Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жас ғалымдар кеңесі жұмысын бастады

Жас ғалымдар кеңесі жұмысын бастады

Ақтөбеде халық ахуалын жақсарту мақсатында “Жас ғалымдар кеңесі” жұмысын бастады. Оның мүшелері аталған мақсат бойынша облыстың барлық мүмкіндіктерін зерделеп, өзіндік ұсыныс-жоспарларын Ішкі саясат басқармасына ұсынатын болады.

Жаңадан құрылған кеңес 1 қазаннан бастап жұмыс жасай бастаған. Президент жолдауына орай жүргізілетін жұмыстарды талқылау үшін жиналған алғашқы отырыста түрлі бағыт бойынша қызықты ұсыныстар айтылды.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен келген оқытушы-мүшелер Мұғалжар ауданындағы диатомит минералы өндірісін дамыту, қаржылық сауаттылықты көтеру, құнды қағаздармен жұмыс жасай білу және оларды мектептегі жоғарғы класс балаларына оқыту мәселелерін қозғады.

Әсет Айтмағамбетов 1 терезе принципін ұсынды. Айтуынша, Болгарияда болыпты. Ол жақта тұрғындардың шаруасы «1 терезеден» бітеді екен. — Халық түрлі мекемелерді жағалап, анықтамалар жинамайды, тек куәлігін ұсынса болды. Осы жүйе бізге де өте қажет, — дейді ол. Кеңес мүшесі Артем Цыганков егіс алқабын бірнеше камера орнату арқылы ақылды жүйеге айналдырса, тракторлардың жүргізушісіз жұмыс істеу мүмкіндігіне қол жеткізуге болатыны туралы қызықты ой тас-тады. Сонымен бірге ол еліміздің экологиялық таза өнімдері туралы да зерттепті. Еліміздің табиғи таза қатты бидай тұқымын бренд ретінде қымбатқа өткізу мүмкіндігі зор екен. Ол паста шығарумен танымал Италияның Қазақстанның таза бидайына қызығушылық танытып отырғанын сөз етті.
«КазРоботикс» ӨҚҰ білім және спорттық робототехника федерациясының вице-президенті Александр Гончаров ресурс орталықтарының қажеттілігі жөнінде пікірін білдірді. – Қаламызда өте сауатты, тамаша идеялы жастар бар. Бірақ оларды қолдайтын ешкім жоқ. Сондықтан да олар шетелге кетіп жатады. Идеялардың сыртқа кетуіне жол бермеу жолдарын қарастыруымыз керек, — деді ол.

Сонымен бірге өңірлік туризмді дамыту жөніндегі қызықты ұсыныстар және оған кедергі болып отырған қиындықтар да сөз етілді.
Отырыста айтылған барлық ұсыныстарды Ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мен Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Жайық Сұлтан түртіп алды.

источник