Бүгін университеттің бас ғимаратының ғылыми кітапханасында Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» жаңа кітабының таныстырылымы өтті. Аталмыш шараны университеттің ғылыми кітапханасы мен «Педагогика және психология» кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Жандарбек Иманчиев ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» жылдар жүгін арқалаған туындысымен жастарды кеңінен таныстыру.
Аталмыш шараға университет басшылары, профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер және «Жас Отан» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин қатысты.
Шараны ашып, жүргізген университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров Елбасының бұл еңбегі еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардағы қиыншылық пен бүгінгі гүлденген Қазақстанның жүріп өткен жолын көрсететін шежірелі кітап екенін айтып өтті. Сондай-ақ, Рахым Ағыбайұлы жаңа туындыда «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», «Әлем мойындаған көшбасшылық», «Жаңа экономикаға батыл ұмтылыс», «Адам капиталының жаңа сапасы», «Қазақстанның айқын және мызғымас басымдықтары» атты бірқатар тартымды бөлімдер бар екендігіне тоқталып, оның маңызы төңірегіндегі ойларын ортаға салды.
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Самат Есқалиев Елбасы кітабына арқау болған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ел өмірінің қоғамдық-саяси ахуалы, ондағы құқықтық қатынастарды реттеудің жай-жапсарын әңгімеледі. Ол: «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аталмыш кітабы – тарихи публицистика үлгісінде жазылған іргелі еңбек. Ол түсінуге жеңіл тілде жас, егемен мемлекеттің 26 жыл ішінде бастан кешірген құрылу кезеңдерін сипаттап, күрделі сын сәттерін баяндайды. Тәуелсіздік тарихын түсіндіре отырып, Елбасы мемлекет пен қоғамға нақты талдау жасайды. Беттерді кезек-кезегімен мұқият оқыған адам елімізде қысқа уақыт ішінде жүз жылға татитын өзгерістер мен реформалардың орындалғанын түсінеді. Бұл жетістіктер Президентіміз бастаған қазақстандықтардың үлкен жеңісі». — деді.
Одан кейін «Педагогика және психология» кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Жандарбек Ермекұлы «Тәуелсіздік дәуірі» — жылдар жүгін арқалаған туынды» тақырыбында баяндама жасап, Елбасының бұл еңбегінде еліміз тәуелсіздік алғалы бері мемлекетіміздің қол жеткізген табыстары жан-жақта сараланғандығын тілге тиек етті.
«Жас Отан» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Жаналыұлы кездесу барысында жаңа туынды туралы ойымен бөлісті, ол: «Кітапта тәуелсіз Қазақстанның негізі қаланған күннен бастап қазіргі кездегі жетістіктері кезең-кезеңімен баяндалған. Тұтастай елдің тарихын қамтитын бұл кезеңдерді жастардың бәрі бірдей көрген жоқ. Сондықтан, Қазақстанның қалай құрылғаны сіздерді қызықтырады деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабы мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің өзі бірнеше бөліктерге бөлінген. Олардың атауларына да зор мән берілген. Әсіресе, жас ұрпақ үшін кітаптың құндылығы жоғары. «Елбасы өзінің еңбек жолын көпұлтты жұмысшы ұжымынан бастап, сол ортада пісіп жетілгенін жазады. Жеңіске жетер жол бірлікте екенін жастайынан бойына сіңіріп өсті. Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі жетістігінің бірегей моделі де – бірлік. Ендеше, біздер, кейінгі жастар ел бірлігінің ұлы күш екенін естен шығармауымыз керек», — деді, ол.
Сонымен қатар Ақерке Мырзақабылова «Жақсы кітап-ақылды адамның әңгімесімен бірдей» тақырыбында баяндама жасаса, магистрант Камшат Бурамбаева жаңа мыңжылдықтар тоғысында егемендікке қол жеткізген Қазақ елі жаңа ғасыр табалдырығын табысты аттағанына тарих куә екендігін айтып өтті. Сондай-ақ «Әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану» мамандығының 1-курс студенті Инна Головнева «Елбасы — тарих толқынында» тақырыбында жасаған баяндамасында кітапта Қазақстанның тарихи оқиғалар алаңына айналып, халықаралық саясатта беделінің арта түскендігін тілге тиек етті.
Шара соңында университеттің профессор-оқытушылар құрамы да кітап туралы өз ойларын ортаға салды, ұсыныстарын айтты.