Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Үзіліссіз үздік жол

Үзіліссіз үздік жол

Жыл сайын еліміздегі жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамының педагогикалық және ғылыми шеберлігін саралайтын «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2017 » байқауы биылғы жылы да үздіктерді анықтады. Аталмыш байқаудың үздіктері қатарынан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушылары да көрініп отыр. Солардың бірі «Үздік» дипломдардың иегері, жас маман, жаратылыстану факультетінің деканы, PhD доктор Махамбетов Мұрат Жарақұлы.

Балалық шағынан білімге құштар ол мектептің бастауыш сыныбын үздік аяқтағаннан соң, Ж.Молдағалиев атындағы Атырау облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына оқуға қабылданады. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін, онан кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін білім гранты бойынша үздік дипломмен аяқтайды. Білім, ғылым саласына деген қызығушылығы оны магистратураға, сосын докторантураға жетелейді, 2016 жылы диссертациясын сәтті қорғайды. Ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының бұйрығына сәйкес «Экология» мамандығы бойынша философия докторы ғылыми дәрежесі беріледі.

Қазір Мұрат Жарақұлы университетімізде жаратылыстану факультеті деканы қызметін абыроймен атқарып келеді. Сұқбаттасқан журналист Сандуғаш Дүйсенбаева.

 

— Мұрат Жарақұлы, Сіз «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мәртебесіне ие болдыңыз. Құттықтаймын!

Бұл байқауда республиканың ең үздік ЖОО оқытушылары қатысатынын ескерсек, жеңіске жету екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Байқау жеңімпазы ретінде сыннан сүрінбей өтуде қандай дайындық жұмыстарын жүргіздіңіз?

— Рахмет! Әрине, бұл байқауда жеңімпаз болу оңай болған жоқ. Ол – тынымсыз үлкен еңбектің, үлкен жұмыстың нәтижесі деп білемін. Бұл байқауда жеңімпаз болу үшін екі жыл көлемінде дайындық жұмыстарын жүргіздім деуге болады. Себебі, бүгінгі заман талабына сәйкес шетел тілін білу, ғылыми тағылымдамалардан өту, шетелдік онлайн жаппай ашық курстар платформаларынан курстарды меңгеру және тағы сол секілді көптеген талаптарын біле тұра, өзім бұл бағытта жұмыс жасай бастадым, түрлі курстарды меңгердім, тағылымдамалардан өттім. Әр адам өз алдына мақсат қойса міндетті түрде жетеді деп ойлаймын.

— Өмір жолыңызға қарап отырсам, өте тамаша, үздік жол. Сол үшін кімге қарыздарсыз?

— Ең бірінші менің тұлға ретінде қалыптасуыма себепкер болған анама қарыздармын. Мені анам жалғыз өзі өсіріп, тәрбиеледі. Оң мен солды ажыратуымды үйретті. Содан кейін мені осындай ғылым мен білім жолына түсірген өзім білім алған университетімнің үздік ұстаздары, ағайым Өтебай Көшербайұлына, апайларым Роза Изимова мен Хансұлу Құспанғалиқызына және докторлық диссертация жетекшілеріме алғысым шексіз.

Әйгілі физик Альберт Эйнштейн: «Мен еш уақытта өз оқушыларыма еш нәрсе үйретпеймін – тек қана олардың оқуы үшін жағдай жаратамын», -деп айтқан екен. Осы ғұламаның ұстанымы сізге ұнайды ма?

— Бұл шын мәнінде біздің қазіргі Болон үдерісінің бір талабы деп білемін. Себебі, біз студент үшін жағдай жасаймыз, ал олар көп уақытын өздігінен ізденіп оқу керектігі осы бір заманның талабы. Шәкірттеріме мен бағыт беремін де, дегенмен олардың әрі қарай жұмыс жасап, тұлға ретінде қалыптасуларын бақылау өзіме міндет деп санаймын.

Сіз алғаш еңбек жолыңызды «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты ММ бас маман болып бастаған екенсіз. Осы жерде біраз тәжірибе жинаған боларсыз?

— Ия, оқуды аяқтағаннан кейін мен аталған резерватқа жұмысқа өзімнің «Биология және экология» мамандығы бойынша жұмысқа орналастым. Әрине, резерватта жұмыс жасау мен үшін үлкен тәжірибе болды. Қазіргі уақыттың өзінде де жұмыс жасап кеткен орнымнан жинақтаған тәжірибемді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде көп қолданып жүрмін.

Сіздің ойыңызша, осындай байқауларда бақ сынаудың қаншалықты маңызы бар?

— Маңызы өте көп деп санаймын. Себебі, аталған грантты Елбасымыз 2005 жылдан бері ЖОО үздік оқытушыларын қолдау үшін тағайындалған үлкен бір көмек ретінде бекіткен. Сол себепті де грант арқылы шетел мемлекеттеріне ғылыми тағылымдамадан өтуге, оқытушылардың оқу әдістемелік құралдарын шығаруға, ғылыммен айналасуға үлкен мүмкіндік береді.

Сіз Израиль мемлекетінде тағылымдамадан өттіңіз. Сонда игерген біліміңізді күнделікті педагогикалық қызметіңізде қалай пайдаланып жүрсіз?

— Израиль мемлекетінде өткен ғылыми тағылымдамадан менің алған тәжірибем өте көп. Әрине оны мен оқу үдерісінде, студенттермен жұмыс жасағанда қолданамын. Соның бірі ретінде Негевтегі құрғақ жерлердің биотехнологиясы институтында үйренген әдістерім, қазіргі таңда Қазақстан Республикасында шөлейттену мәселелесін шешуде құрғақ жерлерге төзімді өсімдіктерді анықтау мен оларды өсіру бойынша тәжірибелер студенттер мен магистранттардың ғылыми жұмыстарында кең қолдау тауып келеді.

Сұқбатыңызға рақмет!