Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бүгін «Физика» және «Математика» кафедраларының филиалдары ашылды

Бүгін «Физика» және «Математика» кафедраларының филиалдары ашылды

Мұндай кафедра филиалдарын ашудағы мақсат — жоғары оқу орны мен мектеп арасындағы байланысты нығайту. Осыған орай бүгін Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының базасында «Физика» және «Математика» кафедраларының филиалдары ашылды. Физика-математика факультетінің деканы ф.м.ғ.к, доцент Х.Т. Отаров, кафедра меңгерушілері ф.м.ғ.к М.А.Тлеубергенова мен ф.м.ғ.к, доцент Ш.Ж.Сагимбаева бастаған университет делегациясын мектеп-интернат ұжымы мен директоры К.Е.Тлеумагамбетова жылы шыраймен қарсы алды.

Іс-шараға «Физика» және «Математика» кафедраларының оқытушылары, студенттер мен магистранттар және мектеп-интернаттың ұжымы мен оқушылары қатысты. Кафедра филиалдарының негізгі міндеттері «Математика» және «Физика» мамандықтары бойынша бакалавр мен магистрлер дайындауды жетілдіру, студенттер мен университет түлектерінің кәсіби әрекеттерге бейімделуіне ықпал ету, сонымен қатар оқыту процесінде білім беру инновациясын енгізу және талдауға бағытталған оқыту әдістемесі аймағында ғылыми зерттеулер жүргізу болып табылады.

Кафедра аталған филиалдармен бірлесе тоқсан сайын біріккен ғылыми әдістемелік семинарлар жүргізу, оқыту әдістемесі бойынша шеберлік сабақтары мен практикалық сабақтарды жүргізуде мектеп мамандарын тарту, мектеп-интернат базасында студенттердің практикасын ұйымдастыру, олимпиадалар мен басқа да шараларға мектеп-интернат оқушыларын дайындау бойынша университет оқытушыларымен бірігіп сабақ өткізу шараларын ұйымдастыруды жүзеге асыруды жолға қоймақ. Айта кету керек, физика-математика факультетінің «Математика» кафедрасының бұдан бөлек екі филиалы Білім-инновация лицейі мен үш тілде оқытатын №21 мектеп-гимназиясында жұмыс жасап келеді.