Понедельник, Июль 22, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет студенті белбеу күресінен қола жүлдегер атанды

Университет студенті белбеу күресінен қола жүлдегер атанды

Ресейдің Казань қаласында белбеу күресінен 18-20 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында өткен Әлем біріншілігінде университеттің кәсіби-шығармашылық факультетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 3 курс студенті Әл-Фараби Бимағанбет үшінші орын иеленді.

62 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әл-Фараби қарсыластарынан басымдық танытты.

Әл-Фараби Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданында туып өскен. Кішкентайынан спортқа жаны құмар ол күреспен мектеп жасынан бастап айналысып келеді. Белбеу күресінен бөлек қазақ күресі, дзюдо, самбодан спорт шеберлігіне үміткер.

2017 жылы наурыз айында Шымкент қаласында өткен белбеу күрестен Қазақстан чемпионатында Әл-Фараби Бимағанбет жүлделі бірінші орынды иеленді. Аталмыш жарыста ол Қазақстан Республикасы чемпионы атанып, спорт шебері нормативін орындап, Қазань қаласындағы Әлем біріншілігіне жолдама алған болатын.

Әлем біріншілігіне көптеген мемлекеттің спортшылары бақ сынасты. Әл-Фарабидің тренері университетіміздің «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының аға оқытушысы, КСРО спорт шебері Роман Тойлыбаевтың айтуынша, белбеу күресі ежелгі күрес түрлерінің бірі болса да, елімізде соңғы 3-4 жылда дамып келеді. «Әл-Фараби болашағынан зор үміт күттіретін спортшы. Оның әлі талай асуларды бағындыратынына сенемін»,- дейді.

Жеңісің құтты болсын, Әл-Фараби!