Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Шетел тілдері факультетіне жаңа декан сайланды

Шетел тілдері факультетіне жаңа декан сайланды

Үстіміздегі жылдың маусым айында  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Шетел тілдері факультетінің деканының бос орынына жарияланған конкурстың қорытынды нәтижесі шығарылды. Байқауға 2 адам өз кандидатураларын ұсынған болатын.

Университет ректорының бұйрығымен құрылған конкурстық комиссия декан лауазымына үміткер бағдарламасын сараптай келе,  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Шетел тілдері факультетінің деканы лауазымына педагогика ғылымдарының кандидаты Досым Хасенұлы Байдрахманов тағайындалды.

Университет ректораты мен университет ұжымы атынан Досым Хасенұлын құттықтай отырып, жаңа қызметіңізге сәттілік тілейміз! Университеттің білім беру жүйесін қалыптастыруға салмақты үлес қосады деген сенім білдіреміз!

Байдрахманов Досым Хасенұлы

Байдрахманов Досым Хасенұлы — Қостанай облысы Жанкельдин ауданы Ш.Жәнібек ауылында дүниеге келген. 1997 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ағылшын-қазақ тілдері мамандығын үздік бітірді. Институтты үздік аяқтаған соң, аталмыш жоғары оқу орнында ағылшын тілі пәнінің оқытушысы болып екі жыл қызмет атқарды. 1999 жылдың қыркүйек айынан бастап 2017 жылдың шілдесіне дейін Еуразия ұлттық университетінде  аға оқытушы болып қызмет етті. 2011 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың қаңтарына дейін филология факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2012 жылдың 2 шілдесінен бастап қазіргі кезге дейін шетел тілдерінің теориясы мен тәжірибесі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды.

Досым Хасенұлы 2010 жылдың 9 желтоқсанында Еуразия гуманитарлық институтының БД-14.50.09 біріккен диссертациялық кеңесінде педагогика ғылымдары бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. 2009 жылы Президенттік Болашақ бағдарламасымен Ұлыбританияда, Лондонның Университет Колледжінде академиялық оқуды тәмәмдады. 2009-2010 оқу жылында Ұлыбританияның Ноттингем университетінің магистратурасының «Білім беру саласындағы басқару» магистрі дәрежесін алды. Жас Ғалымдарға берілетін 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік Стипендияның иегері. 2006 жылы «Ағылшын тілі», ал 2007 жылы «We speak English» атты заң факультеті студенттеріне арналған оқу құралдары жарық көрді. «ЖОО-ның студенттеріне арналған «Ағылшын тілі»  мультимедиялық оқыту бағдарламасының» авторы.