Пятница, Март 29, 2024
Басты > Білім > Университетте оқушылар үшін ұйымдастырылған олимпиада аяқталды

Университетте оқушылар үшін ұйымдастырылған олимпиада аяқталды

 

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті экономика және құқық факультеті «Мемлекеттік басқару және маркетинг» кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстанның болашағы жастардың қолында» тақырыбында Ақтөбе облысының жалпы беру мекемелерінің 10-11 класс оқушылары арасында олимпиада өтті.

Олимпиаданы өткізудегі мақсат «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттарына сәйкес көпұлтты қоғамымыздың жетістігінің негізі ретінде, жастардың бойында қазақстандық патриотизм сезімін дамыту, дарынды және талантты мектеп оқушыларын қолдауға арналды.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Іріктеу сатысы – сырттай кезең 2017 жылдың 6 қарашасы мен 20 желтоқсаны аралығында өткізілді. Бұл кезеңде кафедра даярлайтын мамандықтарына сәйкес олимпиадаға қатысушы оқушылар «Мемлекеттік қызмет халықтың игілігі үшін», «Маркетинг – бизнестің қозғаушы күші» тақырыптары бойынша эссе жазудан сынасты. Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе облысы мектеп оқушыларынан 50-ден астам эссе жұмысы келіп түскен. Оларға іріктеу жасалып, 30 жұмыс екінші кезеңге жолдама алды.

Олимпиада қорытындысында «Мемлекеттік қызмет халықтың игілігі» бағыты бойынша бірінші орынды №32 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Диас Демеуов, екінші орынды Темір ауданы, Темір қаласындағы С.Бәйішев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Ақерке Таңжарбай иеленді. Ал үшінші орынды Алға ауданы Қарақұдық орта мектебінің 10-сынып оқушысы Айдана Алпысбаева мен Б.Момышұлы атындағы №62 ЖББО қазақ орта мектебінің 10-сынып оқушысы Аружан Амантаева бөлісті.

«Маркетинг бизнестің қозғаушы күші» бағыты бойынша бірінші орынды №60 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Гулстан Қарағұлова жеңіп алды. Екінші орынды Темір ауданы Темір қаласындағы С.Бәйішев атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушы Анар Мустафина, үшінші орынды №61 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Ақбота Хадимжанова иеленді.

Олимпиада жеңімпаздары дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.