Четверг, Март 28, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі тағайындалды

ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін, 19 ақпан күні Оксана Лоскутова ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі болып тағайындалды. Бұл ақпаратты «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне ведомствоның баспасөз қызметі растады.

Оксана Лоскутова 1980 жылы 5 желтоқсанда Ақтөбе облысында дүниеге келген. 2002 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша бітірді. Биыл «Тұран-Астана» Университетінде «Жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша магистратураны бітіреді. Еңбек жолын 1999 жылы «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында «Армысың, Ақтөбем!» бағдарламасының жүргізушісі, тілшісі қызметінен бастады. 2006 жылы Ақтөбеде «Рика-ТВ» телеарнасында жаңалықтар жүргізуші болып қызмет атқарды. 2006-2013 жылдар аралығында «Астана» телеарнасында жүргізуші, жаңалықтардың жауапты шығарушысы, тілші болып жұмыс істеді.

2013 жылы «Назарбаев орталығы» ММ баспасөз хатшысы қызметін атқарды, ал 2014 жылы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы» ММ баспасөз хатшысы — жұртшылықпен байланыс қызметінің басшысы болып жұмыс істеді. 2016 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз хатшысы, «Қазақстан футбол федерациясы» ЗТБ баспасөз хатшысы қызметтерін атқарған. 2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген. Оксана Лоскутова қазіргі қызметіне дейін Орталық коммуникациялар қызметі директорының орынбасары — ресми өкілі болған.

источник