Среда, Январь 26, 2022
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті мен Тоңмён университеті арасында қарым-қатынас орнады

Жұбанов университеті мен Тоңмён университеті арасында қарым-қатынас орнады

 

Қараша айында Қазақстан мен Оңтүстік Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастықты нығайту, корей тілін үйрену, зерттеу, бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында, Корей Республикасы Пусан қаласындағы Тоңмён университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті әріптестікті бекітетін екі жақты меморандумға қол қойған болатын. Осы сәттен бастап екі жоғары оқу арасындағы байланыс күшейіп, әріптестікке бағытталған ынтымақтастық мәселелері бірлесе жасалатын жұмыстар жайын талқылау мақсатында Тоңмён университетіне бару сапары жоспарланды.

15-17 қаңтар аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры Шоқым Гүлжан Тыныштықбайқызы және университетіміздің жанынан құрылған корей тілі орталығының директоры Сон Ши Мон бастаған бір топ делегация мүшелері Корей Республикасы Пусан қаласындағы Тоңмён университетіне арнайы іс-сапармен барып келді. Тоңмён университетінің ректоры Жанг Хонг Саб мырза келген қонақтарды жылы лебізбен қарсы алып, университеттің жұмыс барысымен таныстырды. Жиынға халықаралық ынтымақтастық орталығының басшысы Кюан Джонг Рак (Kweon, Joong-Rak) , Корей тілі Институтының директоры Анн Джай Хун (Ann, Jae-Hun), Инженерия институты ақпараттық-коммуникациялық инженерия департаментінің басшысы Тае Коок Ким (Tae-Kook Kim) және компьютерлік инженерия, машина жасау факультеттерінің декандары қатысты.

Кездесу барысында ортақ даму, қосдипломдық білім беру бағдарламасын жасау және оны жүзеге асыру жобалары бойынша келіссөздер жүргізілді. Серіктес жоғары оқу орындарында бір-біріне жақын мамандық бойынша білім алып екі жоғары оқу орнының тең дәрежелі дипломын алу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттермен алмасу, профессор-оқытушылармен тәжірибе бөлісу, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және басқа да маңызды жобалар талқыланды. Компьютерлік инженерия, машина жасау мамандықтары бойынша қосымша келісімдер жасап қос дипломды білім беру бағдарламасын келесі оқу жылынан іске қосу жөнінде келіссөздер жүргізілді.

Басқосу соңында екі жоғары оқу орнының ректорлары қосдипломдық білім беру бағдарламасы бойынша арнайы келісімге қол қойып, екі жақтық келісімдерін ресми бекітті.

Сапар барысында Бауыржан Аманкелдіұлы Корей елінде білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті.

Бауыржан Аманкелдіұлы олармен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бүгінгі жетістіктері мен табыстары, болашақта жасалынатын жоспарлары турасында әңгімелесті.

Тоңмён университеті 1977 жылдың сәуір айында құрылған. Корей Республикасындағы технология саласы бойынша мамандар дайындайтын ең ірі

жоғары оқу орындарының бірі. 2014 жылы мақсатты жобалар бойынша оқытуда ең үздік университет болып танылды.