бірегей жобасы екеніне көз жеткізе түстік. Саялы бақтар мен жайнаған гүлзарлар, көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын субұрқақтар да Астана ажарына ерекше әр береді. Сол күнгі ауа райы да тамаша: күн шуағы төгіліп, жарқырап тұрды. Айналадағы адамдардың да көңілі шат…

Сән-салтанаты келіскен еңселі Ақорданың алдындағы әдемі субұрқақтарды көріп, кіп-кішкентай Раушанның шаттанып, қуанғаны есімде қалыпты. «Астана-а-а» деп көйлегінің етегін қолымен ұстап алып, әндетіп, айнала билеген болатын. Ән әуенінің шығуына түрткі болған жай осы.

ӘН СӨЗІ:

ЖҰП-ЖҰМЫР, КӨРКЕМ ДҮНИЕ

 Сөйтіп, әуезді әуен туындай бастады. Үйге келіп, дереу аспапты қолыма алып, ойнай бастадым. Алдымен қайырмасы туындады. Сөйтіп, жұп-жұмыр дүние пайда болды. Әннің сөзін өзім жазуға «тақырыпты аша алмай қаламын ба» деп ойлап, жүрексіндім. Жүрек тебірентер сезімге толы лирикалық туындыны Ертай ағам жазатынына нық сенімді болдым. Сөйтіп, Ертай ағама өз ойымды айтып, өтініш білдірдім. Ертай ағам кейінге созған жоқ. Көп ұзамай, бір-екі сағаттың ішінде хабарласып, әннің сөзін оқып берді.

Әдетте өзіміз жазған ән мәтіні көпшіліктің бәріне бірдей ұнай бермейтін. Бұл жолы әннің сөзінен мақтау ғана естідік. Елден бұрын Света қуанды: «Әннің мәтіні мазмұнды, керемет туынды екен» деп. Мен де мәз болдым: «Енді ше, әннің сөзін жазған — елімізге белгілі ақын Ертай Ашықбаев емес пе? Сол себепті те, басқаша болуы мүмкін де емес. Ән мәтінінің көркем дүние болу заңдылық», — дедім.

«Астана вальсі»

 Сөзін жазған Ертай Ашықбаев.

Әнін жазған Қанат Айтбаев.

Аяулы армандарды аңсап ұстар –

Есілден басталатын қанша ағыс бар.

Барша нұр аймалайды Астананы,

Қонады Астанаға барша құстар.

Қайырмасы:

Астанам — мәңгілік дастан-ән,

Жайнаған гүлденіп жас қалам.

Арайлансын ақ таңың,

Мәртебелім, мақтаным,

Айбыным, абыройым, Астанам!

Шарықтап қуаныштың таныс әні,

Күлкілер бір-бірімен жарысады.

Келеді барлық әлем Астанаға,

Барша жұрт Астанада табысады.

Қайырмасы:

Көшелер көктем гүлін тағынады,

Жастықтың жұлдыздары жағылады.

Келгендер шаттанады Астанаға,

Кеткендер Астананы сағынады.

Қайырмасы

ӘНДІ ӘРЛЕУ:

БЕС ДАУЫСҚА АРНАЛҒАН ӘН

Ән сөзі дайын. Содан досым Бақытбек Зейнелов екеуміз тапжылмай отырып, әннің аранжировкасын жасадық. Бір емес, бірнеше нұсқасын әзірледік. Дайын болған уақытта Ташкенттегі әріптес азаматтарға хабарласып, ғаламтор арқылы нотасын жібердік. Олардың бірі гитара, бірі скрипкада ойнап, қайта салды.

«Әнді екі адам ғана айтпау керек, әсерлі болуы үшін бірнеше адам айтуы тиіс» деген ой туды. Сөйтіп, Марат Әйтімов, Жадыра Арыстанова, Досымжан Таңатаров, мен, Света бесеуміз айттық. Көңілімізден шықты. Бірнеше концерттерде айтып көріп едік, халық өте жылы қабылдады.

Әннің Света екеуміз айтатын нұсқасы бар. Досымжан, мен, Света үшеуміз де айттық. Марат, Света, мен, Досымжан төртеуміз орындаған кезіміз де болды. Ал негізгі, ең бастапқы нұсқасында Марат Әйтімов, Жадыра Арыстанова, Досымжан Таңатаров, мен, Света бесеуміз шырқадық. Негізінде бес дауысқа арналып жазылған дүние. Әннің қайырмасын бірнеше дауыста, бірнеше адам орындағанда барынша әсерлі естіледі.

Қазір бұл ән көптеген үкіметтік концерттерде орындалып жүр. Димаш та өзінің репертуарына қосып, орындады. Көптеген өнерпаздар түрлі байқауларда осы әнді шырқайды.

ӘН КЛИПІ:

БАС БӘЙГЕНІ АЛҒАН КЛИП

Содан кейін клип түсіру туралы ой келді. Астананың 10 жылдығы қарсаңында қажетті асай-мүсейіміздің барлығын арқалап, Астанаға бардық. «Димаш-Әли» шығармашылық студиясының күшіменен клип түсірдік.

Клип түсіру барысында ауа райының қолайсыздығына байланысты біраз қиындыққа ұшырадық. Астанаға көктем кештеу келетіні белгілі. Біз Елордаға ерте көктемде барған болатынбыз. Әсіресе, «Аққу» би ансамблінің биші қыздары біраз әуреге түсті. Сәндеген шаш, беттегі макияж — бәрі бүлінді.

Клип түсірген кезде жарықтың маңызы зор. Сол себепті, таңғы сағат 5.00-7.00-дің арасында әйтпесе кешкі сағат 18.00-20.00-дің арасында түсірген өте тиімді болады. Сөйтіп, біз клипті таңертең ерте түсірмекші болдық. Дайындықты түнгі 2.00-ден бастап кеттік. Жоспарға сай бәрі дап-дайын болды. Түсіруді енді бастай бергенде жаңбыр құйды дейсің… Одан кейінгі күндері де ауа райы қолайсыз болды. Бірде күн суытты, бірде қатты жел тұрды.  Сөйтіп, ауа райының «сабасына» түсуін күтуге тура келді. «Екі-үш күннің ішінде түсіріп боламыз» деген жоспарымыз бұзылды. Бір аптадан астам уақытқа созылды. Қорытындысында, өзіміздің ойымыздағыдай дүниені жасадық. Клип республикалық және жергілікті телеарналардан көрсетіліп жүр.

Кейін, 2010 жылы «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен патриоттық тақырыптағы клиптерге «Отаным — жүрегімде» атты республикалық байқау жарияланды. Байқауға қатысуға 30-дан астам өтініш түсіпті. Соның арасында «Астана вальсі» әні бас бәйгені жеңіп алды.

Жазып алған Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Ақтөбе газеті