Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұстаздықтың ұлы жолына арналған әдемі өмір

Ұстаздықтың ұлы жолына арналған әдемі өмір

Ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Күләш Оқасқызы жуырда 70-ке толды. Өзінің еңбек жолын шағын ауылда қарапайым мұғалім болып бастаған Күләш Өмірбаева бүгінде үздік оқытушы, университеттің құрметті профессоры, «Еңбек ардагері» медалінің, «Ы.Алтынсарин» белгісінің иегері. Ғалым-ұстаз бүгінде заман көшіне ілесе отырып, шәкірттеріне педагогиканың жаңа инновациялық жолдары мен әдіс-тәсілдеріне сай білім беруде.  Ұстаздықтың ұлы жолындағы еңбегіне жарты ғасырдан асып бара жатқан жанмен оның әдемі ғұмыры жайлы сырласқан едік. Сұқбаттасқан Жадыра АРЕН.

Уақыт көші зымырап, Сізді 70-тің белесіне де алып келіпті. Құтты болсын! Өмірлік белестеріңіздің бәрі дерлік ұрпақ тәрбиесіне қатысты ғой. Мерейтойындағы құрмет – сыйдың ең ыстығы да сізден тәрбие көргендердің тілек-құттықтаулары болған шығар…

– Менің бүкіл саналы өмірім оқыту мен тәрбие ісімен тығыз байланысты. 1948 жылы қаңтар айының 29 жұлдызында  Орал облысы Қаратөбе ауданында дүниеге келдім.

1968 жылы сексен жылдан астам тарихы бар, талай қазақ жастарын ғылым-білімге баулыған сол кездегі  А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық  институтында «Қазақ мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын игеріп, бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолымды Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Қаратал негізгі мектебінде оқу ісінің меңгерушілік қызметінен бастадым. Жалпы педагогикалық қызмет өтілім 50 жыл болса, оның ішінде ЖОО-да  18 жыл. 1994 жылдан Ақтөбе қалалық білім бөлімінде әдіскерлік қызмет атқардым. 1997 жылдан 2000 жылға дейін Ақтөбе облыстық кадрлар біліктілігін арттыру институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәндері дәрісханасының меңгерушісі болдым.

2001 жылы 27 ақпанда  «Орта мектептерінде қазақ тілін деңгейлік оқыту әдістемесі» тақырыбында Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтында кандидаттық диссертациямды қорғап шықтым. 2000 жылдан бастап Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында қызмет атқарамын. 2007 жылы Білім және Ғылым Министрлігінің білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің шешімімен  педагогика мамандығы бойынша доцент ғылыми атағын алдым.

2008 жылы 1 желтоқсанда Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты Ғылыми кеңесінің шешімімен профессор академиялық атағы берілді.

Қоғам игілігіне бағыттап, игілікті еңбек арқылы тәрбиелеген шәкірттерімнің арасынан парасатты, рухы биік маман иелері шықты. Осы жасымда Қазақстанның батыс өңіріндегі іргелі жоғары оқу орнында еңбек етіп жүргеніме өзімді бақытты санаймын. 70  жасқа толу мерейтойыма байланысты педагогика факультетінің Ғылыми Кеңесінің кеңейтілген  салтанатты мәжілісі өтті. Университеттің ғылыми инновациялар жөніндегі проректоры Рақым Бекназаров құттықтап, ректор Бауыржан Ердембековтің жылы лебізін жеткізді, университет атынан арнайы сыйлықпен марапаттады. Кәсіподақ ұйымы атынан шипажайға жолдама берілді. Университет басшыларына алғысым шексіз.

      «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚФ Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директоры Н.Абишева құттықтау сөзінде менің бар ғұмырым білім беру ісі  мен ғылым жолында өткендігін жеткізді.

Мені мерейтойыммен құттықтап келген «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының  4-курс студенттеріне және әріптестеріме, «Мектепке дейінгі және арнаулы білім», «Педагогика», «Психология» кафедраларының ұжымына үлкен  ризашылығымды білдіремін.

Қазақ тілін оқытудың әдістемесін терең меңгерген мамансыз. Осыған орай  200-ден аса әдістемелік оқулықтарыңыз, еңбектеріңіз жарық көрді. Нәтижесі қандай?       

– Бірнеше оқулықтар мен әдістемелік құралдарым «Практикалық  қазақ тілі», «Қазақ тілін көпдеңгейлік оқыту», «Деңгейлік оқытудың теориясы мен әдістемесі», «Оқыту процесіндегі инновациялық ізденістер»,«Деңгейлік тапсырмалар», «Диктанттар жинағы», «Қолданыстағы шетел сөздерінің қазақша сөздігі», «Мемлекеттік тілді деңгейлік оқытудың теориясы мен технологиясы» атты монографияларым т.б.  еңбектерім баспадан шықты.

