Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде мектеп бітірушілерге арналған «University Night» шарасы өтті

Жұбанов университетінде мектеп бітірушілерге арналған «University Night» шарасы өтті

Бүгін Жұбанов университетінің бас ғимаратында оқу жылының жаңа семестрлік кезеңінің басталуына орайластырылған «University Night» шарасы өтті.

Аталмыш шараны Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті ұйымдастырды.

Ондағы мақсат — оқу жылының жартыжылдығының басталуы қарсаңында мектеп түлектерін университет тынысымен таныстырып, оларға кәсіби бағдар беру, университет пен мектеп арасындағы байланысты нығайту.

«University Night» шарасына Ақтөбе қаласының №51, 17, 27, 39, 21, 1, 6 және Хлебодар, Новый орта мектептерінен барлығы  160-тан астам болашақ түлектері келіп, оқу ордамызда экскурсия жасады.

Университеттің бірінші проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шүңкеев «University Night» шарасын кіріспе сөзімен ашып, ол, мұндай шараның университетте алғаш рет өткізіліп отырғандығын айтып, мектеп бітіруші түлектерге   университеттің негізгі мүмкіндіктері туралы, қосымша академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелде білім алу мүмкіндіктерінің мол екендігін, қазіргі уақыттағы жаңашылдық, заманауи білім, жастарға жасалған жағдайлар туралы баяндады.

 

Содан соң университет түлегі,  облыстық ішкі істер басқармасының бас маманы Нұрсұлтан Елеуов Жұбанов университетінде оқығандығын мақтанышпен айтып, студенттік шағын еске алды.

 

Аталған шара барысында студенттік декандардың жетекшілігімен оқушылар экскурсиясы «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығынан басталды. Орталық мамандары оқушыларды жұмыстарымен таныстырып, студенттерге қандай қызметтер көрсетілетіндігі жайында айтып берді. Одан кейін оқушылар «Жұбановтану» мұражайын аралады.  Университеттің әр факультетінен құралған студенттік декандар  оқушыларды қызықтырған мамандықтары бойынша туындаған сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ, шара барысында олардың мамандықтармен танысып, қызығушылықтарын арттыру үшін университеттің белсенді студенттері 9 факультеттен «9 құпия кейіпкер» жасақтап, олармен ойын түрінде кәсіби бағдар бағытында әңгіме өткізді. Сонымен қатар мектеп бітіруші түлектер арасында «Fast Hot Dog», яғни хот-догтарды тез жеп тауысудан да жарыс ұйымдастырылды.

 

Шара барысында мектеп бітіруші түлектер университеттің қызықты жерлерінде суретке түсіп, фотосессия жасады. «University Night» шарасы кино кешімен жалғасты.