Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бір айға созылған спартакиада бүгін аяқталып, жеңімпаздары марапатталды

Бір айға созылған спартакиада бүгін аяқталып, жеңімпаздары марапатталды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары мен қызметкерлері арасында дәстүрлі өтетін спартакиада бүгін мәреге жетті.

 

Оқу орны ұжымының денсаулығын нығайту, спорттық шеберлігін шыңдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру, қалалық жарыстарға қатысу үшін ең мықты спортшыларды таңдау мақсатындағы бәсеке 26 жетоқсан мен 25 қаңтар аралығында өтті.

Спорттың ер және әйел адамдар арасында волейбол, футбол, тоғызқұмалақ, ату, дартс, шахмат және үстел теннисі сияқты сегіз түрінен өткен сайысқа 10 команда қатысты. Атап айтқанда, жарыс кезеңдерінде Әкімшілік, Ақпараттық қызметтік орталығы, Экономика және құқықтану факультеті, Педагогика және психология факультеті, Жаратылыстану факультеті, Техникалық факультеті, Кәсіби-шығармашылық факультеті, Филология факультеті, Тарих факультеті, Шетел тілдері факультеті, Физика-математика факультетінің ұжымынан құралған командалар бақтары мен баптарын сынады.

«Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының қызметкері Әсел Мұхамедиярованың айтуынша биылғы спорт додасына 380 адам қатысқан. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда жоғары. Айта кету керек, бұл спорт жарысы оқу ордамызда 2005 жылдан бері өткізіліп келе жатыр, осы шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруда «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының аға оқытушысы Құлмағамбетов Әбілғазиз Қалдыбайұлы үлкен еңбек сіңіріп келеді.

Спартакиаданың жабылу салтанатында университеттің Кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнұр Зарлықова университет ұжымының арасында салауатты өмір салтын дәріптеуде осы тектес шаралар зор септігін тигізетіндігін атап өтті.

Барша азаматтардың денсаулығын нығайту – жарқын болашаққа апаратын алтын сүрлеу десе де болады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлу қажеттігіне басымдық берген болатын. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Бүгінгідей іс-шара алдағы уақытта да дәстүрден жаңылмай, жалғасын таба беретініне сенімдіміз, – деді, ол.

Сорт сайысының қорытындысы бойынша «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан командалар мен жекелей қатысушылар университетінің ректорының Алғыс хаты және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Атап айтқанда, жалпыкомандалық есепте Кәсіби-шығармашылық факультеті өзгелерден оқ бойы озып шығып, 1-орын алды. Физика-математика факультетінің ұжымы 2-орынды иеленсе, жүлделі үшінші орын Тарих факультетінің қанжығасына байланды.

Бір айға созылған спарткиада нәтижесінде ерлер арасындағы волейбол ойынынан Кәсіби-шығармашылық факультеті 1-ші орын, әйелдер арасында Әкімшілік 1-ші орын, тоғызқұмалақ ойынынан Техникалық факультеті 1-ші орын, үстел теннисінен Кәсіби-шығармашылық факультеті 1-ші орын, шахмат ойынынан Физика-математика факультеті 1-ші орын, атудан Кәсіби-шығармашылық факультеті 1-ші орын, шағын футбол ойынынан Ақпараттық қызметтік орталығы 1-ші орын, дарт ойынынан Кәсіби-шығармашылық факультеті 1-ші орынға ие болды.