Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Дуальды оқыту жүйесі мектеп пен университет байланысын нығайта түседі

Дуальды оқыту жүйесі мектеп пен университет байланысын нығайта түседі

«Дуальды оқыту — студенттерді практикалық даяралудың тәжірибелік негізі».

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өткен облыстық ғылыми-әдістемелік  семинар осылай аталды. Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, аталған университеттің ректоры Бауыржан Ердембеков қатысты. Сондай-ақ, шараға мектеп мұғалімдері, мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері мен тәрбиешілері жиналды.

Алдымен сөз алған университет ректоры оқу орнының тыныс-тірлігімен таныстырды. Сондай-ақ, ректор Елбасының биылғы Жолдауында мұғалімдер мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлінгендігін, педагогикалық мамандықтарға, педагогикалық факультеттерге баса мән берілетіндігін жеткізді.

— Бұған дейін техникалық мамандықтарға басымдық берілген болатын. Техникалық мамандықтарға гранттар екі еселеп бөлінген-ді. Сол кезде педагогикалық институттар, педагогикалық мамандықтарға қиындау тигені рас. Енді осы екі саладағы мамандықтарға деген қолдау тең болады, — деді Бауыржан Ердембеков.

Ол сөзінде мектеп пен университет арасындағы байланысты нығайта түсуде дуальды білім беру жүйесінің маңызы зор екендігін тілге тиек етті.

Жиын барысында сөз алған университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова «Жоғары оқу орындарында дуальды оқыту жүйесін енгізу мәселелері» туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы оқу жылының басында университеттің физика, химия, математика, информатика, биология, шет тілі: екі шет тілі  мамандықтарында оқып жатқан 38 студент Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлесіп, дуальды оқыту жүйесінің элементтерін жүзеге асыра бастапты. Осы 6 мамандық бойынша «Оқыту әдістемесі» пәндерінің практикалық сабақтары Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен. Екінші жартыжылдықта студенттер аталған мектепте 10 апталық педагогикалық тәжірибеден өтеді.

Университетте тек қана білім бағыты бойынша 129 өндірістік білім беру базасы бар екен. Өткен оқу жылында 62 база болыпты.

— Солардың бірі — Новый орта мектебінің базасында кафедралардың жаратылыстану, гуманитарлық бағыттарындағы филиалдары ашылды. Екінші жартыжылдықта осы мектеп базасында дуальды оқыту жүйесі бойынша 3 пәннен (көркем оқыту әдістемесі, жаратылыстануды оқыту әдістемесі, музыканы оқытудың теориясы мен әдістемесі) зертханалық-практикалық сабақтар өтеді, — деді Бибігүл Әбенова. Оның айтуынша, жақында кафедралар филиалдарын ашу және оның негізінде дуальды оқыту элементтерін енгізу мақсатында Ақтөбе қаласындағы «Сымбат» және №1 музыка мектептерімен меморандумға қол қойылады.

Айта кету керек, облыстық ғылыми-әдістемелік семинар жұмысы үш бағытта: жоғары оқу орындарында дуальды білім беру жүйесін енгізу мәселелері мен мүмкіндіктері, дуальды оқыту жүйесінде білім ұйымдарымен серіктестікті қалыптастыру: теория және практика, білім берудің жаңартылған мазмұны: инновация, интеграция және оқыту технологиялары тақырыптарында өтті.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

источник