2017 жылы ақпан айында «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау әдістемесі»,  «Қазақ халқының шешендік өнері» атты екі  оқу-әдістемелік құралдарым жарық көрді. Ғылыми еңбектерім облыстық, республикалық және шетел басылымдарында жарияланды.

Мемлекеттік тілді дамыту және қолданудағы сіңірген еңбегім үшін облыс әкімінің «Алғыс хатына» ие болдым.  Мемлекеттік тілді дамыту саласындағы еңбегім  үшін 2014 жылы тәуелсіздік мерекесінде облыс әкімі А.Мұхамбетов жеңіл машинаның кілтін сыйлады. 2016 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 50 жылдық мерекелік медалімен марапатталдым.

1995 жылы Алматыда өткен Қазақстан Республикасы іскер әйелдерінің ең алғашқы өткен бірінші ұлттық «Қанатты әйел» жәрмеңкесінің лауреаты болдым. Өздеріңізге белгілі доценттік және профессорлық лауазымға жеткенім де осы аты аталған еңбектерімнің арқасы еді. Неге десеңіз атақ, абыройға да тер төгіп еңбек етпей жете алмайсың. Оқулықтарымның нәтижесі сол, қазір сабақ беретін пәндерімді өткізуде оқулықтарымның жәрдемі өте зор.

 

Қазақ халқының салт- дәстүрін, рухани-адамгершілік қасиеттерін жастардың бойына сіңдіруде, әсіресе студент қыздардың бойына қазақы болмысты қалыптастыруда көп істер атқардыңыз. Арнайы  үйірме ашқаныңыз да есімізде.

– «Педагогика, психология және бастауыш оқыту» кафедрасында «Өмірге үйлесімділік» ғылыми үйірмесі жұмыс жасайды. «Ғылыми» деп аталатын себебі студенттер арнайы ғылыми жоба жазды. Ізденді. Курстық жұмыстар жазды. Биыл үйірме мүшесінің бірі дипломдық жұмысын қорғағалы жатыр.  Үйірме студенттердің болашақта жаңаша өмір сүруін, өмір сүруге бейімделуін қамтамасыз ету  мақсатында жүргізіледі. Студенттердің рухани және кәсіби білімі дамытылып,  қазіргі заманға үйлесімді  тәрбие  беріледі. Қоғамда өзін-өзі ұстауды үйренеді. Білім, ғылым, отбасы, махаббат, туыстық, достық, қыз балалар тәрбиесі т.б. тақырыптарда мәтіндерді талдап, өмірден өз орнын табуына жол ашады. Қазақ халқының тәлім-тәрбие беретін салт-дәстүрлері туралы үйірме отырыстары өтеді.

Адам тәрбиелеу, ұрпақ өсіру – ең жауапты мәселе. Педагог Аятжан Ахметжанның айтуынша қазақ халқы баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Біріншісі: жаман болады. Екінші: ұят болады. Үшіншісі: обал болады. Жаман болады дегені – жақсы сөз –жарым ырыс, жамандықтың бәрінен аулақ жүр дегені. Ұят болады дегені — өлімнен ұят күшті, ұят істі істеме дегені. Обал болады дегені — әр нәрсенің сұрауы бар, саған керек емес нәрсе, біреуге қымбат болуы мүмкін. Жаман боладыға жақындамай, ұят боладыға ұрынбай, обал боладыға ақылмен ойланып қарап, сөзге тоқтай біл, саналы бол – деп үйреткен.

Қазақ халқы итіне «кет» демеген, баласына «тек» демей, еркін өсірген, үлкендердің тәрбиелі сөзін естіп, сөз сырын түсінсін деген мақсатпен балаларын киіз үйде жиналып отырған ақсақалдардың, жыршы-жыраулардың қасына отырғызып қоятындығы да сондықтан. Сыйлаған кісісіне астындағы жалғыз атын мінгізіп жіберетін момын, жомарт халық.  Қазақ халқының ұрпаққа еншілеп кеткені — ұяңдық, момындық, сенгіштік, адалдық. Қазір заманда халық қамын ойлайтын, әке көріп, оқ жонатын, ана көріп тон пішетін  ұл – қыз тәрбиелеудің маңыздылығы өте зор.

Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс қиын да қадірлі. Сіз осы байланысты өзіңіз үшін қалай орнаттыңыз?

– Тұлғаның рухани-адамгершілігін қалыптастыру бүкіл адамзаттық құндылықтарға негізделген адамның рухани-адамгершілік дамуы мен жетілуінің айқын түзілген жүйесі. Руханилық негізінде жеке тұлғаның мінез-құлқы, ар-ұяты қалыптасады, өзін-өзі  адамгершілікке бағыттау, бақылау, бағалау арқылы жүзеге асады.

