Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Тәуелсіздік дәуірі» — егемен елдің шежіресі

«Тәуелсіздік дәуірі» — егемен елдің шежіресі

С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын талқылауға арналған кездесу өтті.

Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиынға ақтөбелік зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, ардагерлер мен жастар, кітапхана оқырмандары және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова ашты.

Белгілі ақын, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы өз сөзінде «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының ұғынықты да құнарлы тілмен, тартымды жазылған туынды екенін айта келіп:

— Кезінде Уинстон Черчилл: «Англияның досы да, жауы да жоқ, тек мәңгілік мүдделері ғана бар», — деген екен. Қазақтың да Жер бетінде досы жоқ. Біз — саны жағынан аз халықпыз. Күштілер арасында ел болып сақталу үшін аз халықтарға, ең алдымен, бірлік пен ынтымақ керек. Ұлтты әрдайым ынтымақ-бірлікке бастап келе жатқан Елбасының бұл еңбегі — келешек ұрпақ үшін де құнды еңбек. Оның биік шыңға Қазақстан туын тіккен сәттегі толқынысы, Мекке сапарындағы нөсер жаңбырға қатысты жылы пікірлерді елінің жарқын болашағымен байланыстыруы — кітаптың ерекше есте қалатын тұстары. Кітап оқырманды шынайылығымен баурайды, — деді.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Сергей Вишняк:

— Бұл кітап — мыңдаған адамдардың тағдырына, келешегіне перзентіне алаңдаған Әке сынды алаңдаумен, қамқор болумен келе жатқан Ғұмырдың шежіресі. Оның үлкенге де, кішіге де, яғни әрқайсысымызға өнеге боларлық тұстары мол, — деп атап өтті.

Жоғары оқу орындарының оқытушылары тарихты тануда бұл кітаптың жастарға берері көп екенін айтты.

Жиында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев, аталған оқу орнының аға оқытушысы Айшуақ Бақыт, облыстық ардагер әкімдер алқасының мүшесі Қанатбай Елеусізов, т.б. сөз сөйледі. Талқылау барысында зиялы қауым өкілдері оқырмандар сауалдарына да жауап берді.

Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегі білім, мәдениет саласы қызметкерлері арасында, көптеген ұжымдарда талқыланып жатыр.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

источник