Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Бүгінгі жиында дін – тәрбиенің рухани тірегі екендігі түсіндірілді

Бүгінгі жиында дін – тәрбиенің рухани тірегі екендігі түсіндірілді

Бүгін Жұбанов университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен «Дін – тәрбиенің рухани тірегі» тақырыбында Ақтөбе облысының дін істері басқармасы мемлекеттік мекемесінің «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының басшысы Жандәулет Сүлейменовпен кездесу өтті. Рухани тәрбие беретін кездесуге университеттің ғылыми инновациялық жұмыстар жөніндегі проректоры Рахым Ағыбайұлы, университеттің профессор-оқытушылары мен студенттері  қатысты.

Шараның мақсаты – діннің шығу тарихымен жастарды таныстырып, мәнін және оның қоғамда алатын орнын ұғындыру, діни экстремизмнің алдын алу бойынша жастардың діни сауаттылықтарын ашу, рухани-адамгершілік тәрбие беру.

Кездесу басында жиналғандар назарына дінге орай түсірілген бейнеролик көрсетілді. Онда жастардан «Дінге көзқарасың қандай?» деген сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде жастардың көбісі дінге үреймен қарайтындықтары байқалды. Кездесу қонағы Жандәулет Отарбайұлы осы сауалды жиналған жастарға да жолдап, пікірлерін білді. «Қазақ  ислам дінін берік ұстанып, дінмен біте қайнасқан халық. Қазіргі қоғамда оғаш болып көрініп жүрген діни ұстанымдағы ерекшеліктер бұрынғы ата-бабаларымыз ұстанған дінмен сәйкес келмей жататындығы рас. Бірақ бұрынғы ата-бабаларымыздың діни бағытымен қазіргі қоғам қабылдаған, қалыптасқан діни бағыттың ешқандай айырмашылығы жоқ. Тек қазіргі қоғамда бұрын болмаған діннің атын жамылған теріс ағымдар бар. Міне, біз осылардан қорқамыз. Әйтпесе бұрынғы Құран кітаппен қазіргі Құран кітапты салыстырыңыз, аятында да, сөзінде де ешқандай айырмашылығы жоқ», –деді Жандәулет Сүлейменов.

Сондай-ақ, ол: «Діни сауаты аз адамдар осындай теріс ағымдардың соңынан ілесіп кетуі мүмкін. Әсіресе, жастар. Осы мәселелерді зерттегенде, діни сауатсыздық ең басты себеп екендігін анықтадық. Елбасымыз Жолдауында: «Қазақстандықтар бойында діни радикализмге қарсы иммунитет қалыптастыру керек. Және ішкі сүзгі деген дүниені қалыптастыруымыз қажет» деген болатын. Бұл дегеніміз санамызға тек қажетті ақпаратты ғана қабылдап, керек емесін қабылдамау. Теріс ағымдар психологиялық тұрғыда алдау-арбау арқылы дегендеріне жетеді. «Тоғыз жолдың» бірі дұрыс емес болып қалуы мүмкін. Сондықтан абайлап жүру қажет», — деді.

Кездесу барысында сонымен қатар Ислам дінінің шығу тарихы мен жетістіктері және қазақ елінің мәдениеті жайлы уағыз-насихат жүргізілді. Дәстүрлі дін құндылықтары бойынша тәлімді мағлұмат берілді. Жалпы бүгінгі әлемде, қоғамда болып жатқан террорлық әрекеттер мен дінаралық қақтығыстар туралы, сондай-ақ, қазіргі уақыттағы дәстүрлі емес діни ағымдардан қалай сақтану, олардың қоғамға келтірер зияны туралы  мәселелер қозғалды.

Бүгінгі жиын студент-жастардың дінге деген сенімін арттыруға және теріс ағымдардан сақтану жолдарын біліп жүруге, азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

 

Жадыра АРЕН,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің

Баспасөз қызметі бөлімінің маманы

источник