Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әдістемелік семинар тілдік тұлғаны қалыптастыру мәселелеріне арналды

Әдістемелік семинар тілдік тұлғаны қалыптастыру мәселелеріне арналды

Семинарды филология фаультетінің оқытушылары ұйымдастырды.  «Тілдік тұлға: қазіргі заманғы көпмәдениетті әлемдегі тиімді қарым-қатынас» тақырыбындағы әдістемелік семинар мақсаты – көпмәдениетті әлемде тілдік тұлғаның қалыптасу мәселелерін талқылау. Көпмәдениетті әлемде тұлға өзге халықтардың дінін, құндылықтарын, дүниетанымын, материалдық және рухани мәдениетін білуі арқылы мәдениретаралық коммуникацияны жүзеге асыра алады.

Семинарға ғылым және инновациялар жөніндегі проректор, университеттің «Тарих және аймақтану» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров, университет факультеттерінің декандары мен әдістемелік комиссия  төрағалары, оқытушылар қатысты.

Семинар барысында «Білім» баспасынан шыққан орыс тілінде оқытпайтын мектептердің жаңартылған білім мазмұны бойынша білім алатын 6 класқа арналған «Орыс тілі мен әдебиеті» атты оқу-әдістемелік кешенінің таныстырылымы болды. Таныстырылымды «Орыс филологиясы және мәдениетаралық коммуникация» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Э.Т.Идрисова  өткізді.  «Орыс филологиясы және мәдениетаралық коммуникация» кафедрасының оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі С.Х.Әбдіғази болашақ мамандардың көптілді кәсіби құзіреттілігін қалыптастыру тәжірибесімен бөлісті. «Еуропалық білім беруде CDIO концепциясы» тақырыбында «Орыс филологиясы және мәдениетаралық коммуникация» кафедрасының оқытушысы А.С.Шакеева баяндама жасап, Партугалия еліне іссапарының нәтижелеріне тоқталды.

«Қазақ әдебиеті» кафедрасының оқытушысы Г.К.Тәңірбергенова әдебиет пәнін оқытудағы инновациялық әдістерді  қызықты және интерактивті формада түсіндірді.  «Орыс филологиясы және мәдениетаралық коммуникация» кафедрасының оқытушысы С.В.Нягу шет тілін үйренудегі өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру мәселелерін сөз етті.

Семинар аяқталған соң филология факультетінің жаңа «Көптілділік», «Тіл білімі» «Мәдениетаралық коммуникация» кабинеттерінің таныстырылымы өткізілді.