Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Бельгияда қазақстандық профессор Айсұлу Тасымованың кітабының тұсаукесері өтті

Бельгияда қазақстандық профессор Айсұлу Тасымованың кітабының тұсаукесері өтті

«Білімді модернизациялау» деп аталатын еңбектің авторы Айсұлу Тасымова. Ол Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің білім беру педагогикасы және психологиясы кафедрасының профессоры, ҚР білім беру ісінің үздігі. Ұлағатты ұстаз Президенттің «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып, Еуропаның үздік оқу орындарында тәжірибеден өткен. Профессор монографиялық еңбегін сол халықаралық тәжірибесімен ұштастыра отырып жазыпты. Кітапта Тәуелсіздік жылдары еліміздегі білім саласында жасалған реформалар кеңінен қамтылған. Сондай-ақ, халықаралық білім стандарттарына өтуде ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңыздылығы кеңінен таныстырылады. ЮНЕСКО жанындағы Конкорд академиясының қолдауымен ағылшын тілінде жарық көрген кітап Франция мен Бельгияның кітапханаларына сыйға тартылды.

Айсұлу Тасымова, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, кітаптың авторы:

— Еуропаның 200 жылда жеткен жетістігіне біз 20 жылда қарышты қадамдармен жетіп келе жатырмыз. Жастарымыз өте білімді. Бірақ, менеджмент деген бар. Білім жүйесін басқару деген. Сол білім жүйесін басқарудағы осы жердегі мәдениетті біздің білім басқармаларымыз бен басшыларымыз түгел қабылдаса, өте жақсы болар еді. Ішкі мазмұнды толықтыруға келгенде біз әлі енжармыз. Осы мәселеде көп қызмет атқаруымыз керек.

Питер ван Дер Хейден, Білім саласы бойынша тәуелсіз сарапшы:

— Қазақстанның білім саласын модернизациялау бағдарламалары маған қатты ұнады. Әсіресе, адам құндылығына, жастардың интеллектуалдық деңгейін көтеруге басымдық бергені керемет. Бұл — елдің болашағы, ел экономикасы үшін жасалған қомақты инвестиция. Қазақстанның білім саласындағы реформалары, тәжірибесі өзге елдерге де қызық, пайдалы болатынына сенімдімін.

  Нұрсұлу ҚАСЫМ

источник