Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы бекітілді

Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы бекітілді

ҚР Президенті   Н.Ә. Назарбаевтың  2018 жылғы 19  ақпандағы  № 637 Жарлығы бойынша  «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізілді.

Осыған байланысты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Теориялық және қолданбалы тіл білімі» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Садуақас өз пікірін былайша білдірді.

«Әліпбидің  бұл нұсқасында да  бұрынғысынша  32  әріп  алынған.  Оның ішінде қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі 28 фонема (9 дауысты, 19 дауыссыз)  және  кірме сөздердегі  6 фонема (и,  в, ф, һ, х, ч),  және бір әріппен екі дыбысты таңбалап тұрған екі әріп бар, олар  Hh-[х], [h] және  I-[и], [й], сонда барлығы  34 дыбыс таңбаланған.    Әліпбидегі  6 дыбыс апостроф  арқылы (ә, ө, ү, ғ, ң, у) және екі дыбыс қос әріппен  (диграф) таңбаланған (Ch- [Ч], Sh[ Ш]).  Бұл жолы алдыңғы бекітілген әліпбиден екі дыбыстың әріптері  өзгертіліп, диграфпен таңбаланған(Ch/ch- [Ч] және Sh/sh-[ Ш]).

Кезінде профессор Қ.Жұбанов өзі ұсынған әліпбиінде  «Ш» дыбысын таңбалау үшін латынның  «С» әрпін қолданған еді. Әліпбидің  бұрынғы  нұсқасында I i -[и], [й] апострофпен берілсе, енді бұл жолы   апострофсыз  таңбаланған екен. Сонда әліпбиде 10-11 қатарда тұрған «і» және  «и,й» әріптері ұқсас таңбаланған деуге болады. Бұл жағдай жазуда қиындық келтіруі мүмкін. Сондай-ақ,  ең алғашқы талқылауларда  сынға алынған диграф тағы да екі дыбысты таңбалау үшін қайта алынып тұр. Бұл жағдай жазуымызды қиындата түсетіні жасырын емес», — дей келе ол, әліпбидің жетілдіріле түскеніне оң ойын жеткізді.