Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мен таңдаған мамандық

Мен таңдаған мамандық

Мамандық… Болашағымызбен тікелей байланысты бұл ұғымның астарында терең мән жатыр. Мамандық кей жандар үшін ойға алған арманының орындалуы болса, енді біреулер үшін жаңалыққа, жаңа өмірге талпыныс, ал үшінші біреулерге жай ғана күнкөрістің қамы ретінде көрінуі мүмкін. Шын мәнісінде мамандық таңдау аса жауапкершілікті талап ететін маңызды іс. Мамандық таңдау барысында адам өз бойындағы жеке ерекшеліктері мен бейімділігін, қабілетқарымы мен қызығушылығын ескеруі тиіс.

Мен де мектепті аяқтап, жаңа өмірге аяқ басар сәтімде бір сәт болсын өз болашағымды  жүрек қалауыммен елестетіп, салмақты  түрде ойлана бастадым. Өзімнің бойымда өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, олардың ішкі жан дүниесін ұғынуға деген икемділіктің бар екендігін байқадым. Сол себепті де өзімді педагогика және психология салаларында көре аламын  деген сеніммен таңдаулы жоғары оқу орындарының бірі саналатын  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне мемлекеттік білім гранты бойынша конкурсқа түсуді жөн санадым. Осыдан соң педагогикалықпсихологиялық мамандықтарға шолу жасау барысында бұрын-соңды естімеген «Әлеуметтік педагогика және өзінөзі тану» атты мамандыққа көзім түсті. Бұл мамандықтың кәсіби қызмет бағыттары мен нысандарын көрген сәтімде оның нағыз мен іздеген мамандық екендігіне көз жеткіздім. Әсіресе әлеуметтік педагогтың балалар мен оқушы жастарды әлеуметтендіру, тұлғалық дамыту процесіндегі атқарар жұмыстары менің бұл мамандыққа деген қызығушылығымды одан әрі арттыра түсті.

Өкінішке орай, мемлекеттік білім грантын жеңіп ала алмадым. Әйтсе де, бұл сәтсіздік менің таңдауыма әсер етпеді. Өзіндік көзқарасы, ойпікірі қалыптасқан азаматша ретінде «Әлеуметтік педагогика және өзінөзі тану» мамандығында ақылы негізде оқуға бел байладым. Мені бұл шешімім еш жаңылдырмады.

Университет қабырғасында оқып жүрген кезімде өз мамандығымның қырсырына терең бойлай бастадым. Әлеуметтік педагогтың бүгінгі күннің сұранысынан пайда болған маман екендігін ұғынсам, ал өзін-өзі тану пәнінің рухани-адамгершілік құндылықтарға үндейтіндігін түсіндім.

Бізді болашақта өз ісінің жетік маманы ретінде қалыптастыру мақсатында педагогика саласында мол еңбек сіңірген профессор С.Е.Қаңтарбай, п.ғ.к., доцент С.С.Сейтенова, п.ғ.к   О.А.Шункеева,  аға оқытушылар Қ.Қ.Қарабаева, Н.Кенжебекова және т.б көптеген оқытушылар саналы да сапалы білім нәрімен сусындата білді. Бұл ұстаздарымыздың әрбір өнегелі сөзі біздің биік белестерді бағындыруымызға жол ашты. Топ жетекшісі Рысбаева Ардақ Қуанышқызының ұстаздық жанашырлығы мен ерекше қолдауы да мені тек алға ұмтылуға, кедергілерді жеңуге, ғылыми ізденімпаздыққа тәрбиеледі.

Үздік үлгерім мен оқудағы жетістіктер оқу ақысына жеңілдіктер алуға, тіпті ақылы негізден мемлекеттік грантқа ауысуыма  септігін тигізді. Осыдан мен алға қойған мақсатыңа саналы  іс-әрекетпен ұмтылыс жасасаң, біздің университетте барлығына қол жеткізуге болатындығын түсіндім.

Міне, бүгінгі күні «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығын үздік дипломға аяқтап, білім бакалавры атанып отырмыз. Жүректі зор қуаныш, шаттық пен мақтаныш кернейді. Ендігі мақсат —  өзімді кәсіби маман ретінде шыңдау. Дәл осы сәтте мені осындай мүмкіндікке ие қылған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне, Педагогика факультетіне, «Әлеуметтік педагогика және бастауышта оқыту» кафедрасының ұжымына  шексіз алғысым мен ыстық ықыласымды білдіремін. Сонымен қатар өз болашағының жарқын болуын қалайтын барша жас түлектерді «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының студенті атануға шақырамын!

 

Мейірханова Айдана Асылханқызы

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ,

«Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының түлегі