Вторник, Октябрь 4, 2022
Басты > Жаңалықтар > Университет тарихшылары Жолдауды талқылады

Университет тарихшылары Жолдауды талқылады

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кезекті «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауына орай университеттің тарих факультетінің ұйымдастыруымен «Төртінші өнеркәсіптік революция: адамзатқа берілген мүмкіндік» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің мақсаты Елбасы Жолдауын талдау, пікірлесу, ой бөлісуге арналды. Аталған жиынға Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Купенов, ғылыми-инновациялық жұмыстар жөніндегі проректор, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров, тарих факультетінің деканы Гүлмира Купенова және университеттің тарихшы ғалымдары қатысты.

Дөңгелек үстелді Рахым Ағыбайұлы сөз сөйлеп ашып, Жолдаудың маңыздылығына тоқталып, халыққа түсіндіруде, насихаттауда тарихшылардың рөлі басым болуы керек екендігін атап өтті.

Басқосу барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұзақбай Исмагулов «Президент Жолдаулары және еліміздің жалпы дамуындағы орны», тарих ғылымдарының кандидаты Самат Есқалиев «Президент Жолдауының басты мақсаты: Қазақстан – әлем көшбасшыларының қатарында ену», Тарих, этнология және археология орталығының директоры Дәулет Әбенов «Жолдаудағы адами капитал мәселесі», философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсембин «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», тарих ғылымдарының кандидаты Асылбек Маден «Жолдаудағы әлеуметтік мәселелер және олардың маңыздылығы» тақырыбындағы баяндамаларын жасады. Мазмұнды баяндамаларда Жолдауда айтылған міндеттер талқыланып, мақсаты, күтілетін нәтижесі, ерекшелігі түсіндірілді.

Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында жастар саясаты, цифрлық білім беру, жемқорлық мәселелері де талданды. Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Купенов «Жастар саясаты-болашақтың кепілі» тақырыбында баяндама жасады. Тарих және дінтану кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыгүл Аликулова жемқорлықпен күрес мәселесіне байланысты пікірін ортаға салса, №2 ғылыми кітапхананың бөлім меңгерушісі Эльвира Абдуллина цифрлық білім беру ресурстарын кітапханада дамыту туралы ұсынысын жеткізіп, ойымен бөлісті.

Дөңгелек үстелде Елбасы Жолдауына байланысты тағайындалған слайд жиналғандар назарына ұсынылды. Сонымен қатар кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған Жолдауға орай баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар, ғалымдардың кітаптары, Елбасының ғылыми еңбектері қойылды.