Халық даналығы: «Дүниенің ең тамаша туындысы – тамаша тәрбие алып шыққан адам болып табылады» деген. Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық және демократиялық өзгерістерге байланысты жеке тұлғаның  дербестік дамуы маңыздылық сипатқа ие болуда. Осы қағиданы ескере отырып, студенттермен әділ, ашық, шынайы қарым-қатынас орнатуға тырысамын. Оларға өмірдің күрес екендігін, өз бақыттарын өзі жасау керектігін түсіндіремін. Оларға поэзиялық шығармаларды жатқа оқимын. Қазіргі шынайы өмірден мысалдар келтіре отырып, қазіргі заманға үйлесімді өмір сүруге тәрбиелеймін. Түркі халықтарының данышпаны Рудаки: «Өмір – теңіз, еркін жүзем демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» десе, Қадыр Мырзалиев «Қайғы да, қуаныш та бір өзіңнен, өзің қандай болсаң, өмірің сондай» дейді.  Бұдан түсінетініміз әр адам өз өмірінің қожасы. Жақсы қарым-қатынас та осы қағидаға байланысты болады.

Даналық жасқа жетіп отырған сіздің әлі де ажарыңыздың әдемі сақталуында не сыр бар?

– Адамды қартайтпайтын екі нәрсе бар. Оның бірі – жылы сөз, екіншісі жақсы мінез. Қарапайымдылық пен төзімділік арқасында өмір бойы өзімді қоршаған ортадан, еңбек ұжымдарымнан тек жақсы лебіз есітіп келемін. Басқаны былай қойғанда мені ата-енем өте жақсы көретін еді.

Қазақ әйелі үшін шынайы бақыттың шыңы – оның отбасы. Жанұяңыз жайлы айтып өтсеңіз?

– Жұбайым – Өмірбаев Әділхан Күнбайұлы ҚР Журналистер Одағының мүшесі, педагог, танымал суретші, ақын. «Терісаққан толқыны», «Қос кемпірім» атты өлең жинақтары жарық көрді. Төрт бала, сегіз немере, үш шөбере сүйіп отырған ата-әжеміз. Жақында отасқанымызға 50 жыл толған алтын тойымыз атап өтілді. Жолдасымның руы –Адай. Қызу қанды, қолы шебер, өнерден құр алақан емес, соңғы шешімді  әрқашан өзі қабылдайды, қатты келуге болмайды, тек ақылға салып қана көндіре алатын адам. Алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын өжеттігі бар, отырыстарда адамдарды күлдіріп отыратыны тағы бар, ақкөңіл жан. Анасынан туғанда екі нағашы әжесінің балалары болмай бауырына салып, бағып өсірген екен. Сондықтан жазған өлең кітабын екі әжесіне арнап «Қос кемпірім» деп атаған. «Отбасында бақытты адам – ең бақытты адам»  деген халық даналығы дұрыс айтылған деп ойлаймын.

Тіл жанашыры ретінде күні кеше бекітілген жаңа әліпбиге көзқарасыңыз?

  – Дүниежүзінде латын әліпбиі ғылымның барлық саласында математика, физика, химия, ғылыми әдебиеттерде, медицина саласында дәрі-дәрмек атауларында қолданылады. Қазіргі жағдайда ғалымдар мен түркітанушылар, тарихшылар бұл процесс кезең-кезеңмен сатылап жүргізіліп, екі әліпби қатар жүргізіліп келіп, өскелең ұрпаққа еш қиындық туғызбай, қазақ тілінің төл дыбыстарының дыбысталуын сақтай отырып, тиімділігі сезілген жағдайға келгенде ғана латын графикасына өтіледі деп түсіндіріліп отыр. Бұл тарихи қажеттілік және әрқашан да дұрыс шешім жеңеді. Қиындықтан қашсақ, дамуымыз мүмкін емес.

Әлеуметтік желіде жастар қазірдің өзінде латынша әріптермен жазып жүр. Қазақ тілі кең құлаш жайып, дүниежүзілік сипат алып, әлемдік өркениетке жақындап,  тілдер арасында бәсекеге қабілетті болу дәрежесіне көтеріледі деген сеніммен дұрыс шешімге қолдау көрсету міндетіміз. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиінің қабылдануы — тың жаңалық, қазақ халқына жаңа серпіліс тудырып,  жаңа биіктерге бастайтыны сөзсіз. Халық қабылданған реформаның дұрыстығына көз жеткізеді деген сенімдемін.

— Әдемі әңгімеңізге үлкен рахмет! Жүз жасаңыз, Қадірлі ұстаз!