Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетімізде Корея Республикасының «Седжон» институты ашылады

Университетімізде Корея Республикасының «Седжон» институты ашылады

15-17 қаңтар аралығында университет ректоры Бауыржан Ердембеков бастаған делегация мүшелері Корей Республикасы Пусан қаласындағы Тоңмён университетіне сапары аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өзара ынтымақтастық жұмыстары бойынша «Седжон» институтын ашу жөніндегі келіссөздер жүргізілді. Келіссөздер нәтижесінде Тоңмён университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бірлесуімен «Седжон» институтын ашу жобасының келісіміне қол қойылды. «Седжон» институтының басты мақсаты — корей тілін оқыту бойынша тілдік курстар ұйымдастыру және корей мәдениетіне байланысты түрлі іс-шаралар өткізу болып табылады. Бұған дейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Инновациялық технологиялар паркі орналасқан ғимараттан «Корей тілі» орталығы ашылып, корей тілінің курстық сабақтары басталған болатын.

Кездесу барысында Бауыржан Ердембеков: «Бүгінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы өзара тиімді және жемісті экономикалық ынтымақтастық қалыпты үдерістердің біріне айналды. Қазақстан Үкіметінің корей диаспорасына үлкен қамқорлық көрсетіп, көңіл бөлуі екі ел арасындағы өзара түсіністік пен достық қарым-қатынасты нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен корей диаспорасы екі елді жалғайтын сенімді «көпір» рөлін атқарып отыр. Қазақстанда корей театры, Қазақстан корейлерінің қауымдастығы белсенді жұмыс істеуде. Келесі жылы Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуын атап өтпекпіз. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Қазақстан-Корей ынтымақтастығын дамыту орталығы» АҚ-ның директоры Джонг Хи Ву екі жақты әріптестік меморандумына қол қойды. Қазіргі күні Ақтөбеде мұнай және өзге де салалар бойынша онға жуық кореялық компания жұмыс істейді. Жалпы тек экономика емес, өзге салалар бойынша да екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар жыл өткен сайын нығайып келеді. Осы ретте білім беру саласында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Пусан Тоңмён университеті арасындағы өзара халықаралық байланыс екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға көмектеседі деген сенімдеміз»,- деді.

Бұл кездесу ғылыми-зерттеулердің өзекті салалары бойынша тәжірибе алмасу және бірлескен жобалар құру, білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қол жеткізді.

«Седжон» институты жалпы 2007 жылы құрылып, қазіргі уақытта 54 елдегі 131-ге жуық жоғары оқу орындарында ең ірі корей білім беру ұйымына айналып отыр.