Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті өкілдері Түркия сапарында ҚР елшілігінде болды

Жұбанов университеті өкілдері Түркия сапарында ҚР елшілігінде болды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков бастаған делегация мүшелері Түркия Республикасы Анкара қаласындағы ресми іс-сапары аясында ҚР Түркия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы мырзаның қабылдауында болды.

Кездесуде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен елшілік арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Бауыржан Аманкелдіұлы елшіліктің қабылдауына алғыс білдіріп, Түркия еліне жасалып отырған ресми іс-сапардың мақсаты мен маңыздылығы жайында әңгімелеп берді.

Университетіміз Батыс Қазақстандағы жетекші университеттердің бірі болып табылады. Университет аймақтың ірі білім беру, ғылыми және мәдени орталығы ретінде ерекшелінеді. Бүгінде Түркия елінен басқа да алыс-жақын шет елдермен ынтымақтастық келісімдерін жасаған іргелі жоғарғы оқу орны. Біздің сапарымыздың мақсаты — дамыған Түркия елінің жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнату, ортақ жоба кұру, өзара студент алмасу, қос дипломды білім беру, ғалым– профессорларды шақырту  және басқада бағыттар бойынша бірлестікте жұмыстар жүргізу. Қазіргі таңда университетімізде заманауи талаптарға сай инновациялық — технологиялар паркі, ғылыми орталықтар мен ғылыми-зерттеу зертханалары ашылды. Сол зертханалардың бірі түркітектес мемлекеттердің мәдениетін, тілін, тарихын зерттеп, өзара ынтымақтастық пен ықпалдастықты бір арнаға тоғыстыру мақсатында ашылған Түркология зертханасы бар. Еліміздің латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Осы тұрғыда кирилл әліпбиін латын әліпбиіне тез арада аударылып жазу мақсатында көзделген жаңа жобалар бойынша Түркі елінің ғалым профессорларымен тығыз байланыс жасаудамыз,- деді ректор.

Абзал Сапарбекұлы бұл жасалып отырған ресми іс-сапардың оң нәтижелі болатынына сенімін білдірді. Ол: «Қазіргі уақытта екі ел арасындағы екіжақты қатынастар жемісті дамуда. Қазақстан мен Түркия арасындағы білім және ғылым бағытындағы өзара әріптестік қарқынды дамуда. Білім саласында өзара ықпалдасудың жарқын мысалы ретінде Түркия еліне келіп білім алып жатқан қазақ студенттер санының күннен күнге  артып келе жатқаны дәлел. Сіздердің бастап жатқан жаңа жобаларыңызды қолдаймыз, алдағы уақытта өзара біріге жұмыстар атқаратынымызға сенімдімін. Елшілік тарапынан қандай көмек қажет етсеңіздер, біз сіздерге әрқашан қолдау көрсететін боламыз»,- деді.

Алдағы уақытта Жұбанов университеті ҚР Түркия Республикасындағы елшілігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар кездесуде Түркия еліне оқуға жіберілетін Жұбанов университеті студенттеріне арнайы қауіпсіздік шаралары ретінде қолдау көрсетіп, елшілікке келіп тіркелу жұмыстарын жасайтынын мәлімдеді.