Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бүгін университетке «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ Бас директоры Вань Цзюньжэнь келді

Бүгін университетке «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ Бас директоры Вань Цзюньжэнь келді

Бүгін университетке СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ Бас директоры Вань Цзюньжэнь бастаған делегация келді. Іскерлік кездесу университеттің Конференц залында өтті.

Кездесудің мақсаты білім ордасы мен кәсіпорын арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайтуға қатысты іс-шараларды талқылау. Әсіресе, дуальді білім беру мәселесі, студенттердің тәжірибеден өтуі, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге байланысты сұрақтар төңірегінде әңгіме қозғалды.

Кездесуде университет ректоры Бауыржан Ердембеков: «Университет пен ірі кәсіпорын арасындағы байланыстың жоғары сатыға көтерілгендігінің куәсі осыдан бірнеше ай бұрын университет ішіндегі Конфуций институтының бастамасымен,  ғылыми жұмыстар жөніндегі проректордың ұйымдастыруымен 2017 жылдың маусымында жергілікті қытайлық 27 компаниямен білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойғанымыз. Бұл өте үлкен жетістік. Меморандумға сәйкес, техникалық, экономикалық, гуманитарлық бағыттағы кейбір мамандықтарға қосымша білім траекторияларын меңгеруге мүмкіндік беретін білім бағдарламалары жасақталды. Сонымен қатар, 9 білім бағдарламасына дуалдық оқыту элементтері енгізілді. Дуалдық оқыту элементтері жергілікті қытайлық компаниялармен құрылған меморандум негізінде жүзеге асады. Дуалдық оқыту жобасы бойынша Қытай компаниялары базасында кафедралар филиалдары құрылады және студенттер үшін практикалық, зертханалық сабақтар, дипломдық жобалар бойынша ізденістер, өндірістік тәжірибелер ұйымдастырылады»,  — деді.

Сонымен қатар Б.Ердембеков оқу орнымызда 7 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Конфуций институтының Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы өзара ынтымақтастық қатынастарды күшейтуде алып отырған ерекше орнына тоқталып, алдағы уақытта бастау алған істердің жалғаса беретінін, сонымен қатар техникалық мамандықтарда оқитын студенттердің тәжірибеден өтуін аталмыш кәсіпорында жоспарлау ойда екенін де айтып өтті.

Сондай-ақ, кездесу барысында университет ректоры қытайлық қонақтарды алда келе жатқан «Көктем мерекесімен» («Чуньцзе») құттықтады және алдағы уақытта түрлі мәдени шараларды біркелікте өткізуге мүмкіншілік бар екенін жеткізді.

Өз кезегінде сөз сөйлеген Ван Цзюньжэнь мырза жылы қарсы алу рәсіміне ризашылығын білдіре отырып, осыдан бірнеше жыл бұрын басталған өзара достық пен ынтымақтастыққа негізделген іс-шаралардың жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

Кездесу соңында қос тарап ескерткіш сыйлықтармен бөлісті.