Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мамандығым — мақтанышым

Мамандығым — мақтанышым

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан өздерің сияқты жас мемлекет, сондықтан біздің болашағымыз да жастар»,- деп тегінен-тегін айтқан жоқ. Мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңі жас ұрпақтың еншісінде болғандықтан, біз сауатты, білімді, бәсекеге қабілетті болуымыз үшін өз мамандықтарымызды дұрыс таңдап, дұрыс игеруіміз қажет. Қазақстан Республикасының болашағы, халықаралық аренада беделінің өсуі, ұлттық қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі, мемлекет алдындағы жоғары азаматтық жауапкершілікке ие болуы мамандардың деңгейіне байланысты.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында: «Біздің жастарымыз оқуға, ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануы тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдаймен қамтамасыз етуіміз керек… Біздің басты мақсат – 2050 жылы мықты мемлекет, дамыған экономика және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру».

Профессия – латын тілінен шыққан «profession» — анықталған іс, мамандық дегенді білдіреді. Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Мамандық таңдау — тағдырынды таңдау деген сөз. Қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау бұл — өте жауапкершілікті және маңызды іс.

Менің таңдауым Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, «Педагогика» факультеті, «Әлеуметтік педагогика және бастауышта оқыту» кафедрасы, «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы. Кафедрада педагогика ғылымдарының докторлары, профессорлар, ғылым кандидаттары, аға оқытушылар, магистрлер дәріс береді және де білімді, білікті, сапалы, жан-жақты, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда аянбай еңбек етіп келеді. Бұл мамандық қоғам талабынан туындаған, сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Экономиканың өсуі, технологияның қарқынды дамуы, әлеуметтік және саяси қарама-қайшылықтардың өрши түсуі балаларға білім беру мен тәрбиелеу жағдайын өзгертуге қажеттілік туындады. Қазіргі таңда елімізде жалпы білім беретін, дамуында кемістігі бар балалар мен қиын жағдайдағы адамдарға әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық көмек көрсететін көптеген арнайы ұйымдар, пеницитарлық типтегі мекемелер, әлеуметтік бағыттағы мекемелер (әлеуметтік қамтамасыз ету органдарында, жұмыссыздарды, аз қамтамасыз етілген адамдарды қолдау және көмек көрсету органдарында) ашылып жатыр. Осы аталған ұйымдар әлеуметтік педагог маманын қажет етеді. Әлеуметтік педагог – бұл балалар мен жасөспірімдерге қоғамда әлеуметтенуіне, дербес тұлға бола отырып, онда өз орындарын табуға көмектесетін маман. Ал өзін-өзі тану – тұлғаның рухани – адамгершілігін дамытуды көздейді. Қазақстандық қоғамдағы өскелең ұрпақты тәрбиелеу және оларға рухани-адамгершілік білім беру жалпы ұлттық, адамзаттық, этномәдениеттік және жеке тұлғалық құңдылықтарға негізделген. Өзін-өзі тану — білім берудің құңдылығын күшейтеді, тұлғаның дамуын көрсетеді, өмірдегі өзінің орнын табуға, өзінің күшіне сенуге, жақсылық жасауға, физикалық, психикалық, рухани әлеуметтік дамуды, өзін жетілдіруге және түсінуге мүмкіндік береді.

«Әлеуметтік-педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы қазіргі кезде балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсетуде өте маңызды мамандықтардың бірі болып табылады. Сондықтан да аталмыш мамандықтың адам өмірінде де, қоғамға да қосар үлесі зор.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құңдылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп атап көрсетті. Мамандық иесі болу үшін алдымен білім мен қабілет қажет. Өйткені, білім арқылы адамның қабілеттілігі артады, ал қабілеттілік білікті маман болуыңа өз үлесін тигізеді. Егеменді еліміздің ертеңі – білімді, білікті, жан-жақты маман иелерінің қолында екені даусыз.

Рән Шынар Әлібекқызы
Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ,
«Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының түлегі