Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Зәкраддин байдосов: Елбасы туралы айтқан пікірімде қаламын

Зәкраддин байдосов: Елбасы туралы айтқан пікірімде қаламын

Зәкраддин Байдосұлының есімі ұзақ жылдар басшылық қызметте болуымен елге кеңінен танылған еді. Одан егде жасқа аяқ басқанда ғылымға қадам жасап, зиялы қауымды тағы аузына қаратты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры атанды. Том-том тарихи зерттеу кітаптары оқырманнның қолында жүр. Ол әлі де кемел шағында екен. Төрт қабырғаға қойылған сөрелері кітаптан сірескен кабинетінде таптым. Төрде Елбасымен бірге түскен үлкейтілген суреті тұрды. Алдында ғылыми шығармаларының жеті томы және таяуда бітірген жаңа кітабының тасқа басқан қолжазбасы  жатты. Бұрыннан таныс ағамен әңгімеміз іркілмей өрбіді. 

 Саяси қуғын-сүргін құрбандарының іздеушісі болдым

 — Сексеннің бесеуіне аяқ басқан қадірлі ақсақалсыз. Өмір деректеріңізден басшылық қызметтерге өте ерте араласқаныңызды көреміз. Облысымыздың бес ауданында басшылық қызметте болғаныңызды, оның ішінде Темір, Исатай аудандарында бірінші басшы болғаныңызды білеміз. Әйтсе де, бүгінгі көпшілік, соның ішінде жастар жағы өзіңізді тарихшы-ғалым ретінде жақсы таниды. Мұның сыры неде?

— Мен 27 жыл лауазымды басшылық қызметтер атқарып, 52 жасымда өзімнің мамандығым бойынша Ақтөбе педагогикалық институтына жұмысқа келген адаммын. Оның сырын әңгіме барысында айта жатармын. Ал енді қазіргі көпшіліктің, әсіресе жастар жағының мені жақсы білетіні — осы жылдардағы оқытушылық еңбегіме, ғалымдық, тарихшы-зерттеуші ретіндегі шығармашылығыма байланысты.

Бірінші кезекте мені танымал қылған 4 томнан тұратын «Зұлмат пен үрей: зобалаң анатомиясы» атты саяси-қуғын сүргін құрбандары туралы еңбегім. Бұл тақырыпты 1997 жылдан бастап Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбедегі мұрағатында отырып зерттедім. Бұл кітаптар сол мұрағаттан табылған құжаттар. Мен әлгі айтқан уақыттан бермен қарай есептегенде ҰҚК мұрағатында бір жыл, екі ай тапжылмай отырған екенмін. Мұрағаттағы 6 мың істі қолыммен қарап шықтым. Әрбір адамның ісін жеке-жеке талдап қарағасын, оның материалдары бай болатыны түсінікті ғой. Бұған жалғастырып, «Үш ғасыр перзенттері» атты кітабымды баспадан шығардым. Бұл екі томдық кітап менің әр жылдарда жазылған ғылыми мақалаларым.

Бұл кітаптар барлық кітапханаларда бар. Сосын тиісінше жан-жаққа тарады. Кеше Астанада Ақтөбе облысының күндері өткен кезде, Бәйішев атындағы облыстық кітапхана кітап көрмесін ұйымдастырған. Сонда менің осы кітаптарым қойылған. Еліміздің Қорғаныс министрі құнды кітап деп бағалап, министрліктің музейіне және кітапханасына алдырған. Бұл Ғылым Академиясының кітапханасында, тарихшы академиктердің қолдарында да бар. Бұл кітаптар көп данамен шықса да, тез тарап кетті. Өзімде қалып жарыған жоқ.

— Қазірде де шығармашылық жұмыстан қол үзбегеніңізді  аңғарып отырмын.

