Вторник, Апрель 16, 2024
Басты > Жаңалықтар > Кәсіби бағдар беру тобы Орынбор қаласының мектептерінде болды

Кәсіби бағдар беру тобы Орынбор қаласының мектептерінде болды

Кәсіби бағдар беру жұмыстары бойынша Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Нұржан Бердыбаев, Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Самат Есқалиев 25-27 қаңтар аралығында Орынбор облысына іс сапармен барып қайтты.

Мақсат – Орынборлық мектеп бітірушілер арасында кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізу. Кәсіби бағдар алуға Орынбор ауданына қарасты Билявка ауданынан барлығы 150-ден астам болашақ мектеп бітірушілер қатысты. Шараға оқушылардың ата-аналары да келді.

Кәсіби бағдар беруші топты бастап барған профессор Рахым Бекназаров жиналғандарды университеттің материалдық-техникалық базасы, академиялық ұтқырлық бағдарламасы, арнайы гранттар, студенттерге берілетін жеңілдіктер, студенттердің әлеуметтік-тәрбиелік жұмыстары жайындағы мәліметтермен таныстырды. Ол өз сөзінде: «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті 83 жылдық тарихы бар оқу ордасы екендігіне, қазіргі таңда бакалавриат бойынша 56 мамандық, магистратура бойынша 23 мамандық және 1 PhD докторантура бойынша кадрлар дайындайтындығы жайында, университетте 10 факультет, 32 кафедра жұмыс жасайтыны туралы толық атап өтті».

Сондай-ақ топ құрамында барған қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Нұржан Мақсатбайұлы университеттегі мамандықтарға жеке тоқталып, 1-курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мүмкіндігі, әлеуметтік көмекке мұқтаж студенттерге жәрдем көрсету үрдісі, гранттық қаржыландыру мен оқу ақысындағы жеңілдіктер және университеттің халықаралық байланысы жөнінде толыққанды мәлімет беріп, көпшілікті мазалайтын сұрақтарға жауап берді.

Мектеп бітірушілерге университет факультеттері мен мамандықтары жайында кеңінен жазылған брошюра мен буклеттер таратылып, университет жайлы бейнероликті назарға ұсынылды.

Кездесуге қатысқан мектеп оқушылары университеттің arsu.kz сайтынан хабардар екенін жеткізіп, университет жайында оқытушылардан кеңес алды.