— Соның дәлелі — мынау менің «Толқынды белестерім» деген кітабым. Қазір баспаға дайын. Осыны шығармаларымның  8-томы етіп шығарғым келеді. Егер қаражаттың реті табылатын болса, шығып қалар. Осы кітаптың бір тарауы менің еңбектерім жайында баспасөз беттерінде  жарияланған мақалалар мен пікірлерден тұрады. Есет Көкіұлы батырдың өмірін ғылыми зерттеп, жарыққа шығарғанымды жұртшылық жақсы біледі. 1993 жылы біздің облыста Есет Көкіұлы жөнінде үлкен ғылыми конференция болды. Сонда «Қазақтың қаһарман батыры» деген тақырыпта ғылыми баяндама жасадым. Сол кезде оған еліміздің белгілі тарихшылары, Әбдіжәміл Нұрпейісов бастаған бір топ жазушылар қатысты. Мәскеуден әйгілі тарихшы Бекмахановтың қызы Ләйла Бекмаханова келді. Конференция аяқталғасын, осы ғалымдар мені құттықтап: «Үлкен еңбек еткен екенсіз. Тарихшы біздің өзіміз көптеген мағұламаттарды сіздің баяндамаңыз арқылы санамызға құйдық» деді.  Белгілі ақын Қуандық Шаңғытбаев  «Ақиқат» журналына мақала жазды. Ал Темірбек Жүргеновтің туғанына 100 жыл толуына байланысты конференцияда жасаған баяндамам бойынша атақты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов сөйлеп: «Мен Сіздің баяндамаңызды мұқият тыңдадым.  Темірбек Жүргенов жөнінде көп нәрселерді мен де білемін, көп нәрселерді оқығанмын. Бірақ сіздің баяндамаңыздың ерекшелігі — Темірбек Жүргеновтің талантты, өте жігерлі қайраткер екендігін, сіз өзіңіздің ерекше түсінік, сезінуіңізбен жеткіздіңіз. Мен қатты сүйсіндім» — деп жылы лебіз білдірді. Ал белгілі қаламгер, ақтангер ақын Есенбай Дүйсенбаев: «Тарихшы Зәкраддин Байдосов 1986 жылдан бастап, ерінбестен Ақтөбе облысының белгілі тұлғаларының барлығын Москвадағы, Ленинградтағы, Орынбордағы архивтерден жинап, соны халыққа ұсынды. Бұл кісінің, мен байқаймын, жазғандарының барлығы да бұрын-соңды ешкім жазбаған жаңалыққа негізделген.  Бұл кісінің жалпы құлқында жаңалыққа бой ұру қалпы бар» деп жазды.

— Саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеуге ерте кірістіңіз. Бұл тақырыптың жабық болғаны белгілі. Бірақ соның жолын тауып, 4 том кітап жазуыңыз ерлікке пара-пар іс болды.

— Жалпы менің жазған еңбектерімнің басым бөлігі — Ақтөбе облысының саяси қуғын-сүргін құрбандарының тарихына байланысты. Соның мысалы, саяси қуғын-сүргін туралы төрт том кітап. Республика бойынша бір облыстың осы тақырыптағы тарихын зерделеп жазған мұндай еңбек жоқ, ҰҚК мұрағатында мен сияқты бір жыл екі ай отырып оны іздестірген адам да жоқ. Себебі, оларға ұлықсат бермеді. Жалғыз мен ғана ҰҚК мұрағатында отырып жұмыс істеуге мүмкіндік алдым. Былай қараған кезде, маған бір реті келіп кетті, жолым болды. Ол істерді қолға бермейді, тыйым салынған, тіпті қазірде де алу қиын. Ал мен барлық істерді қолыма алып, қарап көрдім. Соның ішінде Жүргеновтің, Құлымбетовтің, Сүйіншқалиевтің, Жаманмұрыновтың, тағы басқа саяси қуғын-сүргін құрбандарының жеке істерін қараған адаммын. Маған дейін біздің облыста ол істерді қолына ұстап көрген жан жоқ. Біреудің жазғанымен айтып келген.

 Еңбек жолым Созақтан басталды

 — Сіз ғылымға 1986 жылы келсеңіз де, көп іс тындырдыңыз. Даңқыңыз шықты. Шынымды айтсам, мен тарих ғылымының докторы деп ойлайтынмын. Тіпті газетке сұхбат алған кезде солай жазып, қателескен кезіміз де болды. Бақсақ, сіз тарих ғылымының кандидаты болып,  докторлықтың тақырыбын алып тұрып, отбасы жағдайына байланысты уақыт таба алмай қалған екенсіз. Сол еске түскенде, ағамыз тарихшы ретінде неге бастан осы жолды таңдамады екен деген ойға қаламыз.

— Мен Шалқар ауданының кешегі кезде үлкен кеңшар болған Сарбұлағының Байқадам дейтін жерінің қасындағы  бір қабат құмының ішінде туған адаммын. Осы жерде 9-ауыл, «Қорғантұз» ұжымшары болды. Біздің кезімізде солай деп аталды. Кейін ол Комсомол, артынан «Сарбұлақ» ұжымшары  болды. Шалқардың орта мектебін бітіргесін, оқу іздеп Алматыға жолға шықтым. Ауылдың қала өмірін білмейтін баласымын. Үлкен қаладан қатты қорқамыз. Қасымда ешкім жоқ.  Қолымда төрт кітабым, бір қалта тары — азығым бар. Сонымен пойыздан түстім. Шешемнің тапсырмасы бар: «Ешкімнен жөн сұрама. Өзің іздеп тауып ал. Ал сұрай қалсаң, қазақтан, онда да үлкен кісіден сұра» деген. Бір кісінің айтуымен, КазГУ деп бардым, қабылдау комиссиясынан тарих факультетін біліп, құжаттарды өткіздім.

Жаңылысқанымды сыртқа шыққасын білдім. Бұл қазақтың Абай атындағы педагогикалық институты екен. Құжатымды қайырып бер деп қайта бардым. Қабылдаған орыс әйел еді, бажылдап бермеді, ректордан ұлықсат керек екен. Енді не істеймін деп, шығып келе жатыр едім, бір бала бар пәрменімен ішке қарап жүгіріп келді де, асығып бара жатқан болу керек, қолымдағы дорбамды қағып, ұшырып жіберді. Шешем берген 7-8 келідей тары еді. Күніге үш мезгіл, бір уыстан ауызыңа құй да, су іше бер, өлмейсің деген. Ол кезде ақша жоқ. 1951 жыл. Төгілген тары ақтарылып, жайылып коридорды алды да кетті. Соны жан дәрмен уыстап жинап жатқанмын. Біреу: «Әй, бала,  не істеп жатырсың?» деді. Қарасам, ақ бәтеңке, ақ шалбар, ақ гимнастерка, ақ фуражка киген,  әдемі кісі тұр. «Не істеп жатырсың, бала?» деді тағы да. «Ой, аға, көріп тұрсыз ғой. Тарымды жинап жатырмын. Біреу қағып кетті» дедім. Жүзі жылы, иманды екен, «Сіз кім боласыз?» деп сұрадым. «Мен Жауымбай Амантаев, осындағы тарих факультетінің деканымын» деді. Сол-ақ екен, «Ағеке, маған құжатымды алып беріңіз? Мен КазГУ-дың тарих факультетіне түсуім керек еді» деп жабыса кеттім. Содан мырс етіп күлді де: «Әй, бала, сен кездейсоқ келіп құжатыңды тапсырған екенсің. Енді сен бұл құжатты алма! Осы құжатыңды өткізген жерден бақытты көресің. Саған бақыттың жолын осы ара ашады!» деді. Алланың бұйырмысы деген сөз айтылған жоқ, бірақ соған келтіріп айтты. «Жатақханаға жолдама алдың ба?» деді одан соң. Алмағанымды айттым. «Онда жүр, ертіп барып алып берейін» деді. Екеуіміз жолда келе жатырмыз. «Қай жақтың баласысың?» деп сұрады.  Жөнімді айттым. «Онда біз екеуміз жерлес болдық» деді. Тарих ғылымының кандидаты екен. Ақтөбенің Қарабұтақ не Байғанин аудандарының бірінде туған. Емтиханды жақсы тапсырдым, стипендия, жатақхана алатын болдым. Ақырында сол оқуды бітірдім. Менің бақытымның ашылуы да сол оқу болды, ана кісінің айтқаны келді.

— Содан Шалқарға оралып жұмысқа кірістіңіз бе?

Ол кезде бүкіл Қазақстан бойынша пединститут үшеу: Семейде, Қызылордада, сосын Алматыда. Сондықтан бұл оқу орындарын бітіргендерді, мектептерге бармай қалады деп, оқу министрлігінің арнайы комиссиясы бөледі. Өйткені ол кезде жоғары оқу орындарын бітіргендерді бірден комсомол, партия қызметіне алып кетеді. Содан мені Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы мектепке жіберді. Содан «Созақ қайда?» деп сұраймын, ешкім білмейді. Жатақханаға келіп, Оңтүстік Қазақстанның баласынан «Созақ деген қайда?» десем. «Оны неге сұрап тұрсың?» деді. «Мені сол жаққа жіберді» дедім. «Ой, сорлы, ол Созақ емес, дозақ!» деді. Сосынғы жерде ол айтты: «Қаратаудың ар жағында, Бетпақ даланың  бер жағында, мәдениеттен жұрдай, халқы тағы, облыстан қашық, ең түкпірде, Қаратаудың терістігінде жатыр. Қысы-жазы облыстан ол жаққа ешкім де бармайды» деді. Сөйтіп, қатты қорқытты. Өз өңірінің адамы айтып тұрғасын, қорқып келдім, бірақ олай болмады. Жіберген мектепке мұғалім болдым. Бір жылдан кейін аудандық комсомол комитетінің штаттан тыс хатшысы етіп сайлады. Көп ұзамай сол ауданның комсомол комитетінің бірінші хатшысы болдым.

— Біз Сізді Шалқар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы деп жүрміз.

— Ол кейін ғой. Комсомолдағы басшылықты Созақта бастадым. Елге оралғым келді, бірақ жібермеді. Екі жарым жыл жүрдім.

Сүгір күйшіні көрдім

 — Сізді Сүгір күйшіні көрді деп жүргені сонда ма?

— Сонда ғой. Сүгір күйші тірі онда. Оны көргенім былай болды: Мен ондай күйші барын білмейтінмін. 1958 жылы жазда, каникул кезінде Шалқарға келдім. Сұлтанбек дейтін өзімнің бірге оқыған жолдасым, досым, керемет күшті жігіт болатын. Өзінің  «Торайғыр» дейтін шығарған күйі бар. Соны тартып беріп: «Сенің Созағыңда Сүгір дейтін күйші бар. Соны білесің бе?» деп сұрады. Бірінші рет естіп тұрғанымды айттым.  Тіпті ол кезде Қазанғапты да онша көп білмейтінмін, күйін тартамыз бірақ.

Содан барғасын мені аудандық комсомол комитетіне бірінші хатшылығына сайлады. «Ынтымақ» дейтін ұжымшарға Сүгірді көруге арнайы бардым. Мектеп директоры ертіп барды. Ағаш үйде отырады екен. Жаздың күні еді. Сәлемдестік.

— Бұл қай жылы?

— 1959 жылы. Орта бойлы кісі екен, шоқша сақалы бар. Бір домбыра өзінің арқа тұсында ілулі тұр. Бір домбыра төрде қабырғаға сүйеулі. Көрпе жаюлы жатыр. Әрине, директор күйшіні жақсы біледі, мені таныстырды. «Сіздің бір күйіңізді естігісі келеді. Бұл өзі Ақтөбе облысының жігіті» деді.

Солай деді де, «Сүгір атаңа бір күй тартып бере ғой?» деп, маған домбыраны бере қойды. Ал енді Сүгірдің көзінше домбыраны қалай тартасың?! Содан ақ тер-көк тер болып отырып, «Өттің, дүние, кеттің, дүние» дейтін Қазанғаптың күйін тартып бердім.  Көйлегім терге шомылып кетті. Күйді тыңдап болғасын, Сүгір: «Шырағым, мынау Қазанғап қой» деді. «Астапыралла»  дедім, қалай біліп тұр? Ауылда менен сұраған адам — Сұлтанбек, ол да күйші,  қарапайым жұмысшы,  бірақ Сүгірді біліп тұр. Ал Сүгір Қазанғапты біліп тұр. Арасы тіпті көп жер. Сосын мен ішімнен ойладым: Ақтөбеде Сұлтанбек Сүгірді біліп тұр, ал Созақта Сүгір Қазанғапты біліп тұр. Ал мен екеуін де білмеймін» деп.

Мектептің директоры: «Енді сіз бір күй тартып беріңіз?» деп қолқалады. Сүгір асықпай домбырасын алып, өзінің бір күйін тартты, құдірет екен.

Сөйтіп отырғанда келіні шай әкелді, бір-екі кеседен шай іштік. Сүгір менен Қазанғап жөнінде сұрайды. Мен білмеймін. Білмеймін деп айтуға тағы ұяламын. Сөйтіп, Сұлтанбек досымның арқасында  сол жолы Сүгірді  көрдім. Сұлтанбек те асқан күйші еді. Мектепте бірге оқыдық, досым әрі тумам. Талантты жігіт еді, өмірі қысқа болды, 24 жасында өмірден өтіп кетті. Сол жөнінде жазылған «Көкайғыр» дейтін шағын әңгімем бар еді.

Мен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жүргенде, 1960 жылы Созаққа Мұхтар Әуезов келді. «Балықшы әулие» дейтін жер бар. Сол жерде әрбір кеңшар бір үйден тігіп, бір-бір жылқыдан байлап, жеті күні мереке жасады.

— Мұхтар Әуезовтің «Өскен өркен» романын жазуға баратын сапары ғой.

— Сол оңтүстікке жасаған сапарында. Қасында облыстық газеттің редакторы, жазушы Малқаров, сосын Сарысу ауданының бір ақыны және Созақ ауданының бірінші хатшысы Қосымбетов болды. Біз аудандық партия комитетінің бюро мүшелері қатар тік тұрғанбыз. Ауданның басшысы таныстырды. Маған келген кезде: «Байдосов Зәкраддин аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы» деді. «А, кішкентай хатшы екен ғой» деді. Сосын қолын беріп, «оқуды қайдан бітірдің» деді. ҚазПИ-дің тарих факультетін бітіргенімді, алайда жазушының лекциясын екі мәрте тыңдағанымды айттым. ҚазПИ-ге келіп лекция оқыған еді. «Қай уақытта лекциямды тыңдап едің?» деп сұрады. 1952 жылы күзде үгіт залында қазақ тілі мен әдебиеті факультеті студенттері үшін лекция оқыған кезде қатысқанымды айттым. «Дұрыс, дұрыс, ондай лекция оқығаным есімде» деді.

Мұны әңгімелеп отырғаным, сол жолы Мұхтар Әуезов сәлем беріп шығамын деп Сүгірге барды. Сонда күйшіні Алматыға алып кетпек болған. Артынан естідік, Сүгір Алматыға бармай қалып қойыпты деп. Осы төрт-бес жылдықтың көлемінде Сүгір жөнінде орталық басылымдардың бірінде бір жақсы мақала шықты. Сол мақалада Мұхтар Әуезовтің Созаққа барғаны, Сүгірмен әңгімелесіп,  бірсыпыра күйлерін жаздырып алғаны, келесі жылы келемін деп кеткенде, 1961 жылы, ауырып қайтыс болғаны әңгіме болады. Сүгірдің күйлерін алғаш рет Қазрадиокомитетке тапсырма беріп, жаздырып, эфирге шығарған — Мұхтар Әуезов. Оған дейін жалпы көпшілік тыңдарман оның керемет күйші екенін білмеген.

— Сонымен, Созақтан Ақтөбеге қалай және қашан оралдыңыз?

— Бұл — ұзақ әңгіме. Мен комсомол қызметінде Өзбекәлі Жәнібековпен жұмыстас болдым. Ол бірінші хатшы еді: «Шалқар да, Созақ та қазақтың елі. Кетем деп не қыласың, күзде өтетін конференцияда ойымыз бар еді» деп жібермеді. Бірақ, мен болмай, Орталық Комитеттің басшысының қабылдауында болып, Ақтөбеге жол тарттым. Сол тұста облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Үкітай Байжомартов еді. Соның қарауында қызмет істеп, артынан Шалқар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болдым.

Біз де жазықсыз жапа шектік

— Бұдан кейінгі өмірбаян деректеріңіз белгілі. Батыс Қазақстан өлкесі құрылғанда бөлім басшысы болғаныңызды, одан кейін Ойыл ауданында партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Ақтөбе ауданының екінші хатшысы, Темір, Исатай аудандарының бірінші хатшысы болғаныңызды білеміз.

— Партия-кеңес лауазымдық қызметінде 27 жыл жұмыс жасаған екенмін. Содан Исатай  аудандық пария комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда, қызметтен кеттім. Биліктің басына Михаил Горбачевтың келуімен Дінмұхамед Қонаевты республика басшылығынан ығыстырды. Содан бізге де кетуге тура келді. Біздің облыстан басшылықта ешкім қалмады. Көп адамдар жазаланды, лауазымды қызметтен босады.

— Не деп босатып жүр?

— Бұлар Қонаевтың кадрлары, қайта құру саясатын жүргізе  алмайды. Бұрынғы білген-түйгендерімен отырған ескі кадрлар. Сондықтан тазалау керек дейді. Түрлі сылтаулар іздеп тапты. Мен де солай жұмыстан босадым. Мәскеудің бүкілодақтық ауыл шаруашылығы институтының үш курсын сырттай оқып бітіргенмін, аяқталмаған жоғары білімім бар еді. Бірақ мамандығым бойынша жұмыс іздедім. Үлкен қиындықпен Ақтөбе педагогикалық  институтына ассистент болып, онда да ректор марқұм Мұхтар Арыновтың  көмегімен орналастым. Менің алдымда Үкітай Байжомартов та сол қызметті алған. Ол — экономика ғылымының кандидаты. Марқұм сол айтатын: «Біздің артымызда үй сыпырушылық қана қызмет бар» деп.

Әне, солай орналасып, қарапайым оқытушылықты оқу министрінің бұйрығымен шақ алдық. Өйткені ол кезде партиялық қызметтен босаған адамды еш жер жұмысқа алмайтын.

— Сіздің Елбасына деген ықыласыңыздың бөлек екенін жұртшылық жақсы біледі. Нұрсұлтан Әбішұлы Ақтөбеге келген бір сапарында «Мәңгілік президент етіп сайлайық»  деп ұсыныс енгізгеніңіз бар. Мына төріңізде тұрған сурет сондағы сурет, танып тұрмын.  Жалпы Елбасын әріден білесіз-ау, шамасы?

— Созақ ауданында комсомол қызметінде істеп жүрген кезімнен білемін. Республикада өткен съезде сөйлеген сөзін естіп, тәнті болғаным есімде. Ол кезде Қарағандыда жұмыс істейтін. Қағазға қарамай сөйледі. Біз болсақ, қағаздан оқып беретінбіз. Содан одақтық съезге делегат болып сайланды. Осыдан бастап қызмет лауазымында тез өрлеп, өсті. Жұмыс бабында талай кездестім, кездесулеріне қатыстым. Сіздің айтып отырғаныңыз Ақтөбенің Тұңғыш Президент атындағы саябағында айтқан сөзім ғой. Мен бұл пікірді шын жүрегімнен айттым, өзімнің жеке ойым ғой. Кейбірулер мұны сан-саққа жүгіртті. Кезінде соған қиналдым. Елбасының төңірегіне топтасқанда ғана ынтымақ, бірлік болатынын, мақсатқа жететінімізді мен қазір де қайталап айтамын.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ

Ақтөбе